Кешікпеуге кешігіп жүремін

Кешікпеуге кешігіп жүремін
жеке
блог

*** Айнаға он рет қарап шашыңды басқа бағытта тарасаң да, орайың керісінше айналып кетпейді. Ол бұрынғы бағытында "оралып" тұра береді. Айтпағым: бар дүниені бар күйінде қабылдау керек.

Н.ғ.: ...тегі бір мазамды алып жіберді ғой орынсыз сұрақтармен. Алайда мазамның алынғанын қалай білдім осы? Бәрі орнында сияқты))

*** "Жаным" деп жалпақтай бергенше, расында "жаның" екенімді дәлелдесең етті... Құры сөзбен ауыз толтырып, құлақ құрышын ғана қандыра аласың. Қазіргі заман "жаным" дегенге ере кететін заман емес, "жанымен жанымды" ертіп кете алу қолынан келгендердің заманы... Әйтпесе, екінің біріне "жаным" болып, екінің бірін "жаным" дей аламын, Жаным... әрине, тек менің ойым бұл.

Н.ғ. ...кезінде айтылмай қалған ғой. Қазір мәні жоқ сөйлемдер бұл.

*** Сен кірпігіңді қаққанша, келіп үлгеремін, "бағаласаң" мені.... немесе кетіп үлгеремін, " бағалай алмасаң"... Бәрі де біз ойлағаннан да анағұрлым тез...

Н.ғ.: ...уақыттың сынаптай екенін білсем де, қолымнан сусытып отыра беретін болыппын...

*** Енді мені ешкім де ренжіте алмайды!!! Ол үшін тым көп еңбектену қажет! Ал, ол еңбек үшін бүкіл ғұмыр кетуі мүмкін! Сондықтан, мені ешкім де ренжіме алмайды!

Н.ғ.: ...ал мен осы кімді ренжіттім екен? Мені кешірді ме екен?

*** Сіз, иә, Сіз, дәл қазір осыны оқып отырған жан, Сіз өте бақыттысыз, білесіз бе мұны?!!! Себебі, он екі мүшеңіз сау, ата-анаңыз, бауырларыңыз аман, былайынша бәрі де жақсы! Жақсы! Анағұрлым жақсы! Себебі, Сізден де нашар, бейшара күй кешіп, өмір сүретіндер жетерлік... Ал, Сіз бақыттысыз! Шүкір делік...

Н.ғ.: ...шүкір. Санам сау, ақыл түзу, денім аман, көз көреді, аяқ жүреді, ми орнында... 

*** Мен жерге сыймаймын ба, әлде жер мені сыйдырғысы келмей ме... Әйтеуір бір түсініксіз "келіспеушілік"... Орным қайда еді өзі? Маған тиесілісі? Маған лайықтысы? Мен сиятыны? Мен жайғаса алатыны? "Қайда барсаң, Қорқыттың көрі". Ол - рас. Күндердің күні жаныңыздан табылып жатсам, менің белгісіз жаным, демек, менің орнымның сол жер болғаны... Мен сол жерді тапқанша, босатып, тазалап, әрлеп қоярсыз, Асылы...

Н.ғ.: ...шүкір.

*** Түгесілмейтін ештеңе де жоқ. Бәрінің де шегі, шеті бар. Теңіз де су алады, тау да шөгеді, адам да кетеді... Дегенмен де, өмірде ештеңе де жайдан жай болмайды. Мысалы, Сәтті"век" немесе жай ғана есте қаларлық екі жарым күн... дегендей... Біреу он жыл өмір сүріп, есінде ештеңе сақтамауы мүмкін, сол уақыт аралығында ол үшін бәрі де бірқалыпты болуы мүмкін... Ал, біреу бес-ақ жыл өмір сүрсе де, есесіне есте сақтауы анағұрлым жақсы болуы мүмкін... Өміріңде біреудің пайда болып, жоғалуы, не еріксіз сызып тастауыңда да мән жатса керек... Кімнен, не күтсем екен... Кім менен не күтеді... Жәй ғана... өмірді бақытты сүруге тырысамын... болды.

Н.ғ. ...барлық адамға сол ғана керек екенін білсем де, өзім үшін қайталай беремін.

*** Үнемі кешігіп жүремін. Қашан, қайда болса да. Кешікпеуімнен кешігуім тым көп. Кештерге де, кездесулерге де, тіпті сабағыма да (кейде) кешігемін. Оны айтасыз, тіпті тамақты да кешігіп ішемін. Есіме түскенде, не қарным ашқанда, не біреу тамақтың, шәйдің уақыты келгенін айтқанда ғана ішемін. Барлығын кеш орындаймын. Кеш ұйықтаймын, кеш тұрғым келеді, бірақ... Білмеймін, мұның себебі, жалқаулығымда, не айналамдағыға, жалпы зулап бара жатқан өмірге аса мән беріп, тиісті құлық танытпағандығымнан шығар. Маған бәрібір сияқты кейде. Өзімнің бар екендігімді де ұмытып, өмір сүруге кешігіп қалмасам болғаны... Мен кешігіп жүремін бе, әлде барлығы маған кеш келе ме? Кешікпеуге кешігіп жүретінім үшін кейде өзіме жыным келеді...

Н.ғ.: ...бақытыма да кешігіп қалған жоқ па екенмін осы әлде мендей жалқауға ол да кеш келе ме екен?