Берік отбасы – есірткіден алыс!
блог
Қызылорда ОІІД ЕБҚКБ тарапынан жарияланған сайысқа
Берік отбасы – есірткіден алыс!
Қазіргі таңда есірткіге еліткендер саны көбеймесе, азайып отырған жоқ. Есірткіге әуестік, әсіресе, жастар арасында белең алып жатыр. Бұл күндері есірткі саудасымен айналысатындар оның синтетикалық түрлерін сата бастады. Есірткінің синтетикалық түрлері небір улы химиялық заттардың қоспасынан жасалады. Ал ол өз кезегінде жас ағзаны бұзып, ауыр дертке душар етеді. Есірткі заттары жастар неғұрлым көп жүретін жерлерде мысалы, түнгі клубтар немесе керісінше, адам аз қатынайтын аймақтар, істі «куәгерлерсіз» тындырып аяқтауға болатын жерлерде сатылатыны айтпасақ та белгілі. Бұлар есірткі саудасының нағыз ошақтары болып табылады. Сондықтан ата – аналар кәмелетке толмаған, оңы мен солын ажырата алмайтын балаларының қайда жүргенін жіті бақылап, олардың жүріс–тұрысын мұқият қадағалау керек. Бала тәрбиесіне, біріншіден, өз ата–анасы жауапты, бұл – барлық ата–аналарға ортақ іс.
Қазіргі уақытта нашақорлық «тұқым қуалайтын» ауруға айналып бара жатыр. Елестетіңіздерші, нашақорлардың отбасынан шыққан балалар келешекте қандай болмақ? Әрине, көп жағдайда, әке–шешесі тәрізді нашақор болады. Кейін келешекте осы тілсіз жаудың құрсауында қалып, оны іздеп, керек етеді де, қалай да болсын табуға тырысады. Ал бұл жолда оның қылмысқа бармауына кім кепіл? «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады» деп Мұхтар Әуезов ой толғағандай, бала өздігінен емес, ең алдымен, қара шаңырағында көргенін істейтінін, айналасына қарап, өсіп жетілетіндігін ұмытпайық.
Ал, дүние есігін жаңа ашқан нәрестелер ше, ауру ата–анасының арқасында ақыл–ойы кем, денсаулығында ақаулармен өмірге келеді. Бұл дегеніміз, кейбір отбасынан шыққан жастарымыздың қоғамымыздың толыққанды мүшесі бола алмайтындығының дәлелі.
Жүсіпбек Аймауытов: «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен...» деп айтқандай, тәуелсіз еліміз бен балаларымыздың жарқын болашағы үшін бүгіннен бастап оларды түзу жолға салып, нағыз азамат етіп тәрбиелейік.
Құдайбергеновтер отбасы,
Байқоңыр қаласы