Тағдыр сыйы

Күздің керемет кезі еді. Қыркүйектің аяғы. Жапырақтар сарғайып түсуде, мектеп оқушылары оқуға үйреніп, сіңісуде. Сол оқушылардың бірі Аян да сыныптастарымен мәз-мейрам. Аян кішкентайынан алғыр, зерек, тапқыр бала. Ата-анасының Аянға деген сүйіспеншілігіне, олардың қарым-қатынастарына қарап отырсаң, Аянды балалар үйінен асырап алған деуге тілің бармайды. Бірақ шындықтың аты шындық, өтіріктің арты бір-ақ тұтам демей ме?!

Енді бұл отбасы қалай отау көтергендеріне келер болсақ, ол былай басталды... Аянның өгей анасы – Майра және өгей әкесі – Қанат атастырылған болатын. Екеуі де ата-аналарын тыңдап, оң батасын алып, үйленген. Кейін екеуі бала таба алмай көп жүрді. Әйел жанын кез келген адам түсінуші ме еді?! Майраның қатты қиналғанын Қанат сезбеді де! Бәрі де уақытымен болады деген үмітпен жүре берді. Адамдардың жадында тілек жүреді демекші, Майраның арманы бір ұл табу еді.

Екі жас ата-аналарымен ақылдасып, бала асырап алуға бел буады. Бұл ақылды бала Аян еді. Аянды жас жұбайлар он айлық кезінде бауырларына басады. Басында Қанат қарсылық танытып, кейін ол да әкелік сезімге бөленіп кетеді. Майра Аянды өз құрсағынан шыққан баладай мәпелеп, әлпештеп бағады. Аян тәй-тәй басып жүре бастайды. Оның тәтті қылықтарына ата-анасы қатты сүйсініп, қуанады. Аян ешқандай қиындық көрмей өседі. Майра мен Қанат оны асырап алдық деген сөзді тіпті де айтпайтын, естеріне де түсірмейтін. Солай жүріп, Аянның мектеп табалдырығын аттайтын кезі де таяп қалады.  Осы кезде Майра баласын медициналық қараудан өткізеді, анализ нәтижелеріне қарап, дәрігер баланы рентген сәулесіне түсіруді сұрайды. Оның қорытындысы бойынша кішкентай Аянда туберкулез таяқшалары байқалады. Дәрігер оның емделіп кететіндігін, туберкулездің жабық түрі екендігін түсіндіреді. Жанын қоярға жер таппаған Майра бұлай болудың себебін сұрайды, дәрігер оған  аурудың ұрпақтан берілгендігін айтады. Үйіне қапаланып келген анасы әкесіне мән жайды айтқанда, Қанат ашуланып кетеді. Басында бала асырау шешіміне қарсы болғандығын Майраның есіне түсіріп, «бала асырамау керек еді» деп екеуі сөзге таласып жатқанда байғұс бала бәрін естіп қалады. Көздерінен еріксіз жас ағып, Аян үйден шығып кетеді. Қаншалықты кішкентай болса да, «асырау» деген сөзді түсініп тұр ғой періште бала-ай!

Далада бас ауған жаққа кете берген бала, қайда жүргенін білмесе де, ол оған қиналмай, әкесінің айтқаны есіне түсіп, жылай берді. Қараңғы көшеде жалғыз өзі, ешкімнің баладан шаруасы да жоқ, қандай қатыгез адамдар десеңші...

Қанат пен Майра Аянның кетіп қалғанын білгеннен кейін, екеуі кірерге жер таппай, әбден қиналды, анасы жылап, көз жасын тыя алмады. Ата-аналарына, полиция бөліміне хабарлады.  Екеуі кімді кінәларын білмеді. Кімді кіналасын, өздері кінәлі емес пе?!

Жас отбасы өздерінің қателерін түсінгендей болды. Оларды осы күнге дейін бақытты қылып, екеуінің маһаббатының беріктігін сақтап, жалғастырып келген Аян екендігіне көздері жетті. Енді сол жалғызын тапса, бұдан асқан бақыт жоқтай сезінді.

Ал Аянға келер болсақ, бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды екен. Бір апай Аянның жылап жүргенін көріп, одан не болғанын сұраса, тәтті даусынан үн шықпайды ғой баланың! Баланы ертіп, полиция бөліміне барады. Ондағы адамдар бұл баланы іздеп жүргендерін айтып, апайға алғыстарын білдіреді. Полиция қызметкерлері Аянды үйіне апарады.

Көше бойын іздеп, баласын таппай келген ата-ана бастарына келген неше түрлі ойдан шоши бастады. Аянды жоғалттық-ау, сондай боларымызды біліп, Құдай бізге бала бермеген-ау деп анасының жаны шықты.

Үйге Аян кірді. Анасымен қоса, әкесі де еңіреп жылап жіберді. Баласын құшақтап, кешірім сұрап, енді мұндайдың қайталанбасына ант берді. Аян да ата-анасының құшағына кіріп, қуанды. Қайтсін қуанбағанда, ес білгелі анам, әкем деп жүрген жандардан артық кімі бар еді баланың?!

Осы күннен кейін бұл отбасында мұндай жағдай болған жоқ. Аян да емделіп, тәуір болып кетті. Сөйтіп, қазір ол 2-сыныпқа да өтті. Жаңа оқу жылы басталды. Аян бұрынғы оқиғаны ұмытып та кетті. Бала қуанышына не жетсін! Қазір бұл жанұяны ең бақытты отбасылардың қатарында десек те артық болмас. Майра да көтеріп, бұған да бәрі қуанды. Бұл да күтпеген жағдай еді. Бұл Аянды аялап өсірген ата-анаға деген Алланың берген сыйы, тағдыр сыйы еді...

 

10.02.2011

Мараткызы А.



Бөлісу: