Қарасаздық Қарлығашым

(Былтырғы көктемде аяқ астынан өмірімде бірінші рет жазба ақындар байқауына қатысқан едім. Сондағым байқауға бір апта ғана қалғанда жанталасып дайындалып, қатыстым. Талдықорған қаласында өткен байқауға 30 шақты жас ақындар қатысты. Олардың ішінде Дәурен Айманбетов, Мерген Тоқсанбай, Нұргүл Оқашева, Әділжан, Жұмагүл (фамилияларын ұмыттым) тағы басқа біршама танымал ақындар қатысты. Олар үшін ендігі санына саусақ жетпей қалған байқаулар болса керек. Тым еркін. Бірін-бірі танып тұр. Ал, мен өмірімде бірінші және соңғы рет қатысқан байқауым шығар. Ел көріп, жер көріп, жаңа адамдармен танысып, ынталандыру сыйлығымен ынталанып қайтқан сол бір байқаудан бір өлең қалыпты. "Онша емес" болса да, Ақиық Ақын - Мұқағали атаның құрметіне, туған күніне орай ұсынып отырмын. Тойды бастап кетейік күні бұрын, достар... (Сол байқаудан естелік. Мұқағали атаның ұлы - Жұлдыз әкемізбен де қолы алысып, сүгіретке түсу "бақыты" бұйырғанына шүкір. Ал, сүгіреттегі екінші қыз сол байқаудың бас жүлдегері - ақын Нұргүл  Оқашева.)

Ғажап неткен...

Аспантаудың етегін мекен еткен,

Қарасаз Хантәңірлі құтты мекен!

Бауырында өр Мұқаң туып-өсіп,

Қарлығаштай алысқа ұшып кеткен.

 

Бар ма амалы...

Талмай қанат аралап сай-саланы,

Жырымен сусындатты ен даланы.

Қайырды да құзғындар қауырсынын,

Қарлығаш жазылмастай жараланды.

 

Қауқарсыз жарыстың ба...

Сорыңа өлең бақ боп жабысты да,

Іштарлардың жақтары қарысты да.

Өлеңіңнің өзегін бітей алмай,

Сені өшірді, ақыры, алысты да!

 

Мың сүрінді...

Өлеңім деп ұмтылған жыр-күшіңді,

Сенің нәзік жаныңды кім түсінді?!

Барында бағаламас байлықтарын,

Бұл қазақ жоғалтқан соң кеш күрсінді.

 

Қанатың талды ма шын...

Қара өлеңнің қайыстырып қабырғасын,

Қайда кеттің, Қарасаздық қарлығашым?!

Дегеніне жетті де қас-достарың,

Ақыры қабіріңе салды ма шын?!

 

Сен қашпадың...

Көре алмаған өзен-көл, тау-тастарың,

Самғап ұшып жете алмаған көк аспаның,

Бәрін жиып аманат қып қалдырып,

Болашаққа жүк артып сен тастадың.

 

Өмірің мұңмен өтті...

Жете алмаған жеріңе жырың жетті,

Айтқың келген іштегі сырың жетті.

Өзіңді аңсап, көруге ынтық болған,

Қазақтың бар жеріне үнің жетті.

 

Қане, бар кім...

Келді, келер түрлі ақындар сүйер халқын,

Есте сақтап, ұрпақ жаттап алар атын...

Әйткенмен де, туылмайды қазақта енді,

Мұқаң сынды Мұзбалақ, Арда Ақын!!!

 

Сүгіреттер: гүгл сайтынан және жеке мұрағаттан.



Бөлісу: