Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттігі төмендеді

Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттігі төмендеді
Фото: weforum.org

Бүкіләлемдік экономикалық форум (БЭФ) аясында жасалатын жаһандық бәсекеге қабілетті елдер тізімі жаңартылды. Қазақстан рейтингте 4 пунктке төмендеп, 57-орынға тұрақтады.

Қазақстанның рейтингтегі орнын жоғалтуы елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғары болуы мен қаржыландыру мүмкіндігінің төмен екендігімен түсіндірілді. Еліміздің жалпы рейтингтегі балы 4,41-ден 4,37-ге дейін құлаған.

Бәсекеге қабілетті ел болуға тежеу болып отырған салық көлемі, нашар инфрақұрылым, қызметкерлердің жеткілікті деңгейде білікті болмауы, инфляция, қылмыс пен ұрлық, мемлекеттік құрылымдардағы еңбек этикасының төмен болуы, үкіметтегі бюрократия, стратегиялық тұрақсыздық, еңбек нарығының қатаң бақылауда болуы, инновацияны енгізу мүмкіндігінің аздығы, шетел валютасын бақылауда ұстауы, медициналық қызметтің төмендігі сынды өзге де факторлар бар.

Ресми мәліметке орай, Грузия 8 пунктке төмендесе, Ресей 5 пунктке жоғарылаған. Әзірбайжан өткен жылғы орнын сақтап отыр. Ал Қырғызстан көрсеткіші жақсарып, 102-орынға көтерілген.

БЭФ рейтингінде әдеттегідей Швейцария, АҚШ, Сингапур, Нидерланды мен Германия көш бастап тұр.

Ж. Өрісбай