Асылым, ардақтым - әкетайым.

     Өмірдің қамшының қысқа сабындай екендігін санамызбен қабылдасақ та, жүрегімізбен, жанымызбен қабылдай бермейтініміз шындық. Біле тұра ұмытып, пенделікке салынып, дүниеге қызығушылығымыз артып кететін кездер де жоқшылық емес. Бес саусақ бірдей емес, әрине. Арамызда Алланың сынап берген жалған дүниесін имандылықпен, тура жолмен өткізіп, екі дүние бақытына қол жеткізуге талпынатындар қаншама...

     Өмірдің жалған екендігін, өмір мен өлімнің қатар жүретіндігін біле тұра, өз басымнан мұндай жағдай өтетіндігі туралы ойланып, бас қатырмаппын.        2013 жыл, қыркүйектін 8-ші жұлдызы. Жексенбі. Таңғы оннан асқанда әпкемнің ұялы телефоны шырылдады. «Әкем қоңырау шалып жатыр ғой» деп ойлаған әпкем ойында еш кірбіңсіз «Алло» деп ала бергені сол еді, ұялы телефон артынан бейтаныс әйелдің даусы естілді, көрші жеңгеміз екен. «Сәуле (әпкемнің есімі – Сәуле),  бекем бол! Әкеңнің жүрегі тоқтап қалды, Ұлжалғасқа түсіндіріп айт» деген ащы дауыстан әпкем не дерін білмей, маған қарап: «Ұлжалғас, Ұлжалғас, өзіңді ұста! Папам, папам қайтыс болыпты»,- деді. Бір сәтке тыныс алмай, бәлкім түсім болар деген үмітпен, Астанадағы үлкен әпкеме қоңырау шалдым. Үмітім сөнер емес. Телефонды алған үлкен әпкем айғайлап жылап жатыр, «Енді не істейміз, Ұлжалғас? Папам қайтыс болды ғой. Не істейміз енді?» - деген сөздерден артық ештеңе айтқан жоқ. Ашуға булығып, телефонды өшірдім де, әкемнің телефонына қайта қоңырау шалдым. Тағы да сол көрші жеңгемнің даусы...

    Сағат 11-ден асқанда әпкем екеуміз сөмкеге көзімізге не түссе соны салдық та, «Алтын Ордаға» қарай асықтық. Он шақты адамға арналған жеңіл машинаға (газель) билет алып, ауылға қарай жол жүрдік. Екеуміз де үнсізбіз. Жол бойы тек әкем жайлы естеліктерді есіме түсіріп, бір күліп, бір жылап келемін. Жүргізуші жолаушылар зерікпесін деген оймен ән қойды. Қайрат Нұртастың «Әке» туралы әні. Әр сөздерін құлақ түре тыңдадым, «Ей, адамдар, шүкіршілік етіңдер! Мына өмірде әкелерің барына! Тек әкелер, сендер ғана лайықсың, Хан сарайы, патша тағына!».

    Әдетте үйге бара жатқанда «жол қысқарып, уақыт тез өтсе екен, үйге тезірек жетсем екен» деген оймен асығып-аптығып баратынмын, бірақ бұл жолы бәрі керісінше болды. Ауылға қарай жақындаған сайын жүрегім қатты ұрып, «үйдегі жағдай қандай екен, шынымен әкемнен айрылғаным ба?» деген ойлар мазалап келді. Кеш қарауытып қалған түнгі он екі мен бірдің аралығында үйге де жеттік. Ыстық ұямыздың еңселі қоңыр дарбазасы бұл жолы айқара ашулы еді. Мұндай жағдайда не істеу керек, қандай шара қолдану керектігін білмегендіктен, екі әпкемнің ізінен ере бердім.

    Есік алдында тізіліп тұрған әкемнің аға-інілері мен нағашы ағамды  көріп, бір сәтке өмір тоқтап қалғандай, қайда қарай жүрерімді білмей ойланып қалдым. Екі әпкем үйдің ішіне қарай бет алды, мен соңдарынан ере бердім. Әкетайымның әр кірпішін өз қолымен қалаған, қара терін төгіп тұрғызған, балалығымыздың бал шақтары өткен алтын ұямызда бұл жолы адамдар өте көп еді. Тек әкем жоқ, әкетайым жоқ. Қолдарына орамал ұстап, жоқтау айтып жылап жатқан адамдардың арасынан анашымды іздей бастадым. Сүйеніші әрі тірегіне  айналған әкемнен айрылған анамның жанарындағы үміт оты сөнгендей, анашыма қарай бергенім сол еді «Ұлжалғас, папаң кетіп қалды ғой бізді тастап, папаңды алып қала алмадым» деген сөздерін қайталап жылай берді. Әкем кетіп үйімізден жылулық кеткендей, үйдің іші ерекше суық еді...

   «Осылайша әкем бізді тастап кете бере ме? Енді менің әкемнің жоқ болғаны ма?» деген сұрақтар жанымды мазалады. Қиын-қыстау күндерде демеу болып, қолдайтын, қателессем, ұрысып алып, тура жолға бағыттайтын, асқар тауым, тірегім болған әкемді қимай, іштей езіліп, көз ілмей таңды да атырдым. Ағарып таң атты. Жаңа күн басталды. Әдетте таңертең ұйқыдан оянғанда қорғанда әкемнің жайдары көңіл-күймен жүргенін көретінмін. Үстінде малға қарайтын кезінде киетін арнайы жұмыс киімі, қолында біресе күрек, біресе балға, әйтеуір үнемі  бірдеңемен айналысып жүретін. Бізді көрген бойда: «А, қызым, тұрдың ба? Қайырлы таң! Ұйқың қанды ма?» деп сұрақтарын қоятын да, бір күліп алатын. «Тұрғандарың дұрыс болыпты. Шайға әрекет жасаңдар» дейтін де, жұмысын ары қарай жалғастыратын. Таңғы асты біз ұйқыдан тұрғасын, бізбен бірге ішетін. Ауылдағы жаңа күн осылай басталатын. Бұл жолы атқан таң мүлде басқаша болды. Аспан сұрғылт, күн бұлтты. Алдымнан күліп қарсы алатын әкетайым жоқ. Жанарым мөлтілдеп, жан-жаққа қарап әкемді іздедім. Қорғанымыздың әр бұрышында әкемнің бейнесі елестеді. Құдды бір әкем мал қорадан, не сарайдан шығып қалатындай үмітпен күттім. Алайда, «Қызым, қайырлы таң! Ұйқың қанды ма?» деп ешкім сұраған жоқ.

   Қыркүйектің тоғызы. Әкемізді жерлейтін күн.  Анам бізді әкеммен қоштасуға алып кірді. Үлкен әпкем «Кірмеймін! Әкемнің ол бейнесін көргім келмейді! Жай ғана әкем тірі деп жүре берейін» деп басында біраз қарсылық көрсетті. Он үш жастағы сіңілімді анам «әлі кішкентай ғой, қорқып қалмасын» деген оймен қоштасу үшін әкем жатқан бөлмеге алып кірген жоқ. Бөлменің іші салқын еді. Әкем бейне бір ұйықтап жатқан секілді, жай ғана ұйықтап жатқандай, оятқым-ақ келді. Әкемнің сол бейнесі әлі есімнен кетпейді. Маңдайынан сүйдім, маңдайы мұп-мұздай, қап-қатты еді.

     Молда келіп, марқұм әкеме құран оқыды. Әкемді көз алдымызда алып кетті. Әкемді соңғы сапарына шығарып салып, артынан жылап қала бердік. Сол кездегі кішкентай сіңілімнің айтқан сөзі: «Қош бол, әке! Ұйқыңыз тыныш болсын!». Осылайша, елу жасында асқар таудай әкем мына жалған жарық дүниені тәрк етті. Ол күн менің жадымда қазалы да қайырсыз күн күйінде қалып қоя берді...

    Әкем миокард инфакртісінен қайтыс болды. Сергек жүретін, жүгіріп, жаттығулар жасайтын, емдік шөптерді қайнатып ішетін, өзін үнемі күтетін әкемді осылайша ерте көз жұмады деп мүлде ойламаппын. Бір күннің ішінде түс көргендей әкемнен айрылып абдырап қалдық.

     Әкем өзі тұйық мінезді, сабырлы кісі болатын. Іштей ауырып, қиналып тұрса да, бізге білдірмей жүре беретін. Бізге үнемі: «Сендер әлсізсіңдер. Тез ауыра бересіңдер. Адам мықты болуы керек. Спортпен шұғылдануы керек. Таңертең ерте тұрып, жаттығу жасаңдар!» деп айтатын. Кешкісін де тамақ ішіп болғасын, бірден ұйқыға жата салмайтын. Асқазаным ауырмасын деп, бір сағаттай таза ауада ары-бері жүріп, жаттығулар жасайтын. Демалыс сайын үйге барған кезімде: «Ұлжалғас, түрім қалай абыржып қалмағам ба? Қарайып кеткем бе? Әжімдерім қатты білініп тұр ма? Шашым ағарып кетіпті ме? деп сұрақтарын жаудыратын. «Жоқ, кішкене қарайғансыз, әжімдеріңіз қатты білінбейді» деп айтсаң, жадырап мәз боп қалатын. «Алла Тағалам қуат берсе, жүз жасаймын!» деуші еді марқұм әкем. Сол сөзін жиі айтатын болғандықтан ба, мен де солай боларына нық сенімде едім.

   Мектепте оқитын кезімде өлең шығарып, біраз жарыстарға қатысқан болатынмын. Әр жарыстан мақтау  қағазын алып келген сайын, әкем қуанып қалатын. Сол кезде әкем бір мекемеде күзетші болып жұмыс жасайтын. Әкемнің әр жұмыс ауысымына бір өлең дайындап қоятынмын. Әкем ерінбей «Сарыағаш», «Шапағат» сияқты газет редакцияларына барып өлеңдерімді өткізетін. Өлеңдерім газет бетіне шыққанда мен қатты қуанғам, әкемнің қуанышы тым ерекше еді. Маған үнемі «Ұлжалғас қызым, сен осымен тоқтап қалма! Ол – әркімнің қолынан келе бермейтін өнер» деп қолдау көрсететін. Азды-көпті қиыншылықтарды көрген, өмірден түйгені көп әкемнің сөздерін тыңдап отырып, іштей «осы менің әкемнің білмейтіні жоқ» деп қоятынмын. Иә, тек іштей ғана... Әкемді қатты жақсы көрсем де, «Әке, мен сізді қатты жақсы көрем. Сіз әлемдегі ең жақсы әкесіз» деп айтпаған екенмін. Неге сезімімді ашық білдірмедім? Неге студенттік кезімде әкем қоңырау шалғанда «Әке, мен сізді қатты сағындым» деп айтпадым екен? Неге??? Ал, міне, енді бармағымды тістеп, өкінудемін. Ұяң мінезімнің берген кері әсері болар, бәлкім. Әкемді құшақтап, «Әке, мен сізді қатты-қатты жақсы көремін! Сізді сағындым!» деп айтуға бір мүмкіндік берілсе ғой, шіркін! Әкемді түсімде жиі көремін. Жақында бір көрген түсімде әкем маған «Мені қатты жақсы көреді екенсің ғой, ә? Адамдар айтып жатыр» деді, мен қуанып кетіппін де «Иә, кім айтты?» деп сұрап жатыр екенмін. Оянып кеттім. Түсім екенін білгесін біраз қынжылып қалдым.

    «Адам дүниеге келеді, тәй-тәй басып алғашқы қадамын жасайды, есейеді, әке-ана болады, самайы ағарған ата-әже атанады – міне, осы – өмір заңы» деп ойлайтынмын. Жаңылысқан екенмін. Әркімнің өлшеулі ғұмыры бар, кімнің қашан, қайда мерт болатынын тек бір  Алла біледі екен. Менің қиялымда «әкем әлі ұзақ өмір сүреді, самайы ағарып немере-шөберелеріне өз ақылын айтады» деген ой қалыптасқан болатын. Алда әлі уақыт бар, әкеме жақсы көретінімді әлі көп айтатын боламын деп жүргенде, бір сағаттың ішінде әкесіз қалдым емес пе? Енді түсінген сияқтымын. Тыныс алып жатқан әрбір минутымыз бен секундымызды «өміріміздің соңғы минуты мен секунды болуы мүмкін» деген қағидамен өмір сүру керек екен. Артынан опық жеп өкініп қалмас үшін жақын адамдарымызға жақсы көретінімізді айтып, ешкімді ренжітпеуге, ренжіткен жағдайда кешірім сұрауға үлгеру керек. Бәлкім, бұл – ол адамның яки болмаса сіздің соңғы мүмкіндігіңіз. Оны тек көктегі Алла біледі...

 



Бөлісу: