«... не істеп жүрсің?»

«... не істеп жүрсің?»
жеке
блог

«... не істеп жүрсің?»- оянғаннан кейінгі айтылған алғашқы сөйлем. Еріксіз аузынан шығып кетті. Біреу-міреу естімедімеді ме екен деп, асығыс жан-жағына үрейлене қарады. Түн жарымы. Бәрі ұйқыда. Меңіреу бөлме оқыс шыққан дауысты жұтып алып, «тағы не айтарың бар» деп күтіп тұрғандай. Бірақ құлақтан жаңғырығы кетер емес.

«Не істеп жүрсің түсімнің ішінде? Сені еске алмағаныма қанша болды?» (Санап бастады) Оң қолдың бас бармағы, одан кейін сұқ, ортаңғы. Ең соңғы болып келесі қолдың бас бармағы бүгілді. Алты ай.

Жақын адамдар бір-ақ күнде жат болып шыға келеді екен. Бір-бірін ай мен күнге теңеп, «сенен артық жоқ» дескендер... Бәрі - сумаңдаған оқ жыланды да інінен биязы қылып шығара алатын махаббат сөздері мен ыстық лебіздер -  желге ұшты. Сөздер құнсыз екен. Оның сөздері. Оған деген өкпесі қара қазандай. Сонша жерге дейін қол ұстасып келіп, екеуі екі ізбен бөлек кетті. Ұзап кетсе де, артында өмірінде ешкімге қимас, ешкімге бермес қызығы қалып қойғандай қарай беретін. Күлкісі де сол жерде...


Бұрын. Алты ай бұрын оны ойламай жүре алмайтын. Ойлағаны өз денсаулығына кесірін тигізді. Қайтеді енді, басында сырт көзге болаттай қатты көрінгенімен іші бордай уатылып жатқанын біреуге айтуды ар санады. Ішіне ащы өксік мен өкпе сыртқа шығатын жол таппай жинала берді. Жиналған сайын  сыртқа бәрібір көрініс береді екен: тамаққа тәбеті жоқ, ешкіммен сөйлеспейді, басын төмен салып өзі өз ішіне қамалып қалғандай. Адамды семіртетін де, арытатын да сол көңіл екен. Кей-кейде шыдамай айқайлап жібергісі келетін. Сол кезде ішіндегі қайғы мен мұң шығып жеңілдеп қалатындай, өзегін өртеген жалын басылатындай сезілетін. Бірақ ақылы ондайға жол беретін емес. Санасы «айғай – жөнсіз іс, сау ақылға симайды» деп дабыл қағатын.  «Ақылға симайды. Ештеңе ақылға симайды. Ал не ол ақыл? Абстрактылы бола тұра басқа абстарцияларды сонымен өлшемейтіндей не құны бар? Сау ақылға сыймайтындар адам емес пе?» деп шамданатын. Ойымен санасы мен ақылын қанша төпелегенмен жеңетін емес.  Санасы сызып берген шекарадан шыға алмады.

Өмірін қайта реттеп бастап еді. Оған қатыстының барлығын өртеп-жойып. Жаңа тіршілік бастаған. Спортпен айналыса бастаған. Бос уақыт қалдырмады. Қыз атаулыдан жүз қадамнан әрі жүретін болды. Сезім білдірген қыздар жауапсыз қала берді. Тақуа да ондай болмас-ау. Оның өзі де үйленеді ғой, ал бұл ше?! Ешкіммен бірге болмауға серт берген тап-таза «монах» дерсің. Бәрін ұмытып адам қалпына келгенде, түсі бәрін бұзды...

Ұялы телефонын қалтасынан ала жатып, тере бастады «#31#......» саусақ әдетінше жаттанды нөмірді тез теріп, қолы телефонын құлаққа жақындата берді. Тоқтау салатын ақылы адыра қалды. Қайда? Көңілінің бір түкпіріндегі ешкім естімес қара бөлменің қақ ортасындағы сандықтың ішінде. Гуілдеген ұзын-сонар дыбыс. Бір кезде тыйылды. Тұтқаның арғы жағынан бір қыздың әдемі даусы естілді:  

-          Алло! Аллоо...