- Негізгі бет
- Бизнес жаңалықтар
- Saxo Bank: Қазақстан...
Saxo Bank: Қазақстан экономикасына түбегейлі өзгерістер керек
Тамыз айының басынан бастап Қазақстан ұлттық валютасының АҚШ долларына қатысты бағасы 15 теңгеге дейін құнсызданды. Кейбір экономистер бұл жағдайды АҚШ-тың Ресейге жарияланған санкцияларымен байланыстырса, тағы біреулері мұнайдың экспорт көлемін қысқарту мәселесінің шешілмеуіне қатысты деп отыр.
"Осы кездегі теңгенің құлдырауы мұнай бағасына байланысты болмады. Бұл тәуекелдер нарығының тым жоғары бағалануынан туындап отыр. Сондай-ақ, Трамп қол қойған санкциялар да айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Себебі Қазақстанның энергетикалық ресурстары Ресей трубалары арқылы Еуропаға жөнелтіледі", — дейді Saxo Bank инвестициялық банкінің жетекші валюталық стратегі Джон Харди.
Saxo Bank қаржы маманының айтуынша, АҚШ Президентінің әкімшілігі Еуропаға Ресейден мұнай мен газдың келуіне кедергі жасау үшін бар мүмкіндігін жасап отыр. Бұл Қазақстан экспортына тікелей әсер етеді.
Теңгенің қуатталуы үшін не істеу керек?
"Қазақстан экономикасына фундаменталды өзгерістер керек. Мұнай бағасына тәуелділік "кілтсіз көлікке иелік етумен" тең. Қазақстан энергетика секторынан түсетін табыс бюджеттің 30-40 пайызын ғана қамтитын деңгейге жетсе, ұлттық валюта жылдам өріс ала алады", — дейді Харди мырза.
Bloomberg мәліметіне орай, Moody's рейтингтік агеттігінің мемлекеттік облигацияларға жасаған талдау сараптамасында Қазақстанның экономикалық тұрақтылығына оң баға берілген. Ол ұлттық қордағы капиталдың жеткілікті мөлшерде болуымен бағаланып отыр. Десе де, Қазақстанның Ресей сынды экономикалық маңызды серіктестеріне бағытталған санкциялар айтарлықтай әсер етеді.
Теңге еркін айналымға шығарылған валюталардың өз позициясын жоғалтуына қатысты рейтингте бестікте жүр. Дағдарысқа төтеп бере алмай жатқан елдер ішінде Мысыр, Әзірбайжан, Нигерия, Аргентина мен Ресей бар. Дереккөзі: Bloomberg
Күзде рубль құнсыздана ма?
"Белгілі бір валютаның құнсыздануы нарықтағы экономикалық құлдыраудың пайда болуына байланысты. Әзірге валюта нарығында тұрақсыздық орта деңгейде тұр. Валюта нарығындағы аймақтық күрделі өзгерістер жоқ", — Джон Харди.
Saxo Bank мәліметіне орай, USD/RUB валюта жұбы күзде 62-64 диапазонында саудаланады. Егер мұнай бағасы маусым айындағы минимум көрсеткішке дейін жетсе, рубльдің позициясы тағы да төмендейді. Бұл теңгеге әсер етпей қоймайды.
"Қазақстан теңгенің бағамын бірқалыпты ұстап тұру үшін мұнай экспортын өзі жүзеге асыруы керек. Яғни мұнайды Еуропаға тасымалдау кезінде Ресей труба тасымалын қолданбауы тиіс. Қазіргі жағдайды ескере отырып, нақты болжам жасау мүмкін емес. Егер АҚШ-тың санкциялары Ресейдің мұнай экспортына қатаң түрде әсер етсе, Ресей Қазақстанның мұнайын шығаруды қысқартуы мүмкін. Сәйкесінше Қазақстан бюджетіне түсетін капитал көлемі азаяды", — дейді Харди мырза.
Saxo Bank болжамы бойынша, Қазақстан мұнайды өзі экспорттауды үйренбесе, жыл соңына дейін USD/KZT валюта жұбы 350 теңгеге дейін төмендейді.
Ж. Өрісбай