Балалық шағым бақытқа толы болды
блог
Өткен күннің парағын ашып, бала кезгі күндерге оралайын. Бұрындары менің кішкентай күнімде ғаламтор желісі деген болмайтын. Барлық қызықты сәттерім кітап, журнал оқумен өткен. Оларға деген қызығушылығымның күннен-күнге артуы мені үлкен мақсаттарға, армандарға жетеледі. Осы орайда, қазіргі таңда Максим Горькийдің «Бойымдағы жақсылығым үшін кітаптарға қарыздармын» деген қанатты сөзі еске түседі. Расымен де, адамдағы барлық жақсылық атаулыны оятатын кітап қана. Әрине, ата-ананың да рөлін айтпай кетуге болмайды. Алайда, олар күні бойы жұмыс жасап жүргенде, бала тәрбиені кітаптан алады емес пе?! Сондықтан, менің өмірімдегі кітаптардың орны қашан да ерекше болып қала бермек.
Ал енді бала күнде оқыған басылымдар жөнінде сөз қозғағым келеді. Менің анам уақытымның пайдалы әрі қызықты өтуі үшін көптеген журналдар мен әлем ертегілерін әкелетін. Солардың суреттерін қарап, оқи отырып, жақсы кейіпкерлермен бірге қуанып, зұлым келбеттілерден жиіркеніп өстім. Журналдардың ішінде жаныма жақыны «Балдырған» журналы болды. Оның әр санын асыға күтетінмін. Басылымда әңгімелер, ертегілер, жаңылтпаштар, әдемі жырлар және халықтың салт-дәстүрін дәріптейтін ғибратты ойлар көрініс тапқан. Адамдарға көмектесу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, өтірік, өсек сөздерден аулақ жүру жайлары журналдың әрбір айдарында әңгімеленеді. “Балдырған” журналының талай оқиғалары өсіп-жетілуіме түрткі болды деп айтқым келеді.
Дегенмен, ой-өрісімді кеңейтіп, маған тек дұрыс жолды көрсеткен анама алғысым ұшан-теңіз. Әрқашан өзінің жайсаң мінезімен, ақыл-ойымен, парасатымен үлгі болған анамды ұлықтағаннан асқан бақыт жоқ маған.
Ал сіз балалық шағыңызды қалай өткіздіңіз? Өзіңізді журналдар, не болмаса кітаптар оқумен дамыттыңыз ба?