Менің кішкентай достарым

Балалық шақ бәріміздің жадымызда небір қызықтарымен,тәтті естеліктерімен жатталып қалады. Бүгін мен сіздерге өзімнің балалық патшалығымда бірге өскен достарым, нақтырақ айтсам менің сүйікті кейіпкерлерім туралы айтпақпын...

Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожасын" оқымаған қазақ баласы жоқ шығар. Қазақтың барша қарадомалақтарына тән қылықтарымен қатар, жақсы адам болуға деген талпыныс тудыратын Қожаның менің өмірімде алатын орны ерекше.

 

Кім сыйлағаны есімде жоқ, жаңа жыл қарсаңында сыйлық қорапшасынан Карло Коллодидің "Пиноккиосы" шыққанда қатты қуанғанмын. Үйдегі кітап сөресінен көріп қалғанда еріксіз бір жымиып алам.

Экзюперидің "Кішкентай ханзадасын" оқи отырып өз ішкі әлеміңізге, болмысыңызға, жан дүниеңізге үлкен жаңалықтар әкелесіз. Ізгілік, мейірім, махаббат сынды құнды қасиеттерге ие кішкентай ханзада құдды бір өз планетасынан Жер планетасына келе қалатындай әлдебір сезім санаңызға ұялайды. Кітаптың соңғы бетін жапқанда кішкентай ханзада сіздің өмірлік досыңызға айналып үлгереді.

 

Жалқау әрі өтірікші Дымбілместің айға саяхатында тап болған қиыншылықтарына алаңдап, қызықтарына шек-cілеңіз қата риясыз күлкіге көмілесіз. Балалығыңызды сағынып, балдәурен кезіңізге бір сәт қиял жетегінде болса да оралғыңыз келсе онда Дымбілмеспен айға саяхаттауыңызға әбден болады.

Ассольдің қиялындағы алқызыл желкенді кемені онымен бірге шыдамсыздана күтіп, аяулы арманына ортақтаса отырып, өзім де үлкен армандарға қол созатынмын.Осы кітапты оқи отырып дүниедегі ең керемет нәрсе "армандау" екенін ұғынасыз. Кез-келген ғажайыптарды өз қолыңызбен жасауға болатынын, әсте армандай білуден жалықпау қажеттігін ұмытпағаныңыз жөн. Шындыққа бергісіз ертегі, ертегіге бергісіз шындық болатынына сене білейік! 



Бөлісу: