Қазақ қоғамындағы әйелдің орны
блог
«Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні – әйелде», - деп Жүрсін Ерман ағамыз айтқандай, қай заманда да, қай халықта болмасын әйел адамның орны ерекше. Қазақ халқында әйел адамға өмірдің әні мен сәні, үйіміздің жылуы, ер адамдардың ақылшысы, балаларымыздың тәрбиешісі деп қараған.
Әйел – ибалы қыз, инабатты келін, ана, әпке, апа, әже. Әйел адамға аса жауапты міндет жүктелген. Тоғыз ай он күн толғатып, тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп адамзатқа өмір сыйлайды. Ата - бабаларымыз да әйел адамға ерекше құрмет көрсеткен. Ұрпақ тәрбиесіне әйел адам жауапты болған. «Баланың жақсы болуы нағашыдан» деген әдемі сөз бар. Оның түп-төркініне келер болсақ, ата-бабаларымыз аналарының, әйелдерінің шыққан тегіне, қадір-қасиетіне ерекше мән берген. Ол әйел адамның ұрпақ өрбітудегі орны жоғары әрі жауапты екенін білдіреді.
Қазақ қоғамында да, асыл дінімізде де қыз баласын сыйлаған, құрмет көрсетіп, бәрінен биік қойған. Мысалы, қыз баланы үйінде қонақ деп төрге отырғызған, қызға қырық үйден тыю болған, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у) балаға Алла тағаланың берген сыйы деп қарап, ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Өйткені, қыз баланың жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, ол ертеңгі біреудің қимас серігі, оң босағадағы қонақ деп түсіндірген. Сондай-ақ, көшпелі шаруашылықта киіз үйді тіккенде шаңырағын ер адамдар көтерсе, керегесін керетін, уығын шаншитын әйел адамдар болған. Әйелдердің осындай артықшылықтарын көрген ерлер түрлі заңдар арқылы оларды қорғап отырған. Сондай-ақ, ақын-жазушыларымыз да әйел затын тілдеріне тиек етіп, ән, жыр, өлең, әңгімелерін арнаған. Мәселен: Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы» атты повесінде әйел затын танылмаған планетаға теңеп, дүниежүзінің ғалымдары бірігіп әлемнің құпияларын ашса да, ешқандай ғылымның, данышпанның әйел жанының құпиясын аша алмайтындығын айтқан.
Қыз баланы болашақ жар, аяулы ана, ақ жаулықты әже деп жастайынан үй шаруасына, тігін тігу, құрақ құрау секілді шаруаларға баулып, адамгершілікке,әдемілілікке, парасаттылыққа, еңбек сүйгіштікке де тәрбиелеп отырған. «Алып анадан туады», - деген сөздің астында терең мағына жатыр. Ертедегі ел басқарған хандарымыз бен билеріміз, ер жүректі батырларымыз, ақын-жазушыларымыздың барлығы дерлік алтын құрсақты аналарымыздан туған. Балаларын данадай етіп өсірген, сондай ардақты аналарымызға кешегі тарихымыздағы Домалақ ана, Ұлжан, Ұмай, Зере аналарымыз, әулиелілігімен танылған Бегім ана, Шоқанның әжесі Айғаным анамыз бірден-бір мысал бола алады.
Сонау екінші дүниежүзілік соғыс заманында әйелдер түрлі шаруаларға араласып, экономика, өнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп т.б салаларын игере бастаған. Сол уақыттан бастап әйел адамдар қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, әйел адамдарда «ер мен әйел тең құқылы» деген пікірлер қалыптаса бастады. Ері жоқта есті әйел оны жоқтатпай, барлық жұмыстарды әйел адамдар жасай беретін дәрежеге жетті.
Қазіргі қоғамымызда да әйел адамдардың орны орасан зор. Әйел адамдарды басшы тұлғалар қатарынан, бизнесте, экономикада, саясатта басқа да кәсіп салаларында кездестіріп қалатынымыз рас. Олардың саны күн сайын артып келеді десек те, өтірік емес. Дегенмен, «Алтын басты әйелден,
Бақа басты еркек артық», - демекші Алла тағала әйелді әйел, еркекті еркек қылып жаратқаннан кейін, әйел адамдар қанша жерден шаруа істеп, ер адамдармен тең құқылымыз десе де, ер адамдардан мықты емес.
Қазақ қоғамындағы әйел заты ерін сыйлаған, ерінен бір саты төмен тұрған. Дегенмен, қазіргі таңда отбасына да, жұмысына да үлгеріп, отбасында аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, жұмысында биік-биік белестерден көрініп, абыройлы басшы боп жүрген әйел адамдары қаншама. Десек те, әйел – биліктегі саясаткер емес, отбасындағы саясаткер болса қандай жақсы?!
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мынандай сөзімен қорытындыласам, «Қазақта.... «ұл туса, ұрпағым өседі, қыз туса, ұлтым өседі»,- деген ұлағатты сөз бар. Ұлы даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады. Біздің халқымыздың «Даналардың өзі аналардан жаралады», - деп бекер айтылмаған».
Данат Жанатаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты
Абытова Құндыз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология және әлем тілдері факультетінің магистранты