«Мәңгілік нөмірге» ие боламыз

 «Мәңгілік нөмірге» ие боламыз
жеке
блог

Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстанда кейбір елдерде  «мәңгілік нөмір» аталып кеткен Mobile Number Portability қысқаша айтқанда MNP енгізілетіні туралы айтыла бастаған еді.  Жоспарланған мерзім 2015 жылдың жаз маусымы. Демек алдағы бірнеше айда аталған қызметке қол жеткізуіміз мүмкін. Бұл технология – нөмір мен перефикстерді (707, 747) сақтай отырып, операторды ауыстыруға мүмкіндік береді. Яғни, оператордың қызметі, тарифтері ұнамаса, басқа операторға ауысып кете аласыз. Ол үшін мына қарапайым нәрселерді жасау керек. 

 1. Қазіргі оператордан тіркелген кездегі мәліметтеріңіздің дұрыстығына көз жеткіз. Келісім-шартта бәрі жазылған.  

2. Өзіңіз таңдаған операторға нөміріңізді оларға ауыстыру туралы өтінішпен хабарласасыз.

3. Жеке куәлігіңізді көрсетесіз.

4. Бірнеше сағат немесе күн күтесіз. Сосын операторыңыз ауысып шыға келеді.

Mobile Number Portability қызметі қазіргі кезде әлемнің 70-тен астам елінде  қолданылады. Ең алғаш  1995 жылы Гонконгта енгізілді. Алайда тек 1999 жылы толыққанды жұмыс істей бастады. Алғаш енгізілгендер қатарында  Сингапур аталады.  Бұл елде 1997 жылы жартылай қолданысқа енгізгені туралы деректер кездеседі. Жаппай  қолданысқа енгізіле бастаған кезі 1999 жылдан басталады. Бұл жылы  Англия мен Голландия енгізді. 2002 жылы Еуроодаққа мүше елдер қолдана бастады. 2003 жылы АҚШ-та қолдана бастады. Бұл елде 1997 жылдан бастап жартылай қолдана бастағанын айта кету керек. Ал, көрші Ресейде 2004 жылдан бастап енгізіле бастаған, түрлі себептермен 2009 жылға дейін жалғасты. Әлі де толық қосылған жоқ. 

Басқа қызметтерге қарағанда МNР енгізілер кездегі айғай-шудың көптігімен ерекшеленеді. Барлық  мемлекетте аталған қызметтің енгізілер кезде сот процесстері, операторлар арасындағы жанжалдар болған. Өйткені монополистер өз «нанынан» айырылғысы келмеді. Мысалы: Түркияда монополист Turkcell барынша енгізбеуге тырысып бақты. Технология енгізілген бірінші күні Turkcell-дің 50 мың адам басқа операторларды таңдаған. Бірнеше жылдан кейін клиенттерінің 60 пайызы нөмірлерін басқаларға ауыстырған. 2010 жылға дейін байланысоператоры жылына 1 млн.клиентінен айырылып отырды. Тек 2012 жылы ғана жағдайды түзеді. Клиенттерінен айырылмау үшін баға саясатына өзгеріс енгізіп, жеңілдік жасап, тарифтерін өзгертті. MNP-нің қолайлығының бірі осы клиенттер оператордың қызметі ұнамаған жағдайда жаңа нөмір сатып алып жүрмей-ақ ауысып кете алады. Әрі операторлар клиенттерін сақтау үшін баға саясатын датиімді ұстауды жөн көреді. Мысалы: Түркия аталған қызметті енгізгенге дейін тарифтері ең қымбат елдің бірі еді, қазіргі кезде ұялы байланыс құны арзан елге айналды.

Қазақстанға аталған қызметті іске қосу биылғы жылдың жазына жоспарланып отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей MNP – байланыс операторлары арасында бәсекелестікті арттырады. Оның нәтижесінде қызмет сапасы артады, баға арзандайды. Тұтынушылардың құқық ауқымы кеңейеді. Яғни, алға бір қадам жасайды. Жақсы жаңалықты күтеміз.