" Шабыт шақыру "

Шикі шаттық басымда базар қайғым
Сырқатсыз сұрап алған ажалдайын 
Жан айқайын жүректің жандандырып
Тыңдаушыға тірі өлең жаза алмаймын
Замана айтпас зарын салыпты ойға 
«Елім дер-ер» болмаса, халық қайда
Тістенген тіршіліктің мұқтаждығын
Ақтарар ақ маржан сөз шабыт қайда
Саясат па сұғанақ сақтандырған
Дауа жоқ дағдарысқа қалтаны ұрған
Көз көрген көріністі ақтаратын
Қара сия қаламым қаңтарылған
Сырын қалай көңілдің ақтарамын
Айырар екі арасын ақ-қараның
Ақтығында аянбас дос көңілдей
Кіршіксіз алдымдасың ақ парағым
Қыран сауал ой көгінде қалықтай ма
Бұл заман барар бізді алып қайда
Ақиқатым түншығып ақша сөйлеп 
Қайран көңіл қайғыдан қамықпай ма
Ширатылған бар шығар шыдам шегі 
Шақырайын қайдасың шабыт қайда



Бөлісу: