- Негізгі бет
- Бизнес жаңалықтар
- Қазақстандықтар жазғы демалысын...
Қазақстандықтар жазғы демалысын қайда өткізді?
Қазақстанда 2017 жылдың мамыр айынан қыркүйекке дейінгі уақыт аралығында Түркияда демалуды жөн санаған азаматтар қатары 60 пайызға артқан. Бұл туралы Kazunion турагенттігі мәлімдеді.
Туристік агенттіктің мәліметіне орай, Түркия мен Ресей арасындағы өткен жылғы саяси шиеленістің әсерінен Кіші Азия түбегіндегі туристік орындарға сұраныс 48 пайызға төмендеп кеткен болатын. Соның әсерінен Біріккен Араб Әмірлігіне (28%), Грузия (9%) мен Еуропа елдеріне (9%) баратындар саны күрт өскен.
Бұл жылы Мысыр еліне туристік пакет сатып алған қазақстандықтар саны артқан. Мысырдың Қазақстан нарығындағы үлесі өткен жылы 1 пайызды құраса, биыл 14 пайызды қамтып отыр.
Компания мамандарының айтуынша, бұған бірнеше факторлар әсер еткен. Айта кетсек, биылТүркияда демалу құны біршама өскен. Ал Мысыр елінде демалу керісінше қолжетімді болