Сағыныш

 Өмірдің өзі қуаныш , қайғы , қоштасу , көрісу, жеңіс , жеңіліс , үміт , күдік , сағыныштан тұрмай ма ? Əрине бұл тең жартысы ғана . Осылардың ішінен сағыныш дегенді қарастырғым келіп тұр . Жалпы сағыныш жақындарыңа деген ; достарыңа , сүйгеніңе , құрбыңа деген ; жаз , қыс , көктем , күзге деген ; жан - жануарға деген ; Отан - анаға , байтақ далаға деген ; өткенге деген жəне үйге деген болып жалғаса береді . Ал осылардың ішінде өзім бастан кешірген өткенге деген сағынышым жайлы баяндайын ....... Кеше ғана құндақтаулы сəби ем қалай тез өсіп , небір жылдарды артқа тастап , бір демде есейіп кеткеніме таң қалам . Былай қарап тұрсам 19 жыл деген əжептеуір уақыт екен . Сол жылдардың мен үшін орны бөлек . Енді қайтіп оралмас балалық шағым , мектеп қабырғасындағы қызығы мен шұжығы мол естен кетпес естеліктерім бəрі - бəрі бұлдыр елеске айналды . Бəрінен бұрын мен сəби кезімді сағынам жəне бұл шақты сағынатын жалғыз мен емес - ау барлығы дерлік сағынары анық . "Сəби - ол кішкентай ғана жердегі періште " - дейді ғой үлкендер . Ия пəк , күнəсіз , кемшілік атаулыдан ада , ананың аяулы алақанында тербеліп , мына қым - қуыт дүниеден бейхабар алаңсыз күй кешіп , құшағына басып бар мейіріміне ие болып , қарным ашқанда тамағымды тойдырып , пыс - пыс етіп ұйқтап жатқанға не жетсін сірə? Əке - шешенің мейіріміне бөленіп , еркелеп , анаң тəтті жеуге тыйым салғанда əкеге айтып ұрланып жеп , бірдеңені бүлдіріп алғанда асқар тауымыздың панасына барып тығылып , не қаласаң сол орындалатын , ата - ананың махаббатына бөленген ұмытылмас кездер . Ес кіріп , ер жетіп мектеп табалдырығын аттаған , алғаш сыңғырлаған қоңырау үнін естіп сабаққа асығатын білім ордасындағы қызықты күндер айырбастауға келмес елестер . Өйткені бұл білімнің Ақ Ордасында осы жасыма келгенше 7 жастан - 18 жасқа дейінгі тарихым оюлап өрнектелген . Əр қабырғасы , бұрыш - бұрышы , қуыс - қуысы , парта бетіндегі қосулап жазылған есімдер , тəртіпсіздік жасағанымыз үшін класс болып жазаланатын кездер , ұлдар қыздардың шашынан тартып өрілген бұрымды тарқатып жіберетін , қайта қайтарымын жасағысы келген қыздардың шамасы жетпей жылауы , тақта сүрткендегі бордың суымен барлық гүлдерді өлтіріп тастаған шақтар айта берсең таусылмас . Мен өзім 5ші сыныпта ауысып гимназияға келгенмін . Содан бəрін бір жыл бойы сырттай бақылап жүрдім . Мен үшін достар табу қиынға соқты . Сол жылы қыс мезгілі .... Мені бір ұл мазақтамасы бар ма , содан намысыма тигені соншалық əлгі баланы қуып жүріп ұстап алып бас бармағын қайырып тастағам . Қазір еске алсақ екеуміз де ішек сілеміз қата күліп аламыз . Əрине қолы сынған жоқ , ондай күш қайда ? Жай қайырылып қалды , бірнеше күн қалам ұстай алмай жүргені есімде . Сөйтіп бəрімен етене араласып қимас достарға , сырластарға айналып кеттік . Бір үйдің баласындай боп кеткен біздерге алтын ұямен , сыныптастардан алыстау қиынға соқты . Қоштасу кешінде бəрі дерлік көзіне жас алып біразға дейін еріксіз аққан жасты тоқтата алмай бір - бірімізді құшақтап тұрып жыладық - ау . Ол күндер өтті бəріміз сан тараулы жолмен кеттік . Енді университет қабырғасындағы жаңа парақ беттері ашылды .



Бөлісу: