Солай, Вольфганг достым!

Солай, Вольфганг достым!
жеке
блог

Қадірменді Моцарт аға, немесе  Вольфганг достым! (менен бір жас үлкенсің, мен бүгін отыз төрт жасқа толдым...)

Мен сенің әуеніңді алғаш рет 12 жасымда тыңдадым. Сол күні шалғай таудағы меңіреу қыстақтан Қашқардан келген ұйғыр саудагерлердің мал тиеген жүк көлігіне отырып, аудан орталығына бет алған едім. Басымда көнетоз сары кепка, үстімде шешем кішірейтіп тігіп берген алыста оқитын ағамның көнетоз спорт киімі. Қолымда қаладағы нағашы әжеме апара жатқан, шешемнің жіберген сәлемдемесі – бір дорба құрт пен талқан.

Ол шақта мен ұйғырларды тек қана өрік-мейіз, жаңғақ-шаптул сатып, Алтай тауын мекендейтін аңғал қазақтардың малын топтап арзан бағада алып, Үрімжіге таситын саудагер ұлт ретінде ғана танитынмын. (Ес білгеннен бірге досым, ұйғыр көршім Әбдікәрімнен үйренген бірнеше ауыз ұйғыршам да жоқ емес еді).

Вольфганг достым! Бір қызық жайды айта отырайын: қатерлі Уша асуын құлдилап келе жатқанымызда «Шығыс желі» маркалы жүк көлігінің үнтаспасын басып қалған месқарын дәу ұйғыр ағам маңдай терін жеңімен сүртіп, нығаздана маған қарап қойды. Үнтаспадан сол кезде маған белгісіз бір аспаптан ғажайып әуен сыңғырлап қоя берді. Сөйтсем ол аспап – Бетховен ағай екеуіңнің күллі Еуропаны тәнті еткен, батыстық ақсүйектердің айырылмас досы болған, салтанатты корол сарайларында құлдарын шалғыша жайпайтын долы ханымдардың ашуын басқан, сендердің өмірден ерте кетулеріңе һәм даңқтарыңның ғалам тағдырымен бірге байлануына себеп болған пинино аспабы екен ғой.

Аудан орталығына жеткенше екі сағат бойы ұйғыр ағайыма жалынып қойдырып, қайта-қайта тыңдаумен болдым сол ғажайып әуендерді. Ол азамат менің өмірімді бір сәтте биік белеске көтеріп кеткендей болды (содан бері мал тиеген жүк көліктерін көрсем аты белгісіз сол бір ұйғыр ағайыммен бірге Сен де кетіп бара жатқандай сезінетін әдет таптым, достым!).

Вольфганг достым! Сөзімді қысқарта баяндайыншы.

Сол күннен бастап менде осынау киелі пианиноға деген әуестік оянды. Алғашында бір күйсандыққа қол жеткізу үшін, соңынан сен сияқты ұлы музыкант болу үшін не көрмеді бұл пақыр інің?! Мектептегі класс жетекшімнің күнде ұрсатыны өз алдына, мамасынан қаншама шапалақ жеді май құйрықтан? Әсіресе, шілденің сол бір қапырық кешінде сабақтасым Фанигүлдің көзінше жеген таяғым есімнен әлі кетпейді...

Вольфганг достым! Алла тағалам бұйырып, міне мен де өмірімдегі отыз төртінші жылымды бастадым. Мен туылғанда сен сияқты шіркеуге шоқындыруға апармапты. Сағат тілі таңғы төрт жарымды соққанда анамның киелі құрсағынан «шыр» етіп, жарық дүниеге келіппін. Сендердегі сияқты шіркеу кітапшасына есімім ұзақ болып жазылмапты.

Біздің Алтайда, құзар шыңдардың басында ғана жүретін, таза дәрі шөптердің тамырымен ғана қорек айыратын, сыңары өлсе не қатты ашуланса өзін жартасқа барып ұрып, талқан болып өлетін, Ұлар дейтін текті құс болады (білмейтін де шығарсың, Алтайға келіп көрмедің ғой...). Әкем мені сол құс сияқты батыл, текті, әділ һәм арғы ата-бабалырым сияқты рыцарь ақсүйек болсын деп ырымдап атымды «Ұларбек» қойыпты.

Вольфганг достым! Оны да қойшы. Діни ұстанымымыз бөлек болғанымен мен сені туған ағамдай немесе жан досымдай көремін. Тірі болсаң сенімен сұхбаттасуға, Астананың мұнарлы кешін жамылып, қала сыртындағы оңаша орналасқан «Ақ қайың» демалыс орнына ертіп барып, бірер саптаяқ қоңыр сыра ішуге де қарсы болмас едім. Ол жерде қайдағы бір «Мәңгілік ел» туралы саяси әңгімелер айтқаннан гөрі өз қолыңмен тартқан ғажайып саздарыңды тыңдар едім. Дегенмен бұл менің пенделік арманым ғана ғой. Әйтпесе, әлдеқашан ажал құшқан сенің мүрдеңнен бір сүйем сүйек те қалмаған болар.

Вольфганг достым! Мұның бәрін әншейін бір қияли, арманшыл, ұлтшыл ақынның мені сағынған сәтінде айтып отырған сандырағы деп есептей сал. Сен өмірден кеткелі де екі жүз жиырма үш жыл аунап кетіпті. Одан бері де кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсің. Мен де сол әлгі ұйғыр ағайдың жүк көлігімен аудан орталығына келіп қайтқаннан кейінгі өткен асуларымды санамалай берсем тым ұзап кетер, әрі оның бәрі бір баланың дәм-татусыз өмірбаяны ғана. Музыкада ешқашан бағым жанбайтынын сезген мен байқұс ақыры 17 жасымда пинино тартқан нәзік саусақтарыма бокс қолғабын киіп тындым. Шойын жұдырықтардың арасында жаттығумен өткен үш жылым мені романтика мен эстетикадан айырып, түнгі сауық орындарының тынышын алатын көше бұзақысына айналдырып жіберді. 21 жасымда ол жолдан мені өлең құтқарып қалды...

Волфьганг достым! Сенің Зальцбург мекенінде өткен балалық шағың естен кетпейтін шығар. Мен үшін көктерек ауылы қандай қымбат болса, сен үшін Зальцбург сондай қастерлі мекен шығар. Лашықта өмір сүретін, күндіз киген киімін түнде сәбилеріне төсеніш ететін, өмірі тойып тамақ жеп көрмеген Зальцбургтың ғаріп, кедей тұрғындары сені ешқашан ұмытқан емес һәм олардың жүрегіне сен жағып кеткен үміттің миллиондаған шамдары әлі өшкен емес. Үміт шамы демекші, оның сәулесінің түсі қандай болатынын білмеймін. Сары, күлгін, бәлкім, ақ шығар. Не болса да олар сенің жүрегіңнен, саусақтарыңнан сорғалаған әуеннен қуат алды. Сол қуатпен әлі де өмір сүріп келеді.

Вольфганг достым! Әсіресе, сен әуелете күй тартқан сол бір тұманды ақшамда қақпаңа келіп, сүйеніп ұйықтап қалып, соңынан өзінің өлім туралы ойына жирене қараған әлгі бір борыштар кедей көршің сен өлген соң да бәлен жыл жасап, қартайып өлгені жайлы бір кітаптан оқыдым. Меніңше, рухани адасулардан, азғындаулардан, маскүнемдіктен сен құтқарып қалған жалғыз адам ол ғана емес екен. Екі ғасырды соңыңа тастап адамизатқа қайырыла күлімсірей көз салып тұрсаң да, Венадағы әулие Марк бейітіндегі құлпытасың ескіріп кетсе де, сенің сиқырлы саздарың арқылы ҰЛЫ ӨМІРГЕ өлердей ғашық сансыз қыз-жігіттер қабіріңді гүлге бөлеуден, есіміңді әспеттеуден жалыққан емес.

Өйткені, менің ҰЛЫ ҚОРҚЫТ АТАМ сияқты, сен де адамдардың жаралы, мұңды рухын емдеуші әулиелердің қатарындасың.

Жиырма бір жылдың алдында мені ауданға жеткізіп салған семіз ұйғыр ағай да қазір жер бетінде бар ма, жоқ па, ол жағы маған беймәлім. Өнерден сауданы, музыкадан малды артық көретін сол жазған саудагердің жүрегін өзіне бұрып, санасын жаулап алған сенің сиқырлы әуендеріңді менің ұлы Алтайым, ондағы орманды жартастар, мөлдір бұлақтар ешқашан жатсынған емес.

Тіпті, әділет үшін жазған қарсылық маршыңа бола сені улап өлтірген әлгі бір оңбаған қара ұйымның атамандары жалғыздықтан қажыған сәтінде пианино тілдерін түрте отырып, сені өкіне еске алатынына бәсім бар.

Менің шағын ғана құжырамда Бетховен ағай екеуіңнің әлемге таратып кеткен өміршең әуендерің арқылы өз үлесін алған қарапайым рухтың жүлгесі өмір сүруде. Балаларым тек қана Қазақ ұлтының асыл салтымен өмір сүреді. Исламдық қағиданы ұстанады. Шіркін-ай, екеуміз менің момын да мейірімді анамнан бірге туғанда ғой. Әрі мұсылман, әрі қазақ болып қатар өсер едік. Сосын мынау бейқам да самарқау далама біріміз әуенмен, біріміз жырмен сүрен салар едік. Ұйқыда жатқан, рухы қалғыған менің сүйікті ұлтымды бірге оятар едік (Бірақ, бұл орындалмас арманды да манағы айтқан ұлтшыл ақынның бір сөзі дей сал).

Өмір дегеннің өзі менің осынау шағын жазбам сияқты шоп-шолақ қой. Аллам несіп етсе келер жылы сенің жасыңа келемін. Уақытты ұстау қолымыздан келмесе де, өткенді оралту құдіреті қолымызда болмаса да, мені асықтыра көрме, достым! Мынау байтақ далаға,асыл текті ҚАЗАҚ жұртына айтарымды енді бастадым. Көп сөйлеп кеткен болармын.

 ...Дегенмен, солай, Волфьганг достым!

Сурет: muzikant.ucoz.ru