1004 (Періште)
блог
Қараңғы. Бəрі де қараңғы. Жан-жағым бұлдыр. Айналам көмескі. Түк көрінбейді. Көргім де келмейді. Мына тас қараңғы көшеде адасып, бір сәуленің жарқырауын күтіп жүргеніме қанша уақыт болды. Алдыма, артыма, қайда қарасам да көк тұман. Қара түнек басқан əлемде əбден адастым. Өзімнің кім екенімді, не істеп жүрген мақұлық екенімді де білмеймін. Білгім де келмейді. Ештеңе де білгім келмейді. Əйтеуір, дірілдеген қадамдармен осы қараңғы көшені кезіп келемін. Бұл сенімсіз қадамдарда түк мəн, мазмұн жоқ. Əр басқан қадамымның артынан тікенегі сояудай қап-қара раушан гүлдері шығады. Кей кездері қара тікенектердің ұшынан қою қызыл қан шықтай тамшылап тұрады.
Кейде қою бұлт сейіліп, бұлдыр тұман ашылғандай елестейді. Бірақ, бұл ұзаққа созылмайтын көзбояушылық болып шығады. Мен ондай кезде көшедегі ағаштан жасалған отырғышқа отырамын да, көзімді жұмамын. Сосын ойланамын, осы ақжүрек, мінсіз нəзік періштелер бар ма екен? Еш кемшілігі жоқ періштенің бар екенініне əрқашан күмəн келтіретінмін. Олар жоқ сияқты. Сияқты емес, олар жоқ.
Көзімді ашсам, қою тұман арасынан жақында тұрған бақтың сарғайған жапырақтары көрінеді. Олар өте тез жылдамдықпен бірінен соң-бірі үзіліп, қатты желмен ұшып жатыр. Олардың енді қайда барып қонарын кім білсін.
Ал кейде қатты жел аяқ астындағы раушан гүлдерін əрлі-берлі тербеп парша-паршасын шығарады. Тікенектері желмен жоғары көтеріліп, жүрегіме де қадалады. Бұл кезде мен əдетте ештеңе сезбеймін. Себебі, менің жүрегім бұл соқыр қараңғы көшенің салқынынан мұз болып қатып қалған. Мұз жүрекке қадалған тікендерді қолмен алып тастап, сенімсіз қадамдарды əрі қарай жалғастырамын.
Біраз уақыт бұрын мен оң жағымнан жалт еткен əлдеқандай жарықты байқадым. Содан бері оңға бағыт алып, əлі жүріп келемін. Тым аз уақытқа созылған бұл сағым не болды екен? Ненің əлде кімнің жарығы? Оның кейде қатарынан бірнеше рет жарқырағанын байқаймын. Мен бағытымды жоғалтып алмау үшін, ол əдейі жалтылдайтындай. Тек ол жарық көрінгенде, көзімнің тастай суық қараңғыға үйренгені соншалық, жарыққа тіке қарай да алмаймын.
Бүгін белгісіз жарық тағы да шуағын шашты. Бірақ ол бұл жолы өшпеді. Нұрын шашқан бұл сәуле содан бері əлі сөнбеді. Өте алыстан шашылып тұрған бұл керемет көздің жауын алады. Оған жақындаған сайын өзіме қарсы соғатын жылы нəзік лепті сеземін, тіпті мұз боп қатқан жүрегім еріп, бұрынғы раушан гүл тікендерінің салған тыртықтары қатты сезіле бастады. Алыстан əдемі əуезді, құлаққа жағымды əн мен балдай тəтті дауыс естіле бастады. Қаншама уақыт болса да, түбіне жеткізбейтіні жанымды жегідей деп барады. Ол əлі де тек алыстан жарқырайды.
Нұрлы сəулеге жақындаған сайын жүрегім тоқтаусыз дүрсілдей берді. Соғуы уақыт өте жылдамдай берді. Мені өзіне шақыратын бұл шуақтың қайдан келіп жатқанын білетін уақыт алыс емес екенін сеземін. Жақындаған сайын жарық күшейіп, балдай тəтті дауыс та жақыннан шыға берді.
Аяқ-қолым өзіме бағынбай тоқтаусыз дірілдейді. Демім тарылып, жүрегім қатты-қатты соғып, кеудеме симай барады. "Соқпа жүрек, соқпа. Біз бəріміз жалған сəулемен алданғанбыз. Соқпашы жүрек, тоқташы". Алайда, жүрегім мені тыңдамады. Жиілетуін тіпті де тоқтатпады. Мен көзімді жұмып тұрдым. Көзімді ашқаннан кейінгі болатын көріністен қорықтым. Бірақ, сəулені көруге деген еріксіз құштарлықпен басымды төмен иіп, көзімді аштым. Жерге қарасам құлпырған нəзік гүлдер, олар сәуле шашқан жарықты шағылыстырып тұр. Ал бұрынғы алыстан естілген керемет жағымды дауыс құлағымның түбінен естіліп, жан-дүниемді балқытып барады. Жүректен жүрекке жетіп жатырған дауыс сондай жағымды əсер сыйлауда. Мен еріксіз жаймен ғана басымды көтердім. Ал маған қарама-қарсы, алдымда күлімдеп, əн айтып СЕН тұрдың. Қанаттары бар адам... Екі қанатыңнан адамның көзі тоймас керемет нұрлы жарық төгіліп тұрды. Ал сенің күлкіңнен шексіз жылы леп есіп тұрды. Ол жылы леп менің жүрегіме салынған барлық тыртықтарды ұмыттырды. Осы кезден бастап! Мен сені кездестіргенде, әлемде періштенің бар екеніне көзім жетті...
Мен сені ешқашан ұмытпаймын, қараңғы түнекте жарығын шашқан періштем...