«... өте алыстамын-ау»

«... өте алыстамын-ау»
жеке
блог

« АНАШЫМ! 

Мұнда келгеннен көз жасым бір құрғамаушы еді, Әпкенің «әлі-ақ үйренесің, әлі-ақ ұмытасың» дейтіні тек жұбату сөздері ғана секілді еді, сөйтсем, шындығы сол екен. Үйрене бастадым, ұмыта да бастадым. Есейіп келем, есімде кей сәттердің елесі ғана...
... Сен мені қалдырған «балабақшаның» қасында әппақ бір «үй» бар еді, әдемі «ән» айтылып жататын дала әлі қараңғы болса да. Сондай үй мұнда да бар екен. Бірақ, маған ол үйге кіріп көруге Әпке рұқсат етпеді. Ол мені «басқа үйге» апарды. Мені шоқындырды. Өйтпесем, жұмаққа кіре алмайды екенмін...

Әпке мені жаңа мектепке берді. Ондағы достарымның есімімді айтуға тілі келмейді екен, сондықтан, атымды өзгертті. Өз есімімді ұмытпау үшін алақаныма жазып қойдым...

Білесің бе, саябақта кептерлерге жем бердім бүгін. Олар сондай тәртіпті, адам сияқты, кезекте тұрғандай жейді жемді. Бірақ, жапа-тармағай, таласып-тармасып жататын өзіміздің кептерлерді сағындым.

... «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегіні жақсы көретін ем ғой. «Ұмытып қалдым» деп өтірік айтып, күнде қайта сұрайтынмын. Ал, қазір шынымен ұмыта бастадым. Есімде қалғаны сәбидің таза қанына қызыққан айдаһар ғана...

Бұл жақтың ертегілері тым басқа...

... Анашым, «балабақшаға» қалдырарда не деп едің? «Емделіп ал, ертең алып кетем» демеп пе ең? Тезірек ертең болса екен деп қаншама түн ұйықтай алмай шығатынмын. Ал, Әпке «Менімен барсаң - емделесің» деді. Тез емделсем тез келетін шығарсың деп ойладым. Мен саған хат жазып, жастығымның астына қойып кеттім. «Балабақшадағы» тәрбиешіге ескерттім, қайда екенімді сұрап алып, іздеп келші... Ал өзім қазір қайда екенімді білмеймін, бірақ, өте алыстамын-ау, өйткені терезеден Алатау көрінбейді...

Әпке: «Өскенде еліңе баруыңа рұқсат берем» деген, бірақ, мен өскенде бәрін ұмытып қалам ғой, тек жүрегім ғана бұлдырап бара жатқан бұл шақтардың қойнында қимайтын бір адамым қалып бара жатқанын сезеді. Жүрегімдесің.

Қош бол!»

P.S. «Әр Қазақ менiң ЖАЛҒЫЗЫМ» емес пе... Шет елдiктер асырап алып кеткен ЖАЛҒЫЗДАРЫМДЫ қимай жүрмiн...