◄◄ ПсихоҮрей..►►

◄◄ ПсихоҮрей..►►
жеке
блог

●•●• Тылсымға жете мән бере қоймайтын менің табиғи тұрпатыма жат дүние болса да, айтатын әңгімемді ашық, әрі бұрмалаусыз жеткізуді жөн көрдім. Алғаш рет бұл жатақхана жайлы Берік есімді досымнан естіген болатынмын. (Аталмыш жоғары оқу орынның осы бір жатақханасын белгілі уақыт арасында паналап түсініксіз себептермен елге оралып қайта елордаға аяқ баспаған) Өзі бес уақытын құлшылыққа арнайтын намазхан жігіт. Айтатын сөзі де иманына жақын. Өтірікті дос етпейді. Дегенмен, өзге жұрт ол жігітті - "жындыға" балайтын. Қияли дүниелерге шектен тыс көңіл бөлетін адамдарға біздікілердің әдеттегі атауы сол. Бірақ, әңгімесін тыңдасаң шынында өтірікке жанасымды секілді көрінетін.. Көрінуін көрініп, ондай әңгімелерге жуығанда құлаққашты әңгіме іспетті қашатын әдетті шығардым. Бір жола ондай "ертегілерден" бойымды ада ұстауды жөн көргендеймін.. 
●•●• Уақыт өте берді.. 2011 жылы Астанаға білім қуып түскенімде Еуразия элиталы студенттеріне арналған жоғары деңгейдегі жатақханалардың біріне орналастым. Бірақ суреттегі жатаққа емес.. Соның өзінде студенттердің 6-шы үйі жайлы ақпарат күннен күнге жаңарып отырды. Сол тақырыпқа құлағым үйренгесін бе, тыңдаудан да жалықпаппын. Адам баласы түсіндіріп жеткізе алмайтын не бір сорақы дүниелердің куәгері атанып жүрген қатарластарымыздың саны күн санап арта берді. Бірі мұны - әзілге балап, өтіріктің бір сорпасы ретінде қабылдаса, мен секілділер ауыздарынан суы құрығанша тыңдап, жаңа оқиғалардан құлағдар бола беруді дұрыс санады. Мен үшін аса бір қорқынышты естілмесе де, қызық көрінді. Болашақ журналист ретінде зерттеу жұргізсем деген арманымның да барын жасырмадым. Алайда, сол жылдары ол төңірекке жолап көрмеппін..
●•●• 2012ж. Екінші курсқа табан тірегенімде студенттерді жатақханаларға факультет бойынша жатқызу туралы ереже шықты. Тағдырдың қалауымен дәл осы бір баспанаға ағылып келдім. Өте құпия көрінген бет-бейнесі мен сырлы сапталған ғимарат ішін толығымен тану үшін біршама уақытым кетті. Көрген-білгеннен тарихын сұрап әлекпін. Күлкілі болса да, батырсынып түсініксіз жағдайға өзімнің тап болуымды күттім. Күткенімдей бар екен..
●•●• Орналасқаныма небәрі 1 айдың көлемі болар болмас екен, сол күні бөлмеде жалғыз қалып қойғаным бар. Құдды бір, менің жалғыз қалуымды күткендей.. Қараңғылықты серік етіп "ноутбугымнан" фильм көріп отырған кезім. Кенет, "ванна" ішінен белгісіз бір дыбыстың шығып жатқанын сездім. Компьютермен сыңары қосылған құлаққабымды ақырын ғана шешіп, құлағымды түріп едім, шырылдаған су даусы екенін түсіндім. Алғашында мән бере қоймадым. Сол қалпымнан тыныштықты бұзып төсегімнен көтерілдім де "ваннаға" қарай беттей бердім. Әжетхана ішін жарықпен қамтамасыз ететұғын шүріппені басып, есігін айқара аштым да ішке қарай ендім. Түн тыныштығын қақ жарып қорқынышқа бөлендіріп тұрған су ағызатын бұранданың жоғарыға қарап қалған бейнесі мен гүрілдеп аққан су қалпы екен. Дереу үнсіздікке тартып суды бекіте қойдым. "Ұмыт қалдырған екенмін ғой",-дедім де отыра қалып әлгі фильмді жалғастыра кеттім. Шамамен жарты сағаттан соң жаңағы дауыс тағы да құлақ мазасын кетірді. Байыппен барып байқасам, мен бекіткен бұранда қайта жоғары қарап тұр екен. Осыдан бастап аздап қорқа бастағанымды жасырмаймын. Суды бастым.. Бөлмеге кіріп жалғасын күткендей дамылсыз отыра бердім. Үн жоқ.. Болмағасын фильмді көріп бітірдім де, тыныш ұйқыға ыңғайланып жатып мызғып кеткенімді байқамай қалдым.. Әншейінде "оятқыштың" өзіне әрең тұрып жүргенмін, сол түні өздігімнен 3-тер шамасында ояна кеттім. Көзімді жоғарғы қабырғаға бағыттап қойып терең ойда жатырмын. Бір кезде таныс дыбыстың шеті естілді. Алғашында