«Нені айтарға, не жазарға білмедім...»

«Нені айтарға, не жазарға білмедім...»
жеке
блог

«БІЗ ӨМІРГЕ КЕЛГЕНДЕЙМІЗ МӘҢГІЛІК,

СЕЗІНБЕЙМІЗ ӘРБІР КҮННІҢ ҚАДІРІН.

ОЙЛАНБАЙМЫЗ, САЙРАНДАЙМЫЗ СӘН ҚҰРЫП

СЕРПИ АЛМАЙ ЖАС КҮНДЕРДІҢ ЖАЛЫНЫН»

 

 Ол Ақын, Жазушы ғана емес, керемет Аудармашы да еді ғой...

 

Ұсынайыншы...

 

 

 

«Боингпен» құстай ұшып самғаймыз

екі астана арасын біз жалғаймыз.

Миллиондар ұшып жатыр күнбе-күн

Біз екеуміз сол лектен қалмаймыз.

 

Алматыға асығамыз бәріміз,

Алма бақты аңсай берер жанымыз.

Көгалына көлбейміз де көсіліп

Бәйтеректі бетке аламыз тағы біз.

 

Алматының самалы деп ұшамыз

Гүл бақтарын құшырлана құшамыз.

Бірақ, бірақ, бас ұрғызбай басқаға

Кеудесіне тартар бізді Астана.

 

Ару қалам – сұлулықтың жолдасы,

Алматыдан басталған-ды жол басы.

Ғасырлардың қойнауына бет алған

Астанамыз – болашақтың ордасы.

 

 

 

 

 

Анам мені құшып сүйген кезінде

Бөленемін бір ғажайып сезімге.

Ол қарайды жанарымен тұңғиық

Көзәйнектің ар жағынан нұр құйып.

 

Сезім қандай – сәл нәрседен дір еткен,

Аймалайды лүпіл қаққан жүрекпен.

Өткен талай бақыты үшін баланың

Жауынынан, дауылынан даланың.

 

 

 

 

Өмір деген – күн шуағы

Шуақ барда гүл шығады.

Үміт тұнса жүрегіңде

Өмірің де құлпырады.

 

Көктеменің гүлі қандай

Жаздың мақпал түні қандай!

Сыбырласқан тал-теректің

Тұрмын тілін ұғына алмай.

 

Сені өсірген елің барда

Сүйіктіңе сенім барда.

Арман, күрес, көңілде – өлең...

Міне, ғажап өмір деген!..

 

 

 

Кез еді Парижде бір жазы күлген,

Ерекше қонақ үйдің сәні мүлдем.

Швейцар отырғызды таксиге оны

«Мерси» деді сұлу қыз нәзік үнмен.

 

Швейцар – жап-жас жігіт қалды мұңда,

Ойында: «Мынау ару тағдырым ба?»

Қыз кеткен жаққа қарап тұрып қалды

«Мерси» деген жас сұлу салды мұңға.

 

Келмеді ол жұмысына ертесіне

«Кетсе де табам, - деді – жер шетіне»

Қыз мінген сол таксиді тауып алып

Самғады қиялдағы еркесіне.

 

 

 

Ынтығысқан еріндер

Аймаласқан шақтарда

Жапырақтар күбірлеп

Жан бітеді бақтарға.

 

Сүйісуден со күнгі

Жүректерден нұр шашқан.

Мың-мың алғыс өмірге

Көздер үшін ұғысқан.

 

Махаббаттан мас болған

Бақыт кеші сол еді.

Асыр салған жас қаннан

Діріл басқан денені.

 

Ынтығысқан еріндер

Аймаласқан шақтарда

Жапырақтар күбірлеп

Тіл бітеді бақтарға.

 

Бізде Сезім де, Сенім де, Нәзіктік те, Романтика да бар, себебі, БІЗДЕ ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА БАР!

 

Өлең авторлары: Андрей мен Әлия Беляевтар

Аударған: ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА

сурет: bugaga.ru, deviantart.com