◄◄ Өлсем де, тірімін... ►►



●•●• Көпті өткермесем де айтатын әңгімемнің барына шын наныңыздар. Тылсымның күшімен, қаламның ұшымен жазылған кезекті жазбамды жалғыз жүректеріңізге тапсырып оқуды парыз көрсеңіздер деп едім. Бірі мұнан ой түйіп, өміріне азық етсе, бірі - Сағымның көңілі деп "лайк" басып әрмен жүре берер. Сіздерден сұрарым тек біреу. Жазбадағы оқиғаны қайталай көрмеңіздер. Еріккеннің ермегі, ұстағанның қолы емес бұл.
●•●• Найзағайдай өмірімді жарқ еткізіп, жүрегіме осыншалықты таңба салған сол күнді әлі ұмытар емеспін.. Таңға дейін әлгімен сөз таластыра пәк боп шыққан азан даусын ұрыс-керіске айналдырып мен отырмын. Жын-шайтан азғырар тұсын әлде мен білсем де елемес екенмін. Осы жолы расымен ғазауаттыққа бел байлаппын. Оны мен кеш ұқтым. "Сүйіктім" боп аталған сол біреумен қатты сөзге келгенім соншалық жасап жатқан тіршілігіме, ешбір кінәсіз мені тосқан өміріме арнап бір лағынет айтқаным есімде. Соңғы рет. "Соңғы рет" деп іштей өзімді дайындап қойғанымды ішкі Сағым сезгенімен, сыртқысы мойындай қоймады. "Таң" деп күткен намазымды оқу үшін бұлқынып сәждеге түскенімді білем. Қатты қателескен сана өзінің жалған тәкаппарлығына бой алдыра қоймады. Кенет.. Тұрдым..Әншейінде жаныма медеу болар құлаққабымды таппай әбігерге түстім де төсегіме жалпағынан құладым. Көзім - төбемде. Ойым - әлгімен болған соңғы әңгіме аясында. Іштегі ашу-ыза не айттырып , не қойдырғанын өзі түсінер емес. Ақымақтық мынада. Өзімнің өліміммен қорқытқан күйі қызды емес, өзімнің жалғыздығымды үркітіп алдым-ау деймін.Ұйықтар алдындағы соңғы мазасыздығым осы ойларға төселе берді.. Көп кідірмей мен де терең ұйқыға бата беріппін..
●•●• Таңғы сағат 9-да Қажы бауырыммен университет алдында жолығатұғын уәдеміз бар-тын. Кенет шырылдаған ұялы телефон үнінен түрегеп ояндым. Ешбір мүдірмей тұтқаны көтергендегі дауыс досымның даусы екенін танып ай-шайсыз асығыс тіршілікпен киініп сыртқа ағылып үлгердім. Қарапайым күндері айна алдында сағаттап сызылып тұратынмын. Осы жолы үстіме не кигенім де есімде жоқ. Уайым бастырған әжім бетімді жумағанымды да кеш білдім. Бар ойым - әлгі уәдеден таймай, айтылған уақытта аталмыш жерде тұру болды. Кім өтіп, кім кетіп жатқаны есімде жоқ.Беймаза күймен жүгіріп келе жатқан мен ғана. Таң жарысып бірін-бірі қуалаған тіршілік құрбандарын ғана сезіп келудемін. Ендігі кез мынада. Мен өтетін көше бағдаршамнан алшақтау болғасын дәл ортасынан кесіп өтуге ниеттенсем керек. Онда да мектепте үйреткендей оң жағыма, одан соң сол жағыма қарап өтуді ұмыт қалдырыппын. "Тек алға" деп ұрандатқан "Нұр Отаншылдар" іспетті түзу жүгіріп өткенім сол еді, түсініксіз күйде қала бердім. Алғашында көлік тежегішін мықтап басқандағы шиқылдаған дауыс, одан қалса "жолдан қаш" дегендей үн берген ащы дыбыс пен "кеш қалдың" деп сыңай танытқан белгісіз бір ауыр соққыны сезіп үлгердім. Оң қолым жүгіріп бара жатқандағы қалпын ұстаған күйі қалып қоя берді. Ал соққы дәл оң қабырға тұсымнан ұрғанын білем. Аспанда қалқып жолдың жиегіне бір-ақ түсіппін. Әрі қарай есімде жоқ.. Көз алдымда мыңдаған бейнекадрлар елестеп өтіп жатқанын мына мен айқын көрдім. Анық боп алғаш дәл алдыма келген бейнелерді көрсеңіздер сіздер.. Үйдегі отбасымды көрдім. Таңға дейін анауы мен мынауын айтып ұрыс-керіске салынған аруды емес, оқуға аттандырып "балам"деп тақымын қысып отырған анам мен әкемнің бейнесін көрдім. "Бауырым", "тамырым", "братым" деп зыр жүгірткен достарымды емес, елде қалған аяулы анам мен асқар таудай әкемді елестеттім. Бірнеше минутқа ғана қалғып кеткен көңіл шіркін осындай сезімді бастан кешіріп отыр. Одан кейін ғана есімді жидым. Айналама назар тастап жанымнан табылмаған көлік жүргізушісін көріп іштей налысам да , тәнімнің аман-сау екеніне қуанып шауып кете беріппін. Содан бері біраз ойға шомдым. Бірнеше минуттық өлімді де бастан өткергенім бар, сонда мені бір Алланың өзі осы өмірге қалдырып отыр ғой. Не үшін? Оны мен көз алдыма елестеген бейнелерден көрдім.. Өмір сүру керек екен. Өзің үшін болмаса да, сен деп сарғайып тосқан ата-анаңның сенімі үшін..Өлім деген оңай емес ағайын. Сөзіме құлақ сала көріңіздер. Жоғарда айтылған дүниенің түгелі дерлік ақиқат. Мен осыны ұғындым. Ал сіз ше? Оны өзіңіз сараптаңыз...

●•●• Оқиға осыдан жарты ай бұрын орын алды 

© Сағым Матқали



Бөлісу: