"Таэквондо хандығының даңқты Қағаны"

Мұстафа Өзтүрік!

Бұл есім - мен үшін Алланың сүйікті Сәруәрі, Ұлық Елші Мұхаммед Мұстафа саллалаһу алейһи уә сәлләммен, Мұстафа Кәмәл Ататүрікпен, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірегейі Мұстафа Шоқаймен тең аталатын, жүрегімнен, тіпті, өмірімнен маңызды орын алатын қасиетті жандардың бірі.

Қазақ таэквондосының королы, Ұлы Жаратушы ием аз ғұмыр сыйласа да ұлттық намыс, адамдық жігер деген секілді адамзат болмысында қасиетті саналатын барлық ізгі мұраттарды бойына жиған баһадүр жан еді.

Ол 1954 жылы Түркияның Қайсері қаласы, Мұсахожалы ауылында дүние есігін ашты. Арғы аталары Шығыс Түркістанда өмір сүрген. Алтай тауындағы  атақты Ер Оспан бастаған, қан су болып аққан сұрапыл шайқастарда «тасқа табынатын қара шыбындарды» қынадай қырған сарбаздардың тұқымы. Алтайдан Анадолыға беталған ұлы көште, Гималай асуындағы тар көш жолында мұздан тайып құлап бара жатқан жүкті түйені салақтатып ұстап қалған әйгілі Қайысбай балуанның жиені. 

Дінсіз, екіжүзді қытай коммунистерінен пана таба алмай Пәкістан, Үндістан арқылы Түркияға жеткенде он жеті мың адамның бес-ақ мыңы қалған шаңды, қанды көштің ішінде оның әкесі де болған.

Түрік еліне табан тіреген алғашқы көш легі бірнеше жақын аудандарға бөліп орналастырылады. Түріктің қайырымды үкіметі жағынан оларға тұрар-жай, бағуға мал таратылып беріледі. Мұстафаның аталары да сол қамқорлықтың ішінде болады. 

Мұстафаның әкесі қажы Кәбен сол өңірдің жамбасы жер иіскемеген палуаны болыпты. Оның күрес өнеріне, әбжіл қимылына сүйсінген түріктер «мынау өзі түрікше күреседі екен, өзіміздің түрік» деп шуласып, Өзтүрік атап кетеді. Сол тұста туылған Мұстафаның құжатына Мұстафа Өзтүрік болып жазылады.

Стамбұлдағы орта мектепті бітіріп, Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірген. Жеті жұрттың тілін білген, Түркі жұрты түгілі, иісі мұсылман баласы ішінде таэквондодан қара белбеу тағынып, алты дүркін әлем чемпионы, жетінші дан иегері атанады. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің атымен «Мұстафа» деп аталатын таэквондо мектептерін ашты. Тарихи Отаны Қазақстанға келіп, Алматыда өзінің мектебін ашып, ҚР таеквондо (WTF) федерациясының негізін қалады.

Тауарихтың мың да тоғыз жүз тоқсан бесінші жылының көктемінде, Ұлық Наурыз мейрамына тура бір апта қалған сәтте Алматыдан күллі Қазақияға қаралы хабар дүр етіп тарады. «Қазақтың даңқты Мұстафа Өзтүрігі фәниден бақиға рахат айлады» деген. Ихсан анасының тар құрсағына, Стамбұлдың ескі һәм шерлі көшелеріне сыйған алтын басы, Ұлы Қазақияның байтақ даласына сыймады. Аз уақыт өткен соң Мұстафа қымыздан уланыпты деген лақап тарады. Сараптама жасаған мамандар Мұстафаның бауыр ауруынан қайтыс болғанын ресми баспасөзде мәлімдегенмен, қамкөңіл жұрт көңілінде жауапсыз сұрақ, шелімес жұмбақ  қалды.

Атадан асыл туған баһадүр ұлдың аяулы мәйіті Түркияға апарылып, Стамбұлдағы әкесі Кәбен қажының қасына жерленді...

Оның қайсы бір кәззаптың қолынан, тамаққа қосылған сынаптан өлгенін білетін, әрі оны жұртқа егжей-тегжейлі жаймақққа ниет еткен Қазақтың бұлбұл әншісі Мәдина Ералиева да тауарихтың екі мыңыншы жылы жиырма жетінші қарашада, өз көлігмен келе жатып қамаз астына мыжылып өлді...

Өмір солай өз арнасымен жылжи берер. Тарихтың қайсы бір жақпарларында уақытша жабылып қалған парақтар да ашылар. Қазақ даласының әр түкпірінде өсіп келе жатқан Мұстафа-ұлдар сенің даңқыңды күнмен де теңестірер.

Даласын сендей сүйетін жолбарыс жігіттердің ізін баса атойлап алға өтіп келе жатқан милллиондаған жастар сенің О дүниелік мекеніңе Жаннаттан орын тілейді, қаһарман ер!..



Бөлісу: