Қауырсын арман

                                                             Қауырсын арман
жеке
блог

Арман алға жетелейді. Асқақ армандардың қанатына мінген Санат адвокат болсам деген мақсатпен қалаға келді. Елдегі үлкен жоғары оқу орындарының біріне түскеніне өзі де, ата-анасы да дән риза. Ол небәрі 18 жаста. Оқуға келген күннен көзге түсіп, жақсы білімімен, тәртібімен ұстаздарының, курстас достарының ортасында беделі арта берді. Қоғамдық жұмыстарға, түрлі іс-шараларға белсене қатысып, әрдайым жүлделі орындардан көрініп жүрді. Ұстаздары оның болашағынан үлкен үміт күтті...
Санат университетке асығып бара жатқан еді. Бір кезде оны жолдың шетінде жиналып тұрған төрт-бес бала тоқтатты.
– Сәлем, Санат! Қалайсың? Қайда барасың? –деп біреуі әңгімеге тарта бастады.
Санат бұл балаларды сырттай білетін. Күмәнді, күдікті істері көп, жүріс-тұрыстары да оғаш осы балалардың есірткіге жақын екенін де ұзынқұлақтан естіген. Сондықтан олармен амандасты да, өз жөнімен кетуге тырысты. Сол кезде балалардың ішіндегі бойшаң, арық бір жігіт:
– Күндіз-түні «оқу,оқу» деп басың ауырған шығар.  Бір шылым шегіп, бойыңды сергітсеңші,-деді.
– Рақмет, жігіттер! Мен темекі шекпеймін.
Сол күннен кейін әлгі жігіттер Санатты маңайлауын қоймады. Таңертең  оқуға бара жатқанда, кітапханада ұзақ отырып, жалдамалы пәтеріне кешірек қайтқанда  алдынан шығып, темекі ұсынатын, достық ниетте екендіктерін, өзімен жақын араласқысы келетіндіктерін айтатын. Сөйтіп жүргенде, Санат сол жігіттермен қалай дос болып кеткенін өзі де байқамай қалды. Олар туралы баяғы жаман ойлардан арылып, сөздеріне де, өздеріне де сене бастады. Бір күні жаңа достарының ішіндегі ең үлкені, алғашқы кездесуде ұсыныс жасаған жігіт Санатқа есірткі ұсынды. Бір иіскегеннен нашақор болып кетпейтінін айтып, ант-су ішкен досы «жастық шақта осы бір ғажайып ұнтақтың дәмін бір сезіп көрмей өту жігіттікке жараспайды» деген тәрізді сөздер айтып, күштей бастады.Не керек, соңында ол көздегеніне жетті...
                                                                          ***

Санат – нашақор. Есірткі пайдаланбаса, өліп қалатындай жаны қиналып, көзіне ештеңе көрінбей кетеді. Оқуын баяғыда тастап кеткен. Онда «есірткі алатын ақшаны қайдан тапсам екен?» деген бір ғана ой қалған. Алғашында «Оқуға керек, анаған керек, мынаған керек» деген сылтаулармен ата-анасынан қомақты қаржы алып жүрді. Кейін үйінен ақша ұрлайтын болды, соңында басқа да үлкен ұрлықтарға, қылмыстарға араласа бастады. Осылайша зымырап уақыт өтіп жатты. Ата-анасы бар шындықты үш жылдан соң білді. Аялап өсірген ұлының нашақор болғанын білгенде ана жүрегі қан жылады. Ал бар уайымы мен қайғысын іште сақтаған әкесі қан қысымы көтеріліп, қаза болды.
Санат бұл қасіреттің бәріне өзі кінәлі екенін түсінген де жоқ. Өйткені, оның миы ойлаудан қалған еді. Анасының емдетемін деп жанталасқан, дәрігерлерге көрсетіп, шет елге де апарған еңбектері еш кетті, пайдасы болмады. Есірткіге мастанған жігіт түнгі клубқа барып, көңіл көтеруді әдетке айналдырған. Бір күні түн ортасы болғанда клубтан шығып, өзі сияқты арақ-шарап пен есірткіге масайрап, әбден қызған достарының көлігіне отырды. Шуылдасқан жастар «күзенің мың күнде емес, бір күнде сынатынын» ойламаған еді. Солай көңіл көтеріп, мастықпен келген жасанды шаттыққа батып, өмір бойы жүре беретіндей көрген... Бір уақта делебесі қозып, айқайлаған жас жүргізуші рөлді басқара алмай қарама-қарсы бағытқа шығып кетті. Жеңіл автокөлік жолда ирелеңдеп барып, қарсы алдынан келген үлкен жүк көлігіне соғылды...

 ***    

 ...Көктемнің шуақты  күні. Терезеден бөлме ішіне тараған күннің нұры бөлмені ғана қыздырып қана қоймай, жанға да жылу бергендей. Терезенің алдында, мүгедектер арбасында отырған жігіт көшеге ұзақ қарайды. Бір жаққа асығып жүгірген адамдар, ары да, бері де зуылдаған әдемі көліктер, қарбалас тіршілік... Арбаға таңылған жігіт бүгін өзіне арман боп қалған сол бір қарапайым тіршілікті аңсайды. Өзінің де сол көшелермен оқуға асығып, алғашқы махаббатымен кездесуге асығып жүгірген күндерін сағынады. Бір кезде көктемнің желі желпіп, бір тал қауырсынды терезенің алдына әкеп тастады. Үлбіреген әппақ қауырсын. Арбаға таңылған жігіт әйнектің ар жағында, баяу желмен діріл қаққан қауырсынға қарап ұзақ отырды. Абайсызда жұлынып, жел ұшырып әкелген әппақ қауырсынды ол өзінің әппақ арманына ұқсатты. Абайсызда желге ұшқан, адасып қалған, адастырып кеткен арманына... Оның адам болсам, өмірде өз орны бар, қоғамға пайдасы бар тұлға болсам, бақытты  өмір сүрсем деген арманы да осындай кіршіксіз, әппақ еді. Енді ол армандар жоқ, тек қана өкініш пен өксік қалыпты жүректе.
Жол апатынан соң бір аяғынан, есірткі пайдаланғаны үшін бір бүйрегінен айырылып, өзегін өкініш өртеп, терезеге телміріп отырған мүгедек жігіт сол баяғы арман қуып қалаға келген, мықты адвокат болып, әділет сақшысына айналамын деген Санат еді. Бір ғана қателігінің себебінен армандары адыра қалған, үкілеген әппақ үмітінің күлі көкке ұшқан сол Санат еді...

Сымбат Айдархан