Монотонды өмір

Монотондық функция – не өлмейтін, не өспейтін, бір қалыпта болатын математикалық бірлік.

Түк қызық жоқ!

Таңның атысы, кештің батысы қу тіршілік. Ойлайтының тіршіліктің қамы одан қала берді кеңірдектің көңілін тауып, асқазанды қуантып қою керек. Ал ол үшін жақсы жағдай, жақсы тағам керек. Жақсы деген дүниенің бәрін жақсы ақшаға сатып алмасаң, жақсысын ешкім тегін бермейді. Сол үшін жұмысқа асығасың. Сырт келбетің бақытты адамның нобайын салғанымен, жандүниең құлазыған, шаршаған... Бірақ сыр бермейсің. Себебі жалған өмірдің аңдып отырған жері де сол. Әлсіз жерімді көрсе бас салайын деп тұр. Ал оған мүмкіндік бермеу керек.

Сенің ішкі күйіңе ешкім құлақ аспайды. Себебі сен кімсің? Ешкім емессің. Қоғамның жай ғана бір мүшесісің. Шыдамай кетсең, соқыр ішек секілді кесіп алып тастай салады. Ауа-райына күлімдеп қарау, табиғаттың сұлулығын сезіну бәрі де қалған. Тек бүгін суық па әлде жылы ма соған ғана қарайсыз. Басқа ерекшелік көріп тұрған жоқпын. Қиялға берілсеңіз, күледі. Өздері бір жетісіп жүргендей... Егер менің өмірімді нотамен суреттеу керек болса, Моцарттың симфонияларын айтар едім. Бірде тып-тыныш, бірде аласұрған аптығу. Кейде дирежер бәрінен керемет өмір сүретін секілді. Асқақ әуенді қолымен ойнатып, нотаның жан дүниесіне бойлап, өз ләззатын ала алады. Ал біз ше, қатып қалған жүйенің шеңберінен шыға алмай, дөңгелек ішінде жүгірген тышқан секілдіміз. Тоқтап қалсаңыз, сыртқа лақтырып жібереді. Бір сөзбен алғанда жұмыстан шығасыз, айлық болмайды. Ал адамдардың миында қалыптасқан стеоротип, айлық болмаса, дәл сол жұмыстан шығып қалса өмір сүру мүмкін емес секілді.

Балалықты үлкендердің неге сонша аңсайтынын енді сезіне бастадым. Уайым жоқ, қайғы жоқ. Қоғамда уайымсыз жүрсеңіз сіз ешкім емессіз. Иә күлкілі болуы мүмкін, бірақ адам басында проблема болмаған соң барып жынды болады. Себебі көп демалып қойса да дерт. Жұмыс істеп үйреніп қалған адам үшін бір орында жатып қалу, отырып қалу қауіпті. Ал жатыпішер болсаңыз, онда ең сүйкімсіз мақұлық болғаныңыз.

Қараңызшы, мектеп бітсе дедік, бітірдік. Жоғары оқу орынды да тезірек аяқтап жұмыс жасап, ақша тапсақ дедік, ол арман да орындалды. Жұмысқа кірдік, енді өссек дедік, ақша көп тапсақ дедік. Ол да болып жатыр, бірақ неге бір ләззат жоқ? Кез келген дүниенің шегі бар екен. Тіреліп қалған күні сізде депрессия басталады. Құлазу, мұңаю... Одан қайта арылып келе жатқан кезде тағы да бір күш келіп итермелейді.

Байып кетсем, байлықты не істеймін? Кедей болсам, байыған күні не істеймін? Байқайсыз ба, бәрі бір монотонды дүние. Атақ пен абыройдан да түк кәде жоқ. Бірақ сол монотонды өмірді алуан түске бояп, жалған дүниенің одан сайын жалғанмен жалғап, әлеуметтік желіде бәрі сондай тамаша секілді күй қалыптастырамыз. Біреуге бақыт тілейміз, өзіміз бақыт туралы білмейміз. Ақыл айтамыз,ақымақпыз. Не өмір?

Лап ете түскен махаббаттың да жыры таусылады. Сүйесіз, бір күні сол сүйген дүниеге күйіп, күл боласыз. Сыйластық басталады. Іздейсіз, кейін мән де бермейсіз. Бәрі шектеулі. Осыны оқып отырған оқырман, сіз мені жек көріп кетуіңіз де мүмкін. «Олай емес қой» деп ойлауыңыз да ғажап емес. Өкінішке орай ол солай. Солай болып қалады. Өмірді қызық қылу өз қолымызда дейміз. Ол қызықтың шегі болмайды деп кім айтты? Бір минут ішінде миллион доллар тауып алып, бір минут ішінде айрылып қаласыз. Сондағы айтқыңыз келіп тұрған қызықтың ұзақтығы бір минут пе?!



Бөлісу: