Қазақстан қор биржасы (KASE) валюта нарығының таңғы сессиясына қатысты сауда нәтижесін жариялады. Есепке орай, 1 АҚШ долларының бағасы 334,5 теңгеге тең болды. Айта кетсек, Қазақстан ұлттық валютасы бір күнде 4,5 теңгеге дейін құлдырап отыр. Ал оның соңғы аптадағы көрсеткіші 12 теңгеге төмендеді.
Halyk Finance инвестициялық банкінің аға сарапшысы Асан Құрманбековтың айтуынша, теңге Ресей рублімен бірге құлдырап жатыр. Ал көрші елдің валютасы АҚШ-тың Ресейге қарсы жарияланған санкцияларының кесірінен құнсызданған.
Сарапшы маманның айтуынша, теңгенің құлдырауына мұнай бағасының төмендеуінен әлемдегі саяси маңызы бар шешімдердің әсері көбірек болған. Қазіргі капиталистік қоғамның экономикасы саяси шешімдерге тікелей тәуелді болғандықтан, ашық экономикалық саясаттың берік дамуына кедергілер шығып отыр.
Қазақстан ұлттық валютасы бір күнде 4,5 теңгеге құлдырады. Бұл негативті трендтің бастамасы ғана болуы мүмкін. Дереккөзі: Ұлттық Банк
"Ұлттық теңгеміз Ресей валютасына жан-жақты тәуелді. Ол құлдыраған жағдайда, теңге де құнын жоғалтып отырады. Сонымен қатар, АҚШ өз территориясындағы мұнай өндірісінің көлемін арттырып, мұнай бағасын төмендетті. Бұл да белгілі бір деңгейде теңгенің құлдырауына әсер етіп отыр", - дейді Құрманбеков мырза.
Мұнай бағасына техникалық талдау жасау арқылы, Brent бағасы аймақтық максимум нүктеге жеткенін көруге болады. Демек, енді негативті тренд төменге бағыт алып, маусым айында минимум нүктені басып озуы мүмкін. Дереккөзі: Bloomberg
Бүгін халықаралық нарықта Brent маркалы мұнай $51 бағасымен сатылып жатыр. Ол бір күнде 1,5 АҚШ долларына арзандап, мұнай экспорттайтын елдер валютасының құнсыздануына алып келді. Әзірге, валюта нарығындағы негативті трендтің төменгі пункті белгісіз болғасын, теңгенің құлдырауы қаншаға дейін жалғасатынын айту қиын.