" Жас тамшысы "

" Жас тамшысы "

 

Жырымның  естігендей сөзінен мұң,

Өткен балғын бейнеңе кезігемін.

 Алаңсыз арман қуып жүргенімде,

 Сергіткен сезімімді өзің едің.

 Мен тыныш қалай ғана көз ілемін,

 Билеп алды бойымды сезім менің.

 Аспандағы ақша бұлттай шарқ  ұрумен,

Өзіме бағынбайды өз жүрегім.

Көңілім ортаймайды, толмайды да,

 Балдай тәтті батамын мол кайғыға.

 Ырғалған сезімменен көңіл гүлі,

 Бүр жармайды неліктен, солмайды да.

 Дем жетпеген балықтай қайрандағы,

Белгісіз өткен күндер, айлар бәрі.

 Жазылмаған жарасы жүрегімнің,

Батырдай қансыраған майдандағы.

Тұрақ  таппай сенім сабыр іргесінде,

 Тұтқын жүрек кеудемнің түрмесінде.

 Сенделген, сары уайым, сырқат күйім,

 Сені аңсап, сағынышпен  күй кешуде.

 Зымырап күн артынан күн көшуде,

 Бар санам сағынышпен тілдесуде.

 Есінде ме екеуміз кездескенбіз,

Ауылдың  ақшамытқан бір кешінде.

Көңілдің  іліктірген асқақ  ырқын,

 Жүректің жазылмаған дастанысың.

Мұң мен шаттық өзіме қатар силап,

Ақ жейдеме төккенсің жас тамшысын.

Қандай мұң шаттығыңды қашырған,

Бір сыр тұрды қабағыңда жасырған.

Басыңды  иығыма сүйеп жыладың,

Ак білегің мойныма асылған.

Барша жұлдыз тұнған кезде тізілген,

 Жабырқау жай байқағанмын жүзіңнен.

Алақанымда қалды жанған алаудай,

Ыстық жасың кірпігінен үзілген.

Қайран қылды құпия бұл қылығың,

Босатпаған тағдырының шылбырын кім.

Қырмызы қызғалдақ гүл теретұғын,

Қар басыпты біз жүрген қырды бүгін.

Кете бердің қоштаспай менен ұзап,

Суық ойлар санама салар сызат.

Өткен күндер өзгермес өшпес әрі,

Мәңгіге көңіліме кеттің із сап.

Асығыс алау силап жыр жаныма,

Сен менің сабырымды ұрладың ба.

Өзіңді іздеп өзеннің жағасынан,

Шықтым қанша таулардың қырларына.

Кезермін бәлкім сайын даланы да,

Аралармын зәулім үй қаланы да.

Тек қана тілегім бар, кездескенде,

Жас тамшысы болмасын жанарыңда.



Бөлісу: