2017 жылғы маусымда мұнай бағасының төмендеуі және Ресей рублінің әлсіреу үрдісі байқалды, бұл ішкі валюта нарығына белгілі бір дәрежеде әсер етті. 21 маусымда Brent маркалы мұнай бағасы нарықтың мұнай өнімдерімен жаһандық шектен тыс толуының сақталуына және ОПЕК келіссөздерінің тиімділігіне байланысты қауіп-қатерлер аясында бір баррель үшін 45 АҚШ долларынан төмен деңгейге дейін арзандап, жылдың басынан бергі ең төменгі мәнге жетті.
Ресей рублінің бағамы іргелі фактордың өзгеруіне тез арада ден қойды, содан кейін валюта 1 АҚШ доллары үшін 60 рубльге дейін әлсіреді. Теңге құбылмалылығының ішкі валюта нарығындағы үдеуін шектеу мақсатында Ұлттық Банк 101 миллион АҚШ доллары мөлшерінде сатуды жүзеге асыра отырып, АҚШ долларына деген артық сұранысты қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, валюталық өктемдіктер шетел валютасына деген сұраныстың шарықтаған кезеңінде: 2017 жылы 21-22 маусымда жүргізілді. Бұған дейін Ұлттық Банк Қазақстанның ішкі валюта нарығы жоғары құбылмалылыққа ұшырауы мүмкін екендігін атап өткендіктен, Ұлттық Банк айырбастау бағамы бойынша іргелі үрдісті қалыптастыруға кедергі келтірмей, валюта бағамының тұрақсыздыққа әкелетін күрт өзгеруінің алдын алу мақсатында валюта нарығында өктемдіктер жүргізу құқығын сақтады. Инфляциялық таргеттеу режимі жағдайында валюталық өктемдіктерді пайдалану экономикасы даму үстіндегі елдердің әлемдік практикасына сәйкес келеді.