Қайда жүрсең де, аман бол!

Сәлем, құрбым!

Өзіңнің жүзіңді көрмегелі, дауысыңды естімегелі біраз болды. Қызық, бір қалада тұрамыз, бір көшемен жүреміз. Бірақ, бір-бірімізді көрмейміз, бір-бірімізді іздемейміз, бір-бірімізді сағынбаймыз. Неге?! Бізге не болған?! Кеше ғана бір-бірімізден бір қадам ұзамайтын ең жақын құрбылар едік. Армандарымыз бір еді, қиялдарымыз да. Нұрға толы болашаққа сендік емес пе?! Қиын кезде бір-бірімізге сүйеу болған, қуаныштарда демеу болған күндеріміз қайда кетті? Өзіңді қайдам, мен осы сұрақтарға жауапты әр кез іздеймін. Сол кездерді аңсаймын. Қызықтарды еске түсіремін. Қиындықтарға енді күле қараймын. Сен менің ең жақын құрбым едің. Бар сырымды, бар мұңымды, бар ойымды, жүз жылдық жоспарларымды сен ғана білетін ең. Саған барынша адал болуға тырыстым. Сенің бір ауыз сөзіңді жерге тастамауға тырыстым. Өзіңді түсінуге, жылы сөзіммен қолдауға барымды салатынмын. Кез-келген жаңалықпен бөлісу үшін өзіңе асығатынмын. Тіпті, менің көңіліме кірбің түсіргеніңде саған кешіріммен қарайтынмын. Мен үшін арамыздағы достық қымбат еді. Екеуміз ажал келгенше дос боламыз деп ойлайтынмын. «Қыздар арасында достық жоқ!» дегенге сенбейтінмін, сенгім келмейтін. Бұл пікірге қарсы тұратынмын. Ал енді бұл сөздің жаны бар екеніне көзім жетті.

Арамыздағы достық қылы үзілгендей. Оның үзілуіне біз кінәлі емеспіз. Уақыт тығыздығы, сол уақыттың жоқтығы кінәлі. Уақыт болса, бір-бірімізге деген көңіл басқаша болар еді ғой. Әй қайдам, бұған уақыт та кінәлі емес. Кезінде уақытқа қарамай бірге жүрдік. Уақытқа, ақшаға, басқаға қарамай көңіліміз түзу болды. Ал қазір ол көңіл жоқ. Ол көңілді қайта орнына келтіруге бола ма?! Қалай ойлайсың? Меніңше, жоқ. Неге дейсің ғой. Себебі, мен үшін достық қылы үзілді, көңіл кілті жоғалды. Ұшты, кетті, бітті, жоқ.

Әдетте, адамдар арасындағы қарым-қатынас ақшаға, ренішке, ұрысқа, қызғанышқа қатысты бұзылады. Ал біздің арамыздағы достықтың үзілуіне жоғарыдағының бірі де септігін тигізбеді. Екеуміздің бір-бірімізге қарсы тұрып, тілге келген күндеріміз болмады. Қарыз бен қызғаныштан әрі жүрдік. Сонда не?! Қандай себеп арамыздағы жылулықты бұзды? Айта аласың ба?

Бұл сұрақтарға жауап іздейсің бе, іздемейсің бе, мен білмеймін. Абай атамыз айтпақшы «Басыңа іс түскенде» мені іздейсің бе, жоқ па, оны да білмеймін. Жалпы, бұл өмірде мен саған керекпін бе, жоқ па, ол да маған қызықсыз. Өзіңе бір ғана тілегім – қайда жүрсең де аман бол!

Үлкен қуанышың болғанда, мені жаныңнан көруге асықпадың. Ал кезінде тіпті «Бір-біріміздің тойымызда асыр-салып думандап қайтамыз, қыз жолдас боламыз» деп серт бергенбіз. Ол серт сенің тарапыңнан бұзылды. Алда менің қуаныштарым келе жатыр. Бірақ, бір де бір қуанышымды айтып, өзіңе сүйінші хабар жеткізуге асықпайтын боламын. Сен үшін мен қатардағы қарапайым бір азамат болсам, сен де мен үшін сол қатардағы бір жансың. Ал енді қош бол!



Бөлісу: