- Қиялисың осы сен... - Білемін...
блог
*** Кеше жұмысқа келе жатсам, бір подъездің алдында төмендегідей гүлдер өсіп тұр! Қоршауды жағалай жүріп, гүлдерді әбден сүгіретке түсірдім. Қырынан, төбесінен, жанынан... біресе отырып, тұрып, қисайып, қоршаудың арасында қолымды жартылай созып түсіріп жатсам, бірге жұмыс жасайтын бір апай өтіп бара жатыр екен. Апайым: "Не істеп жатырсың?"-дейді. "Гүлдер әдемі болып тұр екен, сүгіретке түсіріп жатырмын"-десем, "Қиялисың осы сен"-деп, күліп кетіп бара жатыр. "Жындысың" демегеніне тәуба, қияли екенімнен хабардармын ғой, апай.)) Әдемі ғой, расында!
*** Кекілінен қасы тұрмақ, көзі көрінбейтін қыздың кекілі өсе-өсе артқы ұзын шаштарына қосылды. Маңдайы бар екен! Біршама кең екен! Сөйтіп, маңдайы жарқырай бастады... Қос жанары кекілінің астында тығылып жүруші еді үнемі... Сонда қазір кекілсіз жүргені, маңдайын ашып жүретіндігі енді ешкімнен тығылып, қорықпайтыны, сәл-пәл "есейгені" дегенді білдіре ме екен? Қызық. Ол мен өзіммін ғой. Ал, Сіздердің кекілдеріңіздің өмірге "келіп-кетуінің" себебі, сыры бар ма? Менікі бар...
*** Мөлдір Мұңым, жәй ғана бақытты болайықшы... Бірімізді-біріміз бақытты қылайықшы... Үміттерімді үзіп, жігерімді таптай бермеші... Түгесілмейтін ойдан алып кетші мені... Алып кетші мені жыраққа... Көңілімнің сөгілген кестесін қайтадан тіге бастайыншы... Жанарымнан бақыттың тамшысы тамсыншы... Қолыңнан келе ме... Әлде сен де жүзі сұлу, сөзі бос, көкірек көзі ұйқылы, өзінен өзгені көрмейтіндерденсің бе... Тәйірі, жүрексіз өмір сүре алатын адам болса, сол адам мен-ақ болайыншы. Мөлдір Мұңым, жүрегімді ақысыз-ақ сыйға тартайыншы Сізге... депті Ол Оған...
*** Бірнеше күн күннің нұрымен "ойнаған" едім...
***Сессия басталады аз күнде. Өзім жазбаған диплом дайын болып қалды. Қысқасы, дайынмын. Ал, басқа сынаққа дайын емеспін. Өлімді жиі ойлау керек. Өте жиі. Өлімнен қандай қорықсам, оған сондай асығамын. Бірақ амалым аз болған соң, Аллахтан ұялмай тағы біраз уақыт тілеймін. Уақыт беріп тұрса да, игі амал қылмаймын. Не деген ақымақ та, топас ем. Енді қанша уақыт берері беймәлім. Қорқамын. Өлімді ойласам, сабама түсемін. Көкке өрлеген көңілім жердің түбінен бірақ шығады.
*** Қабағымда қар жауып, ол жерде үнемі қыс. Жүрегім жыламсырап, ол жерде үнемі күз. Езуім үнемі күліп, ол жерде үнемі жаз... Көктем тек мида ғана... Босай алмайды көңілдің көңілсіз шырмауынан.
*** Ақырғы амалымның қандай түрде боларын ойласам, қазір-ақ мешітті барып мекендегім келіп кетеді. Уақыттың қысқалығы-ай. Сахабалар кезінде 600 жыл аз көрінсе, біздің өмір сүру уақытымыз тіпті де... сөз жоқ! Басымыз сәждеге жығылып, қайта тұрдым дегенше, о сапарға аттандым деген уақыт екен-ау. Тәйірі, не тірлік бұл? Қайсы ісімді айтып мақтанайын? Қайсысы қабіріме жарық береді екен? Қайсысы көрімді кеңейтеді екен? Қайсы амалым қабыл болып, қайсы тұста нәпсіге жығылдым екен. Жүрек бірнәрсе сезеді осы. Сағаттың шықылы құлаққа тым жиі әрі тым жақыннан естіледі-ау. Аллах ұнатқан амалдарым, менен алшақтамаңдаршы...
*** Санамды құшақтап, миымды тыныштандырып, көңілімді болмашымен аулап, жүректі тұншықтырып жатырмын. Соғысы сәл баяулады. Ақылға жүгінемін деп, жүзіме жалған күлкі пайда болды. Ақылдікі де жөн болса керек. Бұл заманда сезімдер бағаланудан қалған, сірә. Не керек емес уақытта, керек емес жерде, керек еместер қатарынан табылып қалдым ба екен? Тағы да?
*** Реалды өмір. Соңғы аялдама. Тыныштық. Сабыр. Иман. Сезім. Қанатсызбын. Ұшқым келеді. Үнсіздік. Өлім. Үміт. Үрей. Сағыныш. Жүрек. Жылау. Намаз. Шаттық. Арман. Қуану. Өмір. Күту... Таразымды теңшеп келейін...Уақыт керек тағы да... уақыт...
Н.ғ.: ... ауылымды сағындым...
Сүгіреттер жеке мұрағаттан.