Қызылордада жасалған!

 Қызылордада жасалған!
жеке
блог

Сауда орталықтарының сөрелерінен «Dalatex» атауын көре қалсаңыз, айналып өтпеңіз. Өйткені, ол – отандық өнім. Осындай атаумен Қызылорда қаласындағы тігін фабрикасы шығаратын ерлер жейдесіне деген сұраныс күн санап артып келеді. Ел өндірісіне өз үлестерін қосуды көздеген кәсіпкерлермен тігін фабрикасында кездескен едік.

Кәсіптің жетекшісі  Ділмұхамед Абизов 20 жылдай киім саудасымен айналысқан. Өңірімізде ерлер жейдесін сапалы етіп тігуге болатындығына көз жеткізген кәсіпкер 2016 жылдың мамыр айында көйлек-көншек бизнесін бастап кетті. Отандық жейделерді тігуді жүзеге асыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алған. Тігін цехы заманауи құрылғылармен, тігін машиналарымен, қосалқы заттармен қамтамасыз етілген. Онда 35 адам жұмыс істейді. Бірі жағасын тіксе, екіншісі түймесін қадайды. Фабрикада кәсіби тігіншілермен қатар, пішіп-тігуді осы жерде үйренген жұмысшылар да бар. Жейде тігудің қыр-сырын меңгеру үшін Түркиядан арнайы технолог-маман шақырылған. «Dalatex» кең үлгідегі, қынама белді және жартылай ұзындықтағы үлгімен әртүрлі матадан тігілген ерлер жейделерін ұсынады. Тоқтаусыз еңбектің нәтижесінде тәулігіне 300 жейде тігіледі.

Халық арасында барлық өнімді шетелдік тауарлардың сапасымен салыстыратын көзқарас қалыптасып қалған. Мәселен, тұтынушылар жейделерді таңдау кезінде түріктер өндірген киімдерді жоғары бағалап жатады. Біз осы пікірді өзгерткіміз келді. Елімізде де сапалы киімдер шығарылатынын көрсетсек дедік. Бұл жоспарымыз жүзеге асқан да сияқты. Себебі, қазір «Dalatex» киімдеріне жақсы баға беріліп жүр. Отандық өнім ретінде біздің бұйымдарымыз даланың текстилі болса екен деген мақсат болды. Кәсібімізге «Dalatex» атауын таңдаған себебіміз де сондықтан, - дейді фабрика директоры Нұрлан Сердалиев.

Мұндағы тауарлар 100 пайыз мақтадан жасалады. Сондай-ақ, тұтынушылардың талғамына сәйкес мақтаны синтетикамен, созылатын стретч маталармен, лайкралармен араластырып жасалатын жейделер де бар. Мұндай жейделер үтіктеуді қажет етпейді. Талғамы жоғары тұтынушылар үшін бұл өте қолайлы болмақ. Маталар Түркиядан әкелінеді. Матаның шетелден алынуын Нұрлан Өтегенұлы былай түсіндірді:

«Әлбетте біздің елімізде мақта өседі. Соған қарамастан мата неліктен сырттан әкелінеді деген сауал туындауы мүмкін. Оның да өз себептері бар. Өйткені, біздің мақталар басқа бұйымдарды жасауға ыңғайлы болғанымен, жейденің матасына жарай бермейді. Маталарды бояудың өзі бір технология. Яғни, киімді жуған кезде оның бояуы шықпау керек. Егер бізде мата шығарылса, басқа елден тасымалдап әуре болмас едік. Қазіргі басты жұмысымыз сапалы дүние жасау болып тұр».

«Dalatex» жейделері еліміздің қалаларымен қатар Ресейге де экспортталады. Екатеринбург қаласының тұрғындары осы фабрикаға арнайы тапсырыстар береді. Фабрика көтерме сауда бойынша жұмыс істейді. Сауда орындарының сатылымдарында «Dalatex» жейделері 5500 теңгеден басталады. Бағалар көйлектің түрлеріне, маталарының сапасына қарай әр түрлі болып келеді.

Компания басшылығы кәсіптерін дөңгелету үшін мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы ерекше болғанын айтады. Олар алдағы уақытта өнімнің санын да, сапасын да арттыруды көздеп отыр. «Dalatex» сөзін естігенде адамдардың санасына сапа деген синоним келсе дейді, - Нұрлан Өтегенұлы. Өз өнімдерін бренд ретінде қалыптастырып, әлемдік маркалармен бәсекелесе алатындай дәрежеде еңбек ететіндіктерін жеткізді ол.