... ойлай алмайтын...

    Адам баласының өмірде «ең» дегенді білдіретін не сүйікті ісі не сүйкімсіз ісі, тіпті жақсы көретін кісісі не жақсы көрмейтін кісісі болады екен. Мұны айтып отырған себебім, әңгімем сүйікті жазушым жайында болғандықтан. Әрине ешкімді бөліп жарғым келмейтіні тағы бар. Бірақ сол ең деген дүние тағы бар. Сонымен менің ең жақсы көретін жазушым ол – Оралхан Бөкей. Бұл кісінің қай шығармасын оқысам да сөздің шыны керек, ерекше әсерге бөленемін. Ол туралы сөз айтып отырғаным артық болар, өйткені сіздер оны менен де жақсы білесіздер. Негізі менің жазайын дегенім оның «Кербұғы» жайындағы әңгімесі болатын. Ұнату, ұнатпау жайлы бұл жолы сөз қозғамаймын. Оның себебін ең дегеннен-ақ біліп отырсыздар ғой. Онан да қалыптасқан әдетіме көшейін.

*Көзден де, көңілден де бұлбұлдай ұша берген қапысыз қайран жастығы, тек ендігі сағыныштың сыңсып айтар жырына айналып, қос жанардан жас болып қана сорғалайтын.

*Кербұғы осы сұрапыл ерліктің үлгісі жекпе-жектен жаралғанын білетін. Бірақ мұндай теке-тірес сойқан тек бұғыларға ғана тән қасиет емес, аса ақылдымыз деп сезінетін адамдар арасында бағзыдан бақилыққа ұласар бітіспес тартыс барын түйсінген жоқ. Адамдар арасындағы жекпе-жек бұғылардан гөрі әлдеқайда қанқұйлы жексұрын тәртіппен өтерін, бұғыларша жылына жалқы рет сынасып, сонсоң сыйласып тату-тәтті ғұмыр кешпей, бір қадалса қан алып қана тынарын және де ойлай алмайтын.

*Уылжыған көкерімге ынтызар қызылшыл кәрі көңіл ақыр аяғы өзін мерт етерін білді ме, білсе, шамасына қарай шаппай несі бар еді; қайран қарттық-ай, жас иістің базары бір күндік, азары мың күндік екенін бағамдамайсыңдар-ау, Кербұғы тұралап ұзақ жатты.

*Өз мүйізі өзіне сор әкелген бұғы тауы шағылып, тас бауыр әлемнен ат құйрығын кесісе түңілуі де.

*Не нәрсе сұлу болса, отап тастауға, не нәрсе биік болса, құлатып тастауға, не нәрсе аппақ болса, қаралап тастауға, не нәрсе сау-саламат болса, жаралап тастауға әуес жұмыр басты пенденің өз оңбағандықтарынан: ақталар «ақиқаты» әрқашанда дайын: «Жақсылық туғызбайтын бірде-бір жамандық жоқ. Кездейсоқ оқиға болмайды: бұл дүниедегінің бәрі де – не сынап байқау, немесе жаза, немесе мақтау, күн бұрын болжау».



Бөлісу: