ОҚО бюджеті жарты жылда 147 миллиард теңгемен толықты

Оңтүстік Қазақстан облысы жыл басынан бері мемлекеттік қазынаға ең көп қаржы түсірген облыстардың бірі болды. Жалпы есепке орай, соңғы 6 айда облыс бюджетіне 147 миллиард теңге түскен. Бұл туралы ОҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі Алтынсары Үмбеталиев арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Ресми ақпаратқа орай, 2017 жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік бюджет жоспары 106 пайызға орындалған. Белгіленген есеп бойынша, ОҚО мемлекеттік қазынаға 139 миллиард теңге салуы тиіс болған. Облыс басшылығы жоспардағы қаржыны 8,5 миллиард теңгеге көп орындап отыр.

"Аталған сомадан мемлекеттік бюджетке түсуі тиіс қаржы 84 миллиард теңге болған. Біз оны 90 миллиард теңгеге дейін көтердік. Ал жергілікті облыс бюджетіне 58 миллиард теңге көлемінде қаржы түсті. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 2 миллиард теңгеге көп болып отыр", — дейді департамент жетекшісі.

Журналистермен кездесу барысында бюджетті артығымен толықтыруға мемлекеттік органдардың біріге жұмыс істеуі негіз болғаны жайлы айтылды. Облыс бюджетінің ішкі резервіндегі қаржыны тиімді пайдалану арқылы бюджетке қосымша 16 миллиард теңге түскен.