... Өзім айтам өз жайымды

1. Әкем "Жанымның саясы, еркесі, сұлтаны" болсын деп үш перзентіне ЖАНсая, ЖАНерке, ЖАНсұлтан есімдерін берген. Әкем  3  жасымда дүниеден озды, тым ерте озды...   3- жасына дейін сүйікті әкесінің "жанының еркесі" болған перзенті - мына мен! ЖАНерке. БАУБЕКҚЫЗЫ ЖАНЕРКЕ.

 

2. Кішкентайымда көп ауырғандықтан, барғым келмегендіктен де бала-бақшаға бармай, үйде "әріп танып",  5 жасымда 1-сыныпқа бардым. 18 жаста 3-курс студенті болуымның, мектепті 16, университетті 20 - да  бітіретінімнің "сыры"   да осында. Өз жасымнан "ересектеу" көрінетінімді мектеп кезінен естіп келемін. "Қойшы? 96? Сенбеймін. Дәлелдеші" - дейтін сөздерді есту қалыпты жағдай болғалы қашан...

 

3. Кішкентайымнан дәрігер боламын деп неше түрлі  ойыншық "құралдар" алғызып, бірде көрші қыздың тісін "тексеріп, емдеймін" деп, шынымен де тісін жұлып алғанмын (құрттап, босап тұрған тісі екен ғой, сөйтсем). Сол кезден бастап өзім де, үйдегілер де дәрігер болатыныма сенім білдіріп, 11  сыныптың ортасына дейін биологияны таңдап та жүргенмін. Бірақ, әйтеуір бір күні "менікі еместігін" сездім бе, әйтеуір шешім өзгерді.

 

4. Таңдау - "Есеп және Аудитке" түсті. ҚазҰУ- дан санаулы гранттардың бірі бұйырды.  Бала арманы тележүргізуші болған, "Жүргеновті"  жүрегі қалаған, қазір де "сен неге журфакқа бармадың иии"  деген сөзді жиі еститін, факультеттің ғылыми конференциясына қатысуынан бір шараны жүргізіп тұрған кезі көбірек болашақ есепші-аудитор мен боламын.  Әйтеуір, өзімді "экономист-журналист"  немесе Ербол Азанбек сияқты бір "ірі" банктің PR-менеджері ретінде елестетемін. Елестететін сияқтымын....

 

5. Екі атам да жазушы. Шығармалар жарысынан озып, сәтті мақалам жарияланып, жақсы блог жазғанда "қанда бар ғой" дейміз.   Филологтардың ортасында өскендіктен жазуға деген  талпыныс та, "әдемі "  сөйлеу, жұрт алдында қысылмай өнер көрсете алуым түсінікті  сияқты

 

6. Университетте  қоғамдық жұмыспен айналысамын. "Активисттер"  қатарында , әсіресе, алғашқы екі жылда көп көріндім.

 

7. Көзбояушылықты ұнатпаймын. Алдын-ала дайындалып қойған сұрақтар, "қатал сценариймен" өтетін кездесу, кеш, жиын, "ұрандатып"  қоятын массовкаларды ұнатпаймын. Солардың еріксіз қатысушысы болған да ұнамайды.

 

8. Шымкент қаласынанмын, айтпақшы. Сонда тудым, өстім. "Шымкентская?? ААА" деп алып, бірден "Дт, Қт, қайсысың?"  дейтіндерді "игнорировать" етемін. Миллион дулат пен миллион қоңыратты солай деуге "шамасы жеткен"  "ірілер"  жоламай-ақ қойсын. 

 

9. Қырсықтығым көп ұстайды. Көңіл-күйім 0,5 секундта-ақ өзгереді . Депрессияға ұшыраймын, одан тез шығамын. Осы сәттерде,  көбінде, маған жақсы кітап, анамның дауысын есту мен тәтті суши жеткілікті болып қалады. 

