СЕН

СЕН
жеке
блог

Сен деп жарды кеудемдегі сезімімнің бүршігі,
Сен деп соқты кеудемдегі жүрегімнің дүрсілі.
Сен деп өтті өмірімнің таңы, кеші, күн, түні,
Сен деп қана мұң арқалап, ұмыттым мен күлкіні.

Сені ғана жырға қосып, шабытымды шыңдаппын,
Сені ғана сағынумен мұңға орандым, қымбаттым.
Сені ғана елестетіп қиялыммен тіл қаттым,
Сені ғана ойлауменен түнгі ұйқымды ұрлаттым.

Сенсіз жерде тыншымайтын теңіздегі толқынмын.
Сенсіз атса жарық таңым керегі не ол күннің?
Сенсіз қалсам сағыныштың өшіреді өртін кім?
Сенсіз қалсам жүрегімнің дауалайды дертін кім?

Сен бар жерде қанат бітіп, биіктерге самғаймын,
Сен бар жерде мұң шайылып, ұмытылар бар қайғым.
Сен бар жерде жаным жаз боп жадыраймын, жайнаймын,
Сен бар жерде бәрі жұмақ, қызығыңа қанбаймын.

Сен дегенім - нәп-нәзік жан, жүрегі де, жаны да,
Сен дегенім - туылған жан мына менің бағыма.
Сен дегенім - серік болған, көрік болған жаныма,
Сен дегенім... Ол сенсің ғой, қайталаймын тағы да!