Қазақстаннан шетелге шығарылатын қаржы көлемі артқан

Қазақстаннан шетелге шығарылатын қаржы көлемі артқан
Фото: Yurface.ru

2017 жылы қаңтар-тамыз аралығында Қазақстаннан шетелге жасалған ақша аударымдарының көлемі 298 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 25,5 пайызға көп.

Жоғарыда көрсетілген уақыт аралығында шетелден Қазақстанға аударылған қаржы көлемі 191,4 миллиард теңгені құрап, өткен жыл статистикасынан 18,8 пайызға артып отыр. Сәйкесінше, соңғы 8 айда 106,6 миллиард теңге Қазақстан нарығынан шығарылған.

Одан бөлек, халықаралық транзакциялар саны да артқан. Қазақстаннан шетелге жасалған банк аралық қаржы операциялары 19,9 пайызға өссе, кері бағыттағы транзакциялар 15,1 пайызға артқан.

Айта кететін жайт, Қазақстанның ішкі нарығындағы қаржы транзакциялар саны жыл сайын азайып келеді. 2017 жылдың қаңтар айынан тамызға дейін 12,8 миллиард теңге аударылған болса, 2016 жылдағы көрсеткіш 13,8 пайызға (14,8 миллиард теңге) көп болған. Ал 2015 жылы ақша аударымдарының көлемі 29,4 миллиард теңгені құраған.

Сарапшылар Қазақстанның ішкі нарығындағы қаржы транзакцияларының азаюы төлем карталарының танымал бола бастағандығынан екенін айтады. Қазақстандағы екінші деңгейлі 21 банк картадан картаға ішінара аударым жасау қызметтерін ұсынады. 

Ж. Өрісбай