мән бермеппін. Кейінірек алдындағы болған оқиғалар есіме түсіп сылдыр дауыстың тағы да ванна ішінен шығып жатқанын ұқтым. Төсектен төрт аттың күшіндей жылдамдықпен жарықты қосуға бағытталдым да жүгіре бергенімде қарсы алдымнан белгісіз қабырға бөгеп қалды. Қабырға дейін десем жұмсақ нәрсеге соқтығысқанымды сездім. Көзімді уқалап түсім емес екендігіне көзімді жеткізгім келед.. Бірақ болар емес. Дәл сол сәтте мен соқтыққан нәрсенің тыпырлап маған қарай жүріп келе жатқанын көрдім. Әппаақ неме.. Секунд санап жақындап келед өзі. Дем алысы да үскірік.. Түсі де суық.. Сасқанымнан қолыма ілінгеннің бәрін сол тұсқа лақтырып жатырмын. Әл-қадарымша калимаға тіл келтіріп әлекпін.. Даусым шығар емес тіпті.. Кенет...Қиналған баланың ыңырсыған дыбысы іспеттес үн шықты. Аз ғана уақыт.. Одан соң әлгі неме айна тұсына барып ғайып бола берді. Бөлме іші қою үнсіздікке батты. Шошынып қалсам да қызу қанды түрегеп жарықты қосуға шамам жетті. Одан соң дереу өзге бөлмедегі жолдастарыма қарай жүгірдім. Сол түні ұйықтаған емеспін. "Журналистік зерттеуіме де алғашқы факт табылды" дедім ішімнен. 
●•●• Ол оқиғаны көпке айтып жұртты дүрліктіре қоймадым. Тек санаулы деген кісінің құлағына жетті. Дәл студенттік кезімнің қызығына бата кеткен кезінде түсініксіз тылсым тағы да хабар берді. 
●•●• Қыс кезі болатын. Елорданың қатал суығына кез-келген пенденің төзе бермесі анық. Соның бірі - мен.. Жұмыстан тым кеш шығып түнгі 4-тер шамасында жатақ есігін қағып тұрмын. Кешігіп келгенім үшін түсініктеме жазып өзім тұратын 3-ші қабатқа көтеріліп келе жатқанмын. Бір шақта баспалдақпен шағылысықан аяқ даусының көбейгенін түсіндім. Соңымнан біреу еріп келетін секілді. Діттеген қабатқа жақындай бергенде иығымнан "шап" беріп ұстаған бейтаныс қолды сездім .. Жалт етіп артқы бөлікке қарай бергенімде мүлдем түсініксіз жағдайға тап болдым. Әлгінде ғана иығымнан ұстаған қолдың иесін сол бойы таба алмадым. Тірі жан жоқ.. Бойымды әлдебір үрей билесе де тырп етпей ойға шомып мен де тұра беріппін. Кейін ғана есімді жинап бөлмеге қарай тарттым. Тағы сол секілді таңсық дүниелерге уақыт өте жиі ұшырасатын болдым. Бірде есікті әлдебіреу қағатынды шығарып, бірде көз алдыма әппақ киімді әлдебір нәрсе елестеп тыным бермейтін. Бір қызығы - мұндай жағдайға орнығып жүрген тағы да бірнеше кісілер бар көрінеді. Әлсін-әлсін оқиғаларын естіп тұрамыз. Жанымдағы қыз-жігіттердің де шошынып келіп айтқан сөздерін тыңдап жағамызды ұстайтын кездер де болды.
●•●• Жатақхана ішін жайлаған тылсым жайында көп жылдан бері осында қызмет атқарып жүрген қызметкерлерден де сұрастырып үлгердім. Үрейге батыратын сұмдық оқиғалардың орын алып жататандығын олар да растап берді. Анығына келгенде, көп жыл бұрын дәл осы жатақхана орнында мола болған деседі. Уақыты жеткесін сырып тастап, осы ғимаратты тұрғызған. Содан болса керек, денесі топыраққа кірген өлілердің әруақтары әлі күнге дейін тұрғындардың зәре құтын қашыруда. 
●•●• Осы "общяганы" пана еткеніме осымен 2-ші жыл аяқталып жатыр. Сол уақыт аралығында орын алған түсініксіз жайттардың сан түріне куә болдым. Менің ғана емес, осында тұратын біршама тұрғындардың да аузында жүрген өзекті тақырып десем қателеспейтін болармын... Не нәрсе екендігін толық зерттеп біле алмасам да, бір пәленің барын анық білдім.. Абай болыңыздар..

© Сағым Матқали 

 - Алдағы уақытта осы секілді қорқынышты я болмаса одан да басқа түрлі жанрдағы болгтарымды оқығыңыз келсе мына парақшаға жазыла отырыңыздар :        http://vk.com/sagymmatkaly

 - жоғарыдағы мистикалық мақаланың желісімен түсірілген бейнероликті көрер болсаңыздар:  http://vk.com/sagymmatkaly?z=video162711332_168813438%2F58f13ec15f0b967efe