Ұшқым келеді

Қараңғы бөлменің бір бұрышында жалғыз-жарым екі бүктеліп, бүрісе отырып барлық жағымсыз оқиғаларды, қажет емес өшпенділікті, себепсіз кінәларды, өзексіз күмәндәрді, бар мұңымды, бар қайғымды, қарбалас дүниені, бітпес тіршілікті, ұрысты, керісті, кемсітушілікті, бар қызғанышымды ойыма алып, солардың жанымды жегідей жеген әсерлерінен денем дірілдеп, қара терге түсіп, тұншығып, ішіме сыймай жарылардай болып, шыңырау шегіне жеткенде екі қолымды кеңінен қанат етіп жайып жіберіп аппақ құсқа айнала терезеден ұшып шығып, аспанның шыңырау биігіне қарай ауаны тесіп өтіп кеткім келеді. Асқар армандаған биіктігіме жеткенде қауырсынымның әрбір талымен таза ауаны сипап өтіп, кең аспанның дархандылығын сезінгім келеді. Ақша бұлттарды жарып өтіп, оның пәктігін сезгім келеді. Күннің сәулесіне бөленіп, оның ыстық мейірімін денемнің әр нүктесімен сіңіргім келеді. Төмен қарамастан алдыдан соққан ауа ағынын бүкіл өкпемнен, бүкіл жүрегімнен өткізгім келеді. Ұшқым келеді. Құс болғым келеді...

 



Бөлісу: