#DenisTenMemorialChallenge

 #DenisTenMemorialChallenge
жеке
блог

Алматы “Denis Ten Memorial Challenge” халықаралық турнирі басталды. 3 күн қатарынан өтетін жарысқа 19 елдің мәнерлеп сырғанаушылары қатысады. Арасында Алексей Мишин, Этери Тутберидзе, Елена Водорезова секілді танымал жаттықтырушылардың шәкірттері қатысады. Алты мәнерлеп сырғанаушы, Денистің ізбасарлары ел намысын қорғайды. Баспасөз конференцияда Денистің анасы Оксана Тен бұл турнирді өткізу баласының арманы болғанын айтқанда жүрегім сыздап қоя берді. Көзім жасқа толып, бүкіл баспасөз конференция тоқтамады. Денистің қазасына әлі де сенгім келмейді.

Денистің еңбегін, жеңісін, марапатын барлығымыз көрдік. Мақтанышымыз дедік. Жеңіс тұғырынан көргенде бір жасап қалатынбыз. Маңдайымызға қалайша сыймай кетті?! Түсініксіз. Әділетсіз. Ауыр.

Мен Дениспен 2014 жылы таныстым. Сочи олимпиадасынан қола медаль иеленіп, олжалы қайтқан оны құттықтағысы келген, одан сұхбат алуға асыққан жандар көп болды. Арасында мен де бармын. Жолым болды. 2014 жылдың маусым айында ол «Денис Тен және оның достары» шоуын ұсынды. Алғашқы рет өткен шоуға әлемнің түкпір түкпірінен танымал мәнерлеп сырғанаушылар келді. Бұрын соңды теледидардан көретін жұлдыздар көз алдымызда болды. Марқұм Денистің арқасында. Шоудан бөлек жас спортшыларға мастер-класс дәрістерін тегін өткізді. Сол кезде Дениспен сұхбаттасып, ол туралы деректі фильм түсірдік. Ол тапсырыс бойынша жасалған «Тәуелсіз елдің тұлғалары» деректі фильмдер желісінің төртінші кейіпкері болды. Анасымен, алғашқы жаттықтырушысы Құралай Узуровамен, достарымен тілдестік. Өзімен 2 сағаттай әңгімелестік. Оны жақыннан таныдым. Неткен салмақты, қарапайым, ақылды жан еді. Көп ізденетіні, оқитыны көрініп тұрды. Ешкімнің көңілін қалдырмай барлығымен суретке түсіп жатты. «Мен әлі жаспын, еліме қызмет етемін, атын шығарамын» деп еді. Берері көп еді.

Мына әлемге Денисті сыйлағаны үшін ата-анасына мың алғыс! Бүгінде жанұясы Денистің жоспарлаған ой-армандарын жүзеге асырып келеді. Халықаралық турнирден бөлек, Денистің әндерін жариялауға, ол туралы деректі фильмді ел назарына ұсынуға дайындалып жатыр. Көзі тірісінде қайда жүрсе де қолынан фотоаппараты түспеген екен. Сол суреттер жинақталған бірнеше фотокөрмесін өткізді. Келесі айда фото көрме Сеул қаласында өтеді. Ол жазған сценарий негізінде Тимур Бекмамбетов Голливудте фильм түсірді. Бұйырса, келесі жылы ол фильмді көретін боламыз. Ол мәнерлеп сырғанау спортын дамытқысы келген, академия ашуды армандайтын. Ол да жүзеге асар, құдай қаласа.

Алғашқы турнирдің сыйлы қонақтарының бірі оның жақын достарының бірі ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар  Юко Кавагути пен Александр Смирнов (суретте). Олар да Денистің өте ақжарқын, кең пейілді жан екенін айтып қалды. Денистің әруағын сыйлап келген қонақтарға көп рахмет! Өздері де шақырту алғандарына қуанышты екендерін жасырмады. Денистің отбасына алғысын айтып жатты.

Денис мәңгі есімізде қалатыны сөзсіз. Елі еш ұмытпайды. Ал оның ізбасарлары ел намысын қорғап, талай додаларда жеңіске жететініне сенемін. Бұл турнирде де топ жарып, жаңа есімдерді танитын боламыз. "Halyk arena"  кешенінде болатын турнирге келіңіздер, жас жұлдыздарды қолдаңыздар!