Адам шыр етіп дүние есігін ашқанда өмір атты кемеге тап болады. «Өмір ол не?» деген сұрақ туындайды. Біреулер баға жетпес сый, біреулер ғажайып әлем, енді біреулер Алланың берген сынағы дер. Қанша адам болса, сонша пікір қалыптасады. Өмірге деген көзқарас алуан түрлі болғандықтан, әр адам өзінше түсініп, өзінше жауап береді. Тек өмірдің бір-ақ рет берілетінің ұмытпау қажет.
Жазушы Гарсиа Маркес «Адам дүние есігін анадан туған кезде ғана бір-ақ рет ашпайды. Өмір адамды қайта-қайта жаңадан тууға мәжбүрлейді» деп ой түйген. Шынында да, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымыз төселген тақтайдай тегіс болмайды. Сан мәрте соққы алып, жығыламыз,құлаймыз, өмірден түніліп те кетеміз. Бірақ, содан тұра білуіміз қажет. Өйткені, өмір шыдамдыны ұнатады. Қайта тұруға жігерлендіретін мақсат-мүддеміз, ұстанымымыз болуы тиіс. «Өмірдегі миссиям қандай? деген сұрақ әр пендені толғандыруы керек.
Мына жалғанда жолыңнан тайдыратын, үмітіңді үзетін, түңілдіретін жағдайлар да, адамдар да жетерлік. Одан қалса, әділетсіздік жайлаған заманның құрбаны боласың. Бұл да өмірдің бір тармағы. Тағдырдың берген сынағы.Түрлі оқиғаларда сүйеу болатын, сүрінгенде демейтін адамың болғаны дұрыс.
Жақсы досы бар адам түзу жолдан таймайды.
Өмір - өзен ағып жатыр, тынбайды,
Өмір болмас қасіретсіз, мұң қайғы,- дейді атам қазақ. Өмірді өзенге теңеуі бекер емес. Өзен қалай тоқтаусыз ағып жатса, біздің де өміріміз дәл солай зымырап өтіп жатыр. Өмірдегі ең бағалы нарсе-уақыт.Біреудің өмірі қысқа, біреудікі ұзақ болар, «Ең алдымен өмірдің мәнін түсініп, бақытын таба біл», «өмірге келген қонақпыз, сондықтан артыңда із қалдыру керек» дейді. Ізгі ниетпен жасалған әрбір қадамың артың да қалған ізің, ал жан дүниеңмен, бұлақтай таза сезіммен өмірге ғашық көзбен қарауыңнын өзі үлкен бақыт деп білемін. Көшбасшысы өзіміз болған кеменің басын қайда бұрсақ та, бастысы мағыналы игі істердің басы болсын.
Өмір-өзен,өмір-театр,өмір- шексіз керуен,өмір-күрес десе де, өмір ол сіз бен біз.