Қимас сезім

Қимас сезім
жеке
блог

«Бүгін оның туған күні. Иә, Иә менің бауырымның. Бірақ ол қасымызда жоқ. Тастап кеткен. Мәңгіге. Мына өмірде бізді жылатып тастап кеткен. Енді қайтіп келмейді. Иә, білемін... Бәріміз де білеміз. Бірақ әлі де «мама, әке, ата, апа, әпке» деген жалғыз сөзін әлі күнге дейін сағынып жүрміз. Қимаймыз. Сену қиын. Алайда тірі адам үшін үш жыл өтіпті. Сол күнді еске түсіру мен үшін қиынның қиыны» деді де, Дана көзіндегі жасын көрсетпестен ақырын ғана қолымен сүртіп өтті. Мен үнсіз қалдым. Бірден есіме сол күні жазып шыққан «Қимас сезім» атты әңгімем орала кетті...

         «...Жатақханаға, жалпы қалаға бойымды әне–міне деп үйреткенше, І курсты да артқа тастағам екен. Жаздың енді ғана басталған жайма шуақ айларының бірі болатын. Сессияның аяқталуына бір емтихан қалған еді. Дайындалып, сұрақтарды қайтара оқып жатқан кезім. Кенет телефон даусы естілді. Әкем қоңырау соғып тұр екен. Таңертен ғана телефон соққан еді, мұнысы несі деген таңмен тұтқаны көтердім. Ар жақтан әкемнің дауысы біртүрлі сезілді. Жүрегім жаншылып, шу ете түсті. Әкем жай ғана не істеп жатқанымды, ертеңгі емтиханды сұрап, жақсы тапсыруыма тілектестік білдірді. «Әке, не боп қалды?» деген сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін байқамай да қалыппын. «Қызым, көрші Ақжанды білесің ғой... Айырылып қалдық» деді. Сөйлеуге шамам келмей, «Қалайша? Неге?»  деумен өксіп жылай бердім. Бірге он төрт жыл тұрып, ойнап, бірге мектепке барған інішегім-ай! Жасы он төртте-ақ. Ақ пейілді, момын, ақ жүректі, пысық баланы ақ өлімге әлі күнге дейін қимай жүрмін. Мен үшін ол күні бүгінге дейін ауылда жүрген тәрізді. Алланың жазғаны болар, Ақжанымызды туған-туыс, жора-жолдас, көрші-қолаң жиналып, ақ арулап жөнелтті. Артында сенер сенбестей қалдық. Дәл осылай шулатып, тастап кетеді деген ойымызда да жоқ еді. Бәрінен де түн ұйқысын төрт бөлгізген, ақ сүтін беріп емізген ақ жаулықты анасына, «Ата, ата!» деп жанынан қалмай, болысып жүрген ақ сақалды атасына қиын-ау. Әлі күнге дейін мола жаққа қарап ақ жерден қара болған немересін, баласын сағынып, ақ дидарын көруге зарығып жүр. Топырағың торқа болғыр, інім-ай! Бір күні мектептен келе жатып, маған: «Мен 8-ші сыныптан кейін кадет корпусына түсемін. Бүгіннен бастап дайындалып жүрмін... Гитарадан сабақ алып жүрмін. Жақсы ойнайтын болсам, анам маған гитара алып беремін деген» деп ағынан жарылып мақсат-мұратын айтып берген еді. Мен оның жан-жақтылығына қызығушы едім. Ақжан сол кезде бесінші сыныптың оқушысы еді. Көлікті еркін жүргізіп, өскенде жүргізуші болуды армандайтын. Әттең, сұм тағдыр буыны қатпаған жас баланы қыршынынан қиып әкетті.

         Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі адам тірлігін жасайды. Алланың жазуы сол. Ажалдың айтып келмейтіні де белгілі. Өміріміз санаулы. Бір не екі, үш минуттың, секундтың ішінде не болары бір Аллаға аян. Осы бір оқиға өмірімді басқа арнаға бұрғандай болды. Енді өмірге басқа қырмен қарайтын болдым.

...Сол күні Ақжан көңілденіп, өмірге деген асқан мейірімділікпен оянды. Анасы алып берген судай жаңа киімдеріне көз салып, тағы бір киіп көргісі келді. Кимеді. Үйіндегі бар заттарға көз қырын салып, шолып өтті. Түскі ас кезінде  Ақжанның өзгергенін анасы да байқады: - Балам есің білген үлкен жігіт болып қалыпты, - деп Аллаға шүкіршілік етті де, маңдайынан сүйді. Қызық, анасының бұл қылығына жайшылықта ашуланатын бала бүгін олай еткен жоқ. Жүзінен күлкісі кетпей, көркі ерекше сұлуланып кеткен Ақжанның сыныптастары, достарымен бірге осы күні түскен фотолары мәңгілік ескерткіш болып қала берді. Кейде Ақжан қайтар күнін білген тәрізді деймін. Алланың пендесіне сездіретіні шыны болса керек.

***

         Жаздың күні. Азанда тұрып анама болысу әдетім еді. Сол әдетіммен анама болысып жүріп, сиырды айдап шығып келе жатып Жанғазы атаның мола жаққа қарап тұрғанын көзім шалды. Есіме Ақжанды түсіріп, көзіме жас үйірілді. Атасы да Ақжанды сағынған болу керек дедім. Міне, Ақжанның өлімі анасының да, атасының да, баршамыздың да қабырғамызды қатты қайыстырды. Сырт көзге көрінбесе де, анасы үйде жалғыз қалса, ұлын есіне алып ұзақ жылайтын болды.

         Қимас сезім... Жылан уындай келіп қарапайым ғана отбасының берекесін алғаны несі? Енді ғана есейіп келе жатқан жас талды сындырып кеткені несі? Әлі де сенбеймін. Қимаймын...

***

         Араға үш жылды артқа тастадық. Мен оқуымды аяқтап қолыма 4 жылғы еңбегімнің жемісі саналған дипломды алдым. Маман атандым десем де артық болмас. Ғылымды жаныма жақын ұстағаннан болар, магистратураға түстім. Өмір ағыны ағылып жатты. Бәрі ойдағыдай. Есіме 2-курста оқып жүрген кезімде жазған тұңғыш әңгімем түсті. Бірнеше мәрте оқыдым. Осы күнге дейін бұл әңгімені Ақжанның анасына оқытпағаныма өкіндім. Ол жүрегі нәзік жан ғой. Көңіліне ауыр алып қала ма деп қорыққанымнан болар...

         Бірде филологияда оқып жүрген досыма: - Менің алғаш жазған әңгімемді оқисын ба?,- деп сұрадым. - Әңгіме жазушы ма ең..., - деп досым таңғала жауап берді. «Махаббат жыры» конкурсында осы әңгімем орын иеленгенімен, газет бетіне беруге ынтам болмағанын айттым. - Әрине! Электронды поштама жібер, - деді досым.

Біраз үнсіздіктен соң, досым: - Ақжан өмірде болған ба?- деді.

–       Ия, болған, – деп жауап бердім.

–       Неден? Суицид пе?, - деді ол. Өз қателігімді осы сұрақтан-ақ байқадым. Әңгімеде Ақжанның қамшының сабындай-ақ қысқа ғұмырын жазғаныммен, оның неден ажал құшағына кеткенін тілге тиек етпеппін. 

–       Аңдаусызда суға кетті, - дедім мен. Ақжан есіме түсіп, көзіме еріксіз жас үйірілді.

–       Өкінішті-ақ... – деді филолог достым. Менің көңілімнің түскенін байқаған ол, сабырға шақырып:

–       Әңгімең жақсы, әсерлі екен. Ақжанға бір ескерткіш болатын болды. Талабың өсе берсін!, - деді.

Осыдан кейін Ақжанның анасына әңгімені табыстауға бекідім. Шынында да, бұл Ақжанға арналған ескерткіш қой! Ақжан әлі тірі... Оның біздің жүрегімізде әлдеқашан орын алып қойғанын анасы да білсін!».