Қазақтың Сауығы, менің "жекеменшік" апам

Мен үнемі асығыс, қарбалас жүрем ғой.  Сондай біртүрлімін енді))) Бүгін де газет шығып, қарбаласып жатқанда, осы блогты асығыс жаздым. Алдын ала айтып қояйыншы, қате болса үндемей-ақ қойыңыздарш, кейін өзім түзеп алам)))

Мен 4-курс оқып жүргенде яғни былтыр университетімізге Сауық Жақанова бір апта шеберлік сабақтарын жүргізді. Ол кісі таныстырып жатудың өзі артықтық шығар. Қазақ радиосының қорында алтын даусы сақталған аяулы апаны күллі қазақтың анасы деп білем өзім. Сол кісі келетін кезде қонақ үйге жалғыз жатудан жүрексінетінін айтып, мүмкіндік болса жатақханадан қыздармен бірге тұруға орын сұрапты. Университет басшылығы бірден ол кісіні менің бөлмеме жатуды лайық көрген екен. Бұл мен үшін бір мақтаныш болған еді. Содан Сауық апа екеуіміз бір апта бірге тұрдық, бірге тамақтандық, қаланы көрсеттім, Ясауи кесенесінің маңында серуендеген ол кісіге қатты ұнады. Университетке алып барып, алып келем. Қасында жүріп, кәдімгідей марқайып, ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Таныстығымыз содан басталды. Кейін Алматыға үйге келгенімде де ол кісімен хабарласып, үйіне барып жүрдім. Оқу бітіріп келген соң да ол кісі дипломыма құтты болсын айтып, көрімдігін беріп, қуанышыма ортақтасты. Осы өткен жазда бір күні үйіне шақырып алып, жеке кітапханасындағы 150 дана кітабын сыйға тартты.

–Қызым, мені қашанғы жүрер дейсің. Менің мына балаларым орысшалау, бәрібір пайдаланбайды. Оданда сенің игілігіңе жарасын. Көзімдей көріп, сақтарыңа күмәнім жоқ,–деді Сауық апа. Не қуанарымды, не айтарымды білмей абдырап ем сол кезде.

Бір апта бір бөлмеде тұрғанымыз, бірнеше рет бір-бірімізге қатынасқанымыз болмаса, осыдан бір жыл бұрын ол кісіні еш танымаған да едім. Ал сонша қысқа уақытта таныған жанына сонша сенім артқан апамды одан да қатты жақсы көріп кеттім.

Иәәәә, солай, мен өзіме «жекеменшік» апа таптым. Бүгін менің сол «жекеменшік» апамның, қазақтың Сауығының туылған күні екен.

Туылған күніңіз құтты болсын, апа! Сіз Қазақтай елдің бағына біткен дара жансыз! Ұзаааааааааааақ жасаңыз! Сізді ерекше жақсы көрем!



Бөлісу: