Атамекен ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен Астана әкімі Әсет Исекешевтің қатысуымен Елорда кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясы өтті. Ауқымды іс-шараға сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Конференцияда Астананың алдағы уақытта дамуы, бизнесті анағұрлым оңтайлы жүргізу үшін инфрақұрылым жасау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар кәсіпкерлерді толғандырған түйткілдер көтерілді. Астанада жүзеге асырылатын бастамалар ел ауқымында жүзеге асады. Мысалы, 1000 сауда орны жобасы шағын бизнесті дамытуда өзінің тиімділігін көрсетті. Бүгінде шағын бизнес өкілдері 650 сауда орнында жеке бизнесін жүргізуде. Сауда орындары 7 жылға беріледі, инвестиция құюға мүмкіндік бар, ең бастысы сауда орны қаланың сәулетіне сай жасалған. Бұл бағдарламаны бүкіл ел бойынша жүзеге асыруды ұсынамыз. Бүгін әріптестерімізбен әлеуметтік сала және қызмет көрсетуді дамыту секторларында да бизнесті дамытудың тетіктерін анықтау мүмкіндігі бар екенін талқыладық. Елорда үшін бизнесті дамыту тұрғысынан қарағанда қай жерде не қажет екенін нақты түсіну маңызды, деп хабарлады Тимур Құлыбаев. Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының белсенді қатысуымен бақылау-қадағалау функцияларында ауқымды реформа жүргізілді. Нәтижесінде бизнеске қойылатын талап көлемі 56%-ға (17 мың) қысқарды, тексерушілердің 1 мыңға жуық штаттық бірлігі азайды. Мұнымен қоса Атамекен басшысының айтуынша, кәсіпкерлер тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы тиіс. Төтенше жағдайларға қатысты қоғамдық тамақтану орындарында болған келеңсіз оқиғалар, жолаушылар тасымалдаудағы жағдайлар, лифтердің құлауы деректері баршамызға аян. Осындай қайғылы жайттарды болдырмас үшін өзін-өзі реттеу институттарын дамыту қажет, тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдастықтар белсенді жұмыс атқаруы керек. Аса қауіптілік бар жерде және азаматтардың денсаулығына қатысты мәселе орын алғанда кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру қажет, деп атап өтті Тимур Құлыбаев. Атамекен мен мемлекеттік органдардың арасындағы өзара тығыз байланыстың нәтижесінде нормативті-құқықтық актілер мен заңнамаларды реформалауда бизнес-қоғамдастық ұсыныстарының 70%-дан астамы ескерілген. ҰКП Төралқа Төрағасы Бизнеске арналған Үкімет жобасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын реинжиниринг жасау мен автоматтандыру, сондай-ақ осы қызмет түрлерін бір терезе қағидатына негізделген Atameken Services жүйесіне енгізу жұмысы атқарылып жатқанын атап өтті. Нәтижесінде бизнеске қызмет көрсету мерзімі 50 күннен 1-3 күнге қысқарады әрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізбек. Атамекен басшысы сонымен қатар Елбасының шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін салықтың бір бөлігін өңірлерде қалдыру тапсырмасына назар аударды. Астанада Алматыдағыдай қала бюджетін шағын және орта бизнес қалыптастырып отыр. Егер салық түсімдерінің бір бөлігі өңірлерде қалса, әкімдіктердің бизнесті дамытуға деген қызығушылығы артады. Ал бұл жайт салық салу базасын қалыптастырады. Өз кезегінде өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, облыстарды дамытуға кеңінен жол ашпақ, деді Тимур Құлыбаев. Конференция соңында балабақшаларда мемлекеттік дотацияға арналған жас ерекшелігін екі жасқа дейін түсіру; ақылы автотұрақ аймақтарын құруда бизнестің барынша тартылуы; белгіленген салық мөлшерлемесін төмендету және басқа да бірқатар мәселелер талқыланды. Шара барысында кәсіпкерлерге өзге де сұрақтар мен мәселелерді Атамекен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдау ұсынылды.