 

10. Телефон көтермейтін "біртүрлі" әдетім бар. Соны әлі түсінбеймін, не қылған "звонокофобия" . Осы "жаман" әдетімнің кесірінен бір рет шет елге тегін сапардан, бір-екі рет жақсы мүмкіндітерден айырылып қалғанмын. Сабақ болмаған сияқты, бәрібір.

 

11.  Өзгелердің пікірімен жүрмеймін. Жүре алмаймын. Жақын қабылдамаймын. Сын көтеремін, дұрыс болса. "Дұрыс сын"  деп қабылдасам. 

 

12. Кітапты түнде көп оқығандықтан, (телефонға да түнде көп "шұқшиғандықтан"  деп мойындайыншы ) басқа да себептермен көзім "шілии"  жақсы көрмейді, - 1 шамасы, көзілдірікті кейде ғана таққандықтан көшеде "жақтырмай", "танымай"  өтетінмді айтатындар алдында осыны айтып ақталамын.

 

13. Дүниетанымы кең адамдар ұнайды, солармен көп сөйлесіп, уақыт өткізгім келеді, өзімді де "дамытуға"  тырысамын. "Білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз". Кез-келген тақырыпта сөйлесуге болатын адамдар бірден баурап алады. Адам "таңдамаймын" . Бірақ, бос әңгіме айтатындардан гөрі, білгені көп, айтары мол, қызықты  адамдарды "талғаймын".

 

14. Сырт көзге "өзімшіл", "тәкаппар" , "жақтырмайтын" көрінетініме үйреніп қалғанмын. "Бір ерекше" көзқарасым бар екен-мыс . "Онша емес " көзқарас. Өзіме байқалмайды, негізі ,  жалпы, былай қарапайыммын. Қарапайым сияқтымын.

 

15. Блог- хобби, видеоблог түсіргім келіп жүрген, уақыт көп алады екен, қызықты идея болғанда жасап көрермін.  Телевидениеде өзімді сынап көру дейтін қалауымнан әлі бас тартқаным жоқ. Мүмкін, экономикаға, бизнеске қатысты бағдарламаның авторы болармын, келешекте.

 

16.Қазақтың қарапайым қара домалақ қызымын (Бұны ең басында жазу керек едім ғой... Қап, ұмытып кетіппін ғой. Қарапайым, қара, домалақ қыз екенімді соңында болсын жазып қояйын)

 

17. Анам  - өзі айтпақшы "несостоявшаяся" әнші, суретші, ақын, тігінші,актриса,  модельер, режиссер, қолөнерші, тағысын-тағы өнерлері жетіп артылады. Өзі филолог. "Шығармашылдығым"   анама тартқаны да содан. 

 

18. Интра-экстравертпін. Түсіну қиын, қысқасы. мені танитын, тануға талпынған екі адам  мүлде басқа екі Жанеркені суреттеп, айтып беруі мүмкін. "Бірде көл, бірде шөл" - деген маған арнап айтылғандай. қайтеміз, көнеміз ғой )

 

19. "Заманауи"  қазақ қызымын. Тырнақша ішіндегі сөзді әркім әрқалай түсінер..

    Мен сауатты, бәсекеге қабілетті маман, ақылына көркі сай қыз, ата-әже тәрбиесін ұрпағының бойына сіңіретін үлгілі жар, ана, анасының үмітін ақтар ерке қыз, әкесінің өмірінің жалғасы, бауырларының қолдаушысы, жәй ғана жақсы адам болғым келеді. Тырысамын. Талпынамын. 

 

20. Мен - Жанеркемін. Реалист Жанерке. "Қияли"  Жанерке. "Пысық" Жанерке. Момын Жанерке. Сенгіш Жанерке. Батыл Жанерке.  Аңғал Жанерке. Мінезді Жанерке.

 Анасының "Жанёшкасы", Мархабат атасының "Еркешкасы", ағасының "Жаникошы", құрбылардың "Жанёгы" , апасының "Еркетайы", Орысбай атасының "көкешкасы", ең бастысы, әкетайының "Жанының еркесі", өмірінің жалғасы....

 




Бөлісу: