Бір үзік сыр

Мен Тәуелсіздік құрдасымын. Еліміздің дербес мемлекет болып аяғына нық-нық тұра бастаған уақыты. Ақшаның құнсызданып, жұмыссыздықтың белең алған кезі. Әкем мен анам ғана емес, әрбір Қазақстандық осы қиындықты басынан өткерді. Әкемнің айтуынша, ауылда жұмыс жоқ болғаннан кейін, май сатып күн көрген. Үйде нан болмаған кездер де болған. Сондағы, қолда ақша бар, ұн тапшылығы екен. Бала кезімде ата-ана алып берген киімге мәз болып жүруші едік. Өзімізге таңдау қайда?! Қала түгіл, аудан орталығының қандай екенін білмейтінмін. Қызық, қазіргі балаларға қарап, олардың өмірлеріне қызығам. Баршылық, молшылық. Шүкір деймін.

Мен де балабақшада тәрбиелендім. Бірақ, барғым келмейтін. Үйіміз балабақшаға жақын болғаннан соң ба, үнемі қашып жүретінмін)). Мектепке де анамның ұрысымен бардым. Қазір есіме алсам, өз-өзіме күлкім келеді. Балалық қой, шіркін! Алайда, есейе келе мектептен шықпай жүрдім. Барлық сайыс, мерекелік кештерге ат салысып, мектептің қызығын өткердім-ау. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетін, тарих, георграфия, биология сабақтарын қызығып оқитынмын. Армандап, бірде мұғалім, бірде археолог, тіпті мал дәрігері де болғым келетін)). Мектепішілік олимпиадаларына 7-сыныптан бастап қатыстым. Біресе, жасын сай емес, не келесі жылы қатысасын деп аудандық олимпиадаға жолдама бермейтін мұғалімдеріме заланатынмын. Үйге келіп "Динаның қандай екенін көрсетем" деп айтатын едім. 10-сыныпқа келгенде ғана аудандық олимпиадаға қатыстым. Әрине, жүлделі орындарды еншіледім. Сол мектептегі ұстаздарыма ризамын. Олар болмаса, оқуға деген ынтам басылып қалар ма еді...

Мектепті бітірдік қой. Ең қызығы, студенттік өмір екен ғой. Бірақ, сол кезде мен үшін қызық емес. Жатақханада тұрдым. Ұнамайтын еді. Таңертен оқуға кеткеннен, кешке кітапханадан бір-ақ шығатынмын. Ауылды, ата-анамды сағынушы едім. Жоғары курс қыздары менің жуастығымды пайдаланып, жұмсай беретін. Біреуге сөз қайтара алмаймын, көнуге тура келді. Төзе алмай бір күні жыладым. Әкеме қоңырау соғып, оқудан шығамын дедім. Әкем "жарайды, ұнамаса оқудан шық, менің жанымда болысып малға қарап жүретін боласың" деді. Бұл сөз мені ойландырды. Өзіме-өзім "менің білім алуым керек, төзуім керек" дедім. Қалада туысым көп, алайда ешбірі маған "үйді сағынсаң бізге келіп отыр" демейтін. Міне, күні бойы институт пен кітапхананың арасында жүріп, 4 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамадым. Ғылыми мақалалар жазып, конференцияларға қатысып жүрдім. Оқуымның 4 жылында жетекшім мені шақырып алып, Алматыда өтетін ғылыми жобалар сайысына қатысасың дегенде, сол кафедрада жүрген магитрант маған "ол конкурсқа тек белгі үшін қатысасың, орын ала алмайсың, онда тек "көкелері" барлар ғана қатысады" деп айтты. Әрине, бұл сөз ойландырды. Сонда да, ғылыми жобамды жазып шығып тапсырдым. Ол сайыс туралы ұмытып та кетіппін. Маған Алматыдан хабарласып "сіздің ғылыми жобаңыздың электронды нұсқасы керек еді, біздің электронды поштамызға қазір жіберсеңіз" деп айтқанда ғана жүрегім қуанышты сезді. Келесі күні жетекшіме хабарласып, менің жобамның үздік танылғанын, марапат үшін Алматыға баруым керектігін айтыпты. Сол кезде жетекшімнің маған айтқан сөзі әлі күнге дейін есімде: "Дина, сенің өмірің әлі алда. Әлі талай әділетсіздікті көрерсің. Бірақ, мойыма. Еңбек әрдайым бағасыз қалмайды. Көрдің бе, сенің жұмысың ақталды. Көкең түгіл, Алматыда танысың да жоқ қой". Әлі күнге дейін жетекшіме қарыздармын. Осылайша, институтты да жемісті тәмамдадым.

Бұрын Алматыны көру түгіл, Алматыда оқу арманымда да болмаған. Шүкір, қазір білдей Университет магистрантымын. Мен өстім, Елім де өркендеді. Мені дүниеге әкеліп, бағып-қаққан, тәрбиелеген ата-анама алғысым шексіз. Университетте оқып жүрсем де, әлі де аяулы анашым мен ардақты әкемді сағынып отырмын((((



Бөлісу: