Шыбын да бекер ұшпас...

*** Бәрі жақсы болады! Өтірік! Қашан? Қалай? Ештеңе де жақсы болмайды! Сен жаман ойлап, өзіңе, ісіңе сенбей, еш әрекет қылмай, "алма піс, аузыма түс" деп немесе бір сынаққа бола бәріне қол сілтесең, басыңа бұйырған бақытты көре алмасаң, барды қадір тұтып, қанағат қылмасаң, жақсы ойлап, жақсылыққа ұмтылмасаң, жаңбырдан кейін кемпірқосақ шығатынын білмесең, жылда төрт мезгіл барын аңғармасаң, тырыспасаң, тыраштанбасаң, үнемі жыламсырап, күлкіні ұмытсаң... жалпы, әр күніңді бекер өткізсең.... онда ештеңе де жақсы болмайды! Жақсы болады деп те күтпе! Өзіңе өзің сенбесең, жақсылыққа сенбесең, басқа біреудің саған сенгенінен түк шықпайды... Бәрі өз қолыңда...

Н.ғ.: ...өзіме де осы керек сияқты...

****Кірпігімнен үзіліп түскен әрбір тамшы жас Сенің жүрегіңе қатпар болып жиналса, ендігі тас жүрек болар едің сен... Алайда, сенің санасыздығыңның, мейірімсіз де, қадірсіздігіңнің, ақымақтығыңның арқасында жасымды жел құрғатуда. Саған зәру емеспін.Зәру қылмасын Алла. Ал, сенің жүрегің бәрін түсініп, бірақ кеш болғанын сезген кезде жарылып кетер, сол кезде ғана мені ұғатын боларсың...

Н.ғ.: ал, әзірге бетпердеңші шешпегін...

*** Көзім біресе жұмылып, біресе ашылып әрең отыр, ұйқым қанбай қалғандай. Кірпіктеріме тіреніп, кезек-кезек ашылып... жұмылып...ұйқысы келіп... Жүрегім де мызғып алғысы келетіндей. Баяғы сорлы, қу үмітке тіреніп ол да әрең соғып тұрғандай. Соқсам ба, соқпасам ба дейді... Біресе ауа жібереді, біресе жібермейді... Мызғып алғым келіп жүргені несі екен... Санамды құшақтаған мұңдар шаттығым келген күні қашып кететініне де сенімдімін. Ал, оған дейін мызғып алайыншы...

Н.ғ.: ...тәулігіне 28 не одан көп сағат болса да мендей маубасқа жетпес...)

*** Мен өмірден не көрмедім! Менен асқан сорлы адам жоқ шығар!? Неге барлық сәтсіздік пен жамандық маған ғана төніп тұрады?! Неге жолым болмайды?! Неге ылғи осындай?! Неге? Неге??? Иә, көпшілігіміз егер басыма әлдебір іс түсіп, не ойлағанымыз іске аспай қалғанда дәл осылай ойлайтынымыз рас. Иә, рас! Біз сондаймыз! Күллі ғаламның сәтсіздігі жалғыз бізге төніп, жалғыз біз ғана қиналып жүргендейміз. Менде де осындай жағдай болып тұрады. Сол кезде бір апайымыздың сөзі түседі еске. "Кім жетісіп жүр дейсің". Иә! Иә, кім жетісіп жүр дейсің?! Әркімге өзіне лайықты, өзі көтере алатындай қиындық беріледі. Егер оған шамаң жетпесе, саған ол сынақ берілмес еді. Қиындық, сәтсіздік, жамандық бар ма? Демек, сен өмір сүріп жатырсың деген сөз! Олай болса, өмірдегі сынақтан сүрінбей өтіп, тиісінше ғұмыр кешуді нәсіп етсін!

Н.ғ.: ...әмин`.

*** Сенім жақсы нәрсе. Сенгің келеді. Әлдекімге. Әншейін дүниені. Алайда, болмайды. Сенімің ақталмағанда, саусақ тістеп қалмас үшін, одан да құпияңды, сырыңды іште сақтап қалуды артық көресің. Әлдекімге әлдебір нәрсені айтпас бұрын, сол адамға сенімсіздік танытып тұрасың, не сол сенімсіздікті сенбеу арқылы, күмән арқылы өзің болдырасың, меніңше. Білмеймін. Мен сенбеймін бе, әлде адамдардан соншалықты сенім кеткен бе... әлде мен өзім сенімсіз адаммын ба... ұға алмадым... әйтеуір бірдеңе жетіспейді...

Н.ғ.: айттым басында-ақ... бәрін...

*** Ойым-өткенім, арманым-өмірім, әкем-жүрегім, бауырларым-тірегім, жұмысым-қолғанатым, денсаулығым-аманатым, иманым-байлығым, білімім-досым, ауқатым-күшім, тұрағым-панам, достарым-қанаттарым, қиялым-болашағым... Менен асқан бақытты жан жоқ, сірә... Мың да бір шүкір...

Н.ғ.: ...шүкір. Рас.

*** Бақытты болудың мұнша қиын екенін ертерек білгенімде марсқа не айға ұшып кетер едім... жердегі адамдар бақытты болу үшін жердегі барлық бақытсыздық пен жамандықты өзіммен бірге алып...

Н.ғ.: .. кім менімен бірге(?)

*** Қартайған адамдардың барлығы да ақылды емес шығар, әлде тек ақылдылар ғана қартая ма? Қартайғандардың ішінде кезінде екі алған, талай адамды ренжіткен, талайдың көңілін қалдырып, талайды жылатқан, оқымаған, тоқымаған адамдар да бар емес пе? Барлық қартайғандар не өзіңнен үлкеннің барлығы алдыңғы партада отырғандардан емес қой...мысалға. Түсіне алмай барамын адамдарды... не мен топастанып барамын ба...

Н.ғ.: ...қоғамда бұл жайттың бар екенін тағы рас.

*** Жанарыңнан үзіліп түскен тамшылардан ендігі ағаш гүлдер еді, суғарылып. Бірақ олай болмады. Демек, бекер жас төкпеші, не болса соған, кім болса соған! Шындығында, барлық адамдарға бәрібір бәрі "бір"... (!) Кімде, қашан, неге олай болғаны... Жәй ғана солар сияқты өмір сүр де, өмір-ағашты басқа жолмен гүлдендіріп көр. Қаласаң, мен де көмектесемін, құрбыжан...

Н.ғ.: ...маған да көмектесші... жасымның таусылғанын қаламаймын, шындығында...

***Жүрегіңді ұсынғаныңмен, оны тиісті дәрежесінде аялай алмаспын... Айып етпеші? Көктемде жаңбырда, қыста қарда қалдырармын, жазда күннен қорғап, күзде суық желден тасалай алмаспын. Жәй ғана пана бола алмаймын.Қолымнан келмейді. Себебі, сенің жүрегіңді алып жүрерліктей мен оған лайықты емеспін. Жүрегіңнің өз иесі табыла жатар. Менің мұнша қатыгездігім мен сезіміңе сезіммен үн қатпағаным үшін де кінәламассың мені. Оған жәй ғана бір жауабым бар - ешкімді сүйе алмаймын енді қайтіп... Кешірші...

Н.ғ.: ...кешірші.. тас жүрек боп барамын, сірә.

*** Көз жастарымның бір тамшысына лайық болсаң, сол көздерді саған-ақ ойып берейін! Шындығында, сен мен үшін түкке тұрғысызсың! Мен сен үшін жыламаймын, мен өмірде сендей оңбағанның тағы қаншама қызды жылататыны үшін, қаншама сор маңдайды өкіндіретінің үшін, сендей ақымаққа сеніп қалатын қыздар үшін жылаймын! Біліп қой, әр тамшы көз жасына есеп бар... Ештеңе себепсіз болмас...

Н.ғ. ...шыбын да бекер ұшпас...



Бөлісу: