Әрқашан жымиып жүрейік

 Студент кезімде, осыдан 4-5 жыл бұрын теледидардан мені таң қалдырған бір жаңалықты көргенім есімде әлі. Әдеттегі жаңалықтар. Халықты хабардар ету мақсатында ақпарат ретінде әлдебір ағылшын тілі курсының жұмысы барысымен таныстыруда. Бір кезде ол жерде білім алып жатқандардан алған сұхбаттан үзінді көрсетті. Бір студент мені қатты таң қалдырды. Өзі бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан, көзі көрмейді. Бірақ жапон тілін меңгеріп, Жапонияға барып келген. Енді ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Өзінің әдеттегі студенттерден еш кем еместігін де айтты... Иә, ол ешкімнен кем емес... Мен өзімнің жалқаулығым, барымды бағаламайтындығым үшін қатты ұялдым. Рас... Сонымен, сол сәт сол күйде қалды. Бірақ маған қатты әсер етті.

Өткен сенбі күндердің бірінде жұмыстан кейін кешкі Медеуге аттандық, көптен көрмеген құрбыларыммен. Киім ауыстырып жатқанда өзіме таныс бейнені көрдім. Таңданып біраз тұрып қалдым. Себебі, ол әлгі көзі көрмейтін аға еді. Және ары кетсе 4-5 сыныпта оқитын қарындасы мен 6-7 жас шамалас інісін алып келіпті. Конькиге. Кешкісін. Өзі де коньки киіп, мұз айдынына шығып бара жатқанда, аузым ашылып тұрып қалдым. Сіздерді білмеймін, мен өзім ондайды көрмегенмін. Содан мұзда ол кісіні қалайда суретке түсіріп, біраз сөйлесуді ойладым. Бірақ адам көп болғандықтан, назарымнан жоғалтып алдым. Біраздан кейін тынығып отырсам, іні-қарындасын ертіп, ішке кіріп барады, кетуге. Жалма-жан мен де арттарынан кірдім. Түк көрмегендей меңірейіп жанында тұрмын. Ештеңе дей алмаймын. Ол мені көрмейді. Конькиін шешіп, мұқият бәрін реттеп, сөмкесіне салып, арасында кішкентайларға сөйлеп қояды, аяқ киімін киіп, інісінің лақтырып кеткен конькиін жинап, салуда. Ұқыпты. Тиянақты. Сөйлесейін, сұрайын десем, ұяламын. Сосын бар күшімді жинап, жанына отырып, әңгіме бастап кеттім. Өзін теледидардан көргенімді айтып, біраз сұрақтар сұрадым. Өзін танығаныма қуанғандай көрінді де, мен де қыза түстім. Сұрақтарды төпелеп жатырмын. Суретке түсірейін десем, фотоппарат, телефоным бәрі өшіп қалған. Құрбыларым сыртта. «Тау керемет қой! Ауасы тап-таза! Демалып қайтасың. Өзім төрт жылдан бері коньки тебемін. Тау, таза ауа деген бет терісіне жақсы ғой. Жасарасың. Тауға деген құрметім ретінде Медеуге жиі келіп тұрамын. Қарындасымның туған күніне уәде беріп едім, соларды ертіп келгенмін...». Иә, ол осылай деді. Шындығында, біздің күнделікті көріп, бірақ елемейтін осыншама әдемілікті, тазалықты, кереметті айтып тұрған адамның көзі көрмейді емес, соншама ғажапты байқамайтын мына менің көзім соқыр шығар дедім. Мүмкіндігінің шектеулі екендігіне қарамастан, әдеттегі он екі мүшесі сау адамнан да артық іс істеп жүрген бұл ағамыздың осы ерлігін жалғыз мен білмей сіздер де біле жүрсінші деп, арнайы блок арнауды жөн көрдім, Массагеттіктерім. Сіздер, бәлкім, талайын көрген шығарсыздар. Бірақ менің өмірімде екі рет және екеуінде де дәл сол ағамыз кездесті. Біраз әңгімелесіп, жеке поштама суреттерін салатын болып келісіп, олар қайтып кетті, мен қалдым.

Сол сәттің әсерінен келесі сенбі күні тағы да Медеуге аттанып кеттім. Ал, жексенбі күні ағамыз барыпты тағы да. Содан сугіреттерді екі апта күттім. Жібердім дейді, мен келмеді деймін, жібердім дейді, мен келмеді деймін. Сөйтсем, телефоннан інілері жібереді екен, барды деп шығады, бірақ келмейді екен поштаға. Қойшы, сөйтіп, үшінші аптаға жалғасқанда, түскі аста кездесетін болдық.

Кездестік. Досы Бағланмен келді. Досы аздап көреді, таяқсыз жүреді екен. Жақын маңдағы дәмханаға барып, түстеніп, сонша күткен сүгіреттерді алып, біраз әңгімелесіп, көңілім біршама тоқ күйде жұмысыма қайттым. Дәмханаға барар жол бойы интернеттегі мен әлі оқымаған жаңалықтарды айтқанда, таңдана түстім. Қарағандыда кітапхананың өртеніп, ешбір жазбаны алып қалу мүмкін болмағанын, орнын толтыра алмас архивтер үшін іштері ашитынын айтып, әңімелесіп келе жатқан екі досқа қарап, мен... Жә, иә, рас, пайдасыз дүниені көп оқитынымды, көп көретінімді тағы ұқтым...

Сонымен, таныс болыңыздар. Бәлкім, танитын да ышағрсыздар...

