Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше. Қысқасы, Отан мен мемлекеттік рәміздер - егіз ұғым. Осы екі егіз ұғым әр азаматтың жадында жүрер болса, онда олардың рухы да асқақ болмақ. Ал рухы мықты елдің алар асулары әрқашанда жоғары болатыны сөзсіз. Осы рәміздердің түп-төркінінде ұлттық рухты көтеру, ізгілікті арттыру, әр адамның кеудесіне отанға деген іңкәрлік сезімді ұялату жатқаны анық. Рәміздеріне қарап олардың тарихын, мәдениетін, дінін, тілін, дәстүрін, барлық құндылықтарын білуге болады. Мемлекеттік рәміздер еліміз үшін, мемлекет үшін ең баға жетпес қазына, таусылмас байлық. Бұл байлықты әрбір «мен қазақпын» деген азамат ардақ тұту қажет. Рәміздер біртұтас Қазақстан Республикасының ажырамас бөлігі, айқын бейнесі. Рәміздердің әрқайсысының шығу тарихы бар. Бұл Қазақстанның қаншама ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздігін алғандығын паш ететін киелі қазына. Сондықтан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнің тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», дегені уақыттың қатаң талабы.
Тудан қазақ елінің көк аспанның астындағы бейбіт сүйгіш халық екендігін, дала бүркітіндей еркін, қиядан-қияға самғайтындығын, ал алтын күн байлықты, дархандықты ұқтырғандай. ҚР мемлекеттік туының авторы - суретшi Шәкен Ниязбеков. Елтаңбаның көркемдігін айтып жеткізу мүмкін емес. Ондағы әрбір бейне қазақ бейнесін аша түсетіндей. Шаңырақ, уықтар, аңыздағы қанатты пырақтар, жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар, бесеуі де бір-бірімен өз үйлесімін тапқан. ҚР мемлекеттiк Елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлiбеков пен Шотаман Уәлиханов. Гимнге келсек бұл да қазақтың төл туындысы, салтанатты әні. Оның шырқалуы, шарықтауы, мағыналылығы қоғамдағы атқаратын рөлі өте зор. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнінің сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған Шәмші Қалдаяқов. Бұл рәміздердің үшеуі де сарқылмас қазына, асыл мұра. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері-ештеңемен салыстыруға келмейтін нағыз өнер туындысы деп ойлаймын. Бұларды дүние жүзіне танымал әйгілі туындылармен салыстыруға келмейді және салыстыруға болмайды. Мен үшін ел рәміздерініңорны ерекше. Еліміздің тәуелсіздік жолында қаншама қиындықтарды басынан кешіргендігін біздер, жастар жақсы білеміз. Сондықтанда, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай деп тілейміз. Ал елдігімізді айшықтайтын басты рәміздеріміз жарқырай берсін!