Мақсат - белгілі бір межеге қол жеткізуге бағытталған әрекеттің ой-санадағы көрінісі. Сол бір көріністі шындыққа айналдыру үшін қандай іс-әрекеттер жасап, қалай талпындым? Ал талпыныстарымның нәтижесі қандай болды?
Менің алғашқы мақсатым тіл үйрену, нақтырақ айтатын болсақ кәріс тілін үйрену еді. Байқау басталғалы артынан үздіксіз қуғаным да осы кәріс тілі болды. Арманымның кішігірім бөлігін орындау үшін тіл курсына жазылып, тынбай, аптаның әр күні сағаттап отырып сабақ оқыдым. Нәтижесінде, 2-3 күн бұрын тапсырған емтиханда жоғары ұпай жинап, абыроймен келесі деңгейге аяқ бастым. Ең жоғары ұпай жинағаным үшін орталықтан сыйлық та алып үлгердім. Шынымды айтсам бұл мен үшін де күтпеген жағдай болды. Сонымен менің кәріс тілін үйренем деген мақсатым 100% ға орындалды деп ойлаймын.
"Кітап - асыл қазына" демекші, кітап атты қазынаға мақсаттарымның арасынан мен де орын бердім. Негізгі "Абай жолы" эпопеясын оқып бітірдім де санама тоқыдым. Бұл кітапты тез оқып бітіріп тастағандықтан тағы бірнеше кітап оқыдым. Соның ішінде өзіме қатты ұнағаны белгілі орыс жазушысы Михаил Булгаковтың тылсымға толы "Мастер и Маргаритасы" мен ағылшын жазушысы Дженнифер Доннеллидің су асты таңғажайыптарынан сыр шертетін "Талисман моря" кітаптары болды. Әлемде мен оқымаған әлі талай кітап барын есептесек мақсатыма 100% жеттім деп айта алмаймын. Бірақ, ойға алған кішігірім ісімді жоспардан артық орындадым деп есептеймін.
11-сыныпқа аяқ басқан мен үшін алда үлкен асу бары анық. Мектептегі бала өміріммен қоштасып үлкен өмір табалдырығын аттамақ менің ең алғашқы сынағым ҰБТ болмақ. "Бақ шаба ма, бап шаба ма?" дегендей, бағымды сынай отырып бабымды келтірмекке бел буған мен өз бетімше тарих сандарын жаттап, математика сандарымен арпалыстым. Нәтижесі жаман емес, қызу дайындықпен өтетін алдағы бір жылыма белімді бекен буып, дайын-ақ тұрмын.
Тіл туралы блогымда айтқандай-ақ күніне, кейде аптасына 10 сөзден жаттап жүріп ағылшын тілінен аз да болса деңгейімді көтердім. Есептеп отырсам осы уақытқа дейін 200 ден астам сөзді жаттап үлгеріппін. Бір қызығы кәріс тілі сабақтарында жаңа сөз үйренгенде сол сөздің ағылшыншасы ал ағылшынша сөз жаттағанда кәрісше аудармасы еріксіз ойыңа оралады екен. Бұл да өзінше мидағы ақпаратты жаңартып отыруға өте үлкен септігін тигізді.
"Соқыр сезім немесе Бетховеннің түйсігі". Бұл менің әлемдік классика алыбы Бетховен жайлы мақаламның тақырыбы. Алға қойған мақсатымның бірі болған әлемдік классика да менің назарымнан тыс қалған жоқ, әрине. Классика әлемінің бірнеше тұлғаларымен таныстым. Соның ішінде ерекше қызықтырғаны Вольфганг Амадей Моцарт, Фридрих Шопен, Людвиг Ван Бетховен болды. Ал Бетховен шығармаларын үнемі тыңдаумен болдым. Оның "К Элизе", "Лунная Соната", "Увертюры Эгмонт и Кориолан" секілді төбе шашыңды тік тұрғызып, еліртпей қоймайтын туындыларын сізге де тыңдауға кеңес беремін.
Осы бір тізіп жазып шыққандарыма қарасам өте көп жұмыс тындырғандаймын. Бірақ, шындығына келетін болсақ бұл атқарғандарым менің өмірлік арман-мақсаттарымның 1/100 бөлігі ғана. Ал сол кішкентай бір бөлікті осы уақыт аралығында 100% орындағаныма сенемін.