Көп балалы ана - Сейітжанов Қамаш. 20 баланың анасы. 4 ұл, 16 қыз. (қалғанын іздеп, тауып оқи жатарсыздар, оның өзі бір блок, сірә). Сол төрт ұлдың бірі - Кенжеғұл Сейітжан. Қостанай облысы, Амангелді ауданында 1982 жыл дүниеге келген. Ары қарай, өз сөзімен. «ҚазҰУ-нің тарих факультетін бакалавр дәрежесінде бітіріп, Медеу ауданы, Алатау кентіндегі Жетінші орта мектепте тарих пәнінен бес жыл сабақ бердім. Қазіргі таңда Алматы қаласы, Республикалық зағиптарға және нашар көретіндерге арналған кітапханада қоғамдық жұрыстар атқарамыз, Бағлан екеуміз. Алла бұйырса, Британия елінің бірнеше жоғарғы оқу орындарының «білім жүйесіндегі басқару» мамандығы бойынша магистратураға тапсырып жатырмын. Бір жыл оқып келемін. Зағиптарға және нашар көретіндерге арналған қоғамның «Армандастар» вокальды тобының мүшесімін, ән айтамын".

Шахмат ойнайтындарын, Кенжеғұлдың қазақ ақындарының өлеңдерін нақышына келтіріп, әдемілеп тұрып, көркем сөз ретінде жатқа оқитынын досы Бағлан айтып жатқанда, Кенжеқұл: «Әсіресе, Жұбан Молдағалиевтің «Мен-қазақпын» өлеңі қатты ұнайды» - деді.

- Интернеттен сіз туралы іздегенімде, бірнеше елдерді аралап қайтты деп жазылған еді...

- Иә, осыған дейін Жапония, Тайвань, Тайланд, Германия, Франция, Қырғызстан елдерін барып, «көрдім». Ол елдерге бару себебім - зағиптар мен нашар көретіндерге арналған бағдарламалар бойынша екі апта уақытқа барып, тәжірибе алмасып, саяхат жасап қайттым. Ниагара сарқырмасын да "көрдім".

- Бірнеше елдерге бардыңыз. Солармен салыстырғанда, меніңше, Алматыда зағиптар мен нашар көретіндерге жағдай соншалықты жақсы дәрежеде қарастырылмаған... - деген сөзіме, бірнеше мысал келтіріп те берді.

- Германияның астанасы - Берлинде зағиптарға арналған саябақ бар. Заттардың барлығы да ыңғайлы етіп жасалған. Мысалы, әлемге әйгілі мүсіндердің барлығы да қолға ұстай алатындай етіп, ыңғайластырылып, кішкентай түрінде жасалған. Тіпті рейхстагтағы туды да «көрдім». Ал, бізде ондай жоқ. Америкада ай сайын арнайы гид зағиптар мен нашар көретіндерді музейлерге апарып, аралатып тұрады...

- Армансыз адам болмайды. Арманыңыз көп шығар...

- «Арманым орындалады.» Қазіргі арманым - Мысыр еліне барып, пирамидаларды «көргім келеді». Соның ішінде, 146 метрлік, бұрын одан биік болған, бірақ шөгіп барады, Хеопс пирамидасын және Гиза алқабын, Қытайдағы Ұлы Қорғанды, Тунистегі карфагенді «көргім» келеді.

- Ал, Қазақстанның барлық жерін аралдыңыз ба сонда? - дегенімде...

- Қазақстанның көп жерлерінде болдым. Көкшеге ғашықпын. Бірақ Қазақстанның батысына бармаппын. Каспийді «көргім» келеді. Каспийде дәл қазір аққулар келіп жатқан уақыт. Соңғы 4-5 жылда көптеген аққулар келе бастады. Оған дейін аққулар келмейді екен. Яғни, олардың бұрын мекендейтін жерлерін адамдар игере бастағандықтан, олар адам көп жүрмейтін, жанға жайлы мекен іздеп, Каспийге келе бастапты. Қазақстанның батысы да - қазіргі армандарымның бірі десем де болады....

- Өмірлік ұстаным дейміз, бірі атақты біреудің өлеңін, қара сөзін өмірлік ұраны етіп айтып жүреді, мысалы. Ал, сіздің үнемі айтып жүретін сүйікті сөзіңіз бар ма?

- «Әрқашанда жымию»...

Иә, теледидардан да дәл сол жымиған кейпінде көрген ағамыз, өткенде де, дәл сол кездесуде де жымиып келіп, жымиып кетті. Суреттерін қарап отырсам, барлық жерде жымиып түседі екен. Бұл әдеттегі біздің істей алмайтынымыз. Шындық. Өмір-мектеп. Сол мектеп мені жақсылап тұрып үйретуде. Әр қадамым сайын, әр жаңа таныс сайын мен өсіп жатырмын... Жақсы жаққа. Шүкір.

Енді сүгіреттер сөйлесін...



 

Барға қанағат деп, барды бағалап, барды қадір тұтудың қажет екендігін таңы бір мәрте есіме салғаны үшін әуелі Аллахқа, сосын Кенжеғұл ағаға мың алғыс!

Достар, өз мүмкіндіктеріміз бен күшімізді біліп, барымызды бағалап, жақсы жандарды байқауымыз үшін, біз бейжай қарайтын өмірді анағұрлым жақсы сүруге тырысып, құлшына күресіп жүрген жандарды көру үшін айналамызға дұрыстап бір рет қарасақ та жеткілікті...

Бұл жан туралы әр сөзін, әр ойын, менің алған әрбір әсерімді тарқатып жаза берсем, бұл блок оқып тауыса алмастай болар... Әркім өзіне  титтей болса да керекті нәрсе алар деп ойлаймын бұдан...

Н.ғ.: «Әрқашан жымиып жүрейік»...



Бөлісу: