Тереземдегі көрініс. Жо-жоқ, биіктік туралы, қар туралы, табиғат туралы да емес.
Қыз бен жігіт. Жігіт құшақтап алады. Қыздың екі қолы жанында, түзу тұр, ол құшақтамайды. Біресе құшағынан шығып та кетеді. Жігіт қайта құшақтап алады, қыз жай тұрады. Жаныма келіп-кетіп, менің қызықтағанымды қызықтап жүрген құрбым: «Ренжісіп тұрған шығар»,- дейді. Жоооқ. Жай, қыз тартыншақтап, ұялшақтап тұр. Екеуі біресе екі нүктені белгілеп, жерге аяқ ізімен кесінді сызғандай былай да былай жүреді. Бірде бастапқы орындарына қайта тұра қалады. Жігіт қызды қайтадан құшақтап алады. Қыз бірнәрселерді айтып, сылтауратып, іннен шыққан тиіндей тағы да құшағынан сытылып шығады. Жігіт бір сөз айтады. Қыз басын сәл аспандатып, шалқайыңқырап күледі. Күлкілі болмаса да күледі, білем. Жігітке жағайын деп өтірік күлмейді. Ақ жүрегімен, пәк көңілімен күледі. Жігіттің айтқан сөздері күлкілі болғандықтан емес, әзілге әрленіп, қалжыңға көмілгендіктен емес, жай ғана сол сәттегі бақыттылығы үшін күледі. Жүрегімен жақын тартқан жанының жанында болғаны үшін, шексіз сезіммен, риясыз күледі. Мен бір күлкіні қаузап отырғанда олар тағы әлденеше түрлі қызық қылық жасап үлгерді. Бірде жас балаша алысып, жағаласып ойнап та алады. Сағат түскі 16-лар шамасы. Күн қоюланып үлгерген жоқ. Олар «алтыншы қабатта терезеге телміріп, бізді біреу тамашалап тұр-ау» дегенді ойлаудан аман. Тіпті, темекі түтінін бұрқыратып, тура жандарынан сырғанай-мырғанай өтіп кеткен екі жігіттің аяқ дыбысын да естіген жоқ. Екі жігіт те құшағы қиысқан қос ғашыққа көз қырын салмады. Дәл сол жерден қыздар өтсе, бұрылып бір қарап, өз қосағын қиялдап кете берер ме еді, мүмкін?! Ал бұл екеуі тіпті ашық алаңда, өткен-кеткеннің көзі түсетін жерде тұрғанын, мынау әлемде, жер шарында жүргенін де ұмыт қылған шығар. Дәл қазір екеуі үшін де бір-бірінен басқа әлем жоқ.
Ой, жігіт қыздың екі бетінен кезек-кезек сүйіп алды. Қоштасып тұрғанға ұқсайды. Неге асықты? Қыз тоңып қалды ма екен? Жоооқ. Сүйгенінің қасында тоңу деген сезімнің қандай болары да есіне келмеген болар. Бәлкім, басқа шаруаларына асықты. Екеуі екі жаққа бет алды. Екі адым жүрді де, артына қарайлап, бір-біріне қайта ұмтылды. Мына жағынан бір, мына жағынан бір бір-бір секунд құшысты да, қайта ажырады. Енді анық қоштасты. Екеуі екі жаққа жүріп кетті. Мен ойыншыққа алаңдаған баладай басымды кезек-кезек бұрып, екеуіне алма кезек қарап тұрмын. Екеуі де артына қарамады. Қоштасудың артында «сағынысып қауышу» деген тағы бір сәттің қашан боларын ойлап барады...
Қай жерде көрсем де, таң демей, күн демей аймаласып, өбісіп тұратын қыз-жігіттерден көптен көз ашпаған мен мына көріністі сүйсіне тамашаладым. «...Сүйем ғой, сондықтан да, Сүйіспей қоштасайық!» (Мөлдір Айтбай) деген өлеңді естігенде аздап күмәнданып едім, қыз солай дей қойсын, соған көнетін жігіт қалды ма екен деп күдіктеніп едім, бар екен. Бар екен! Бұзылмаған қаймақты ұятыңнан сарқыты болса да қалған екен. Қазағымның осындай ҚЫЗдарынан айналып кетейін!
Сурет ushkin.kazjur.kz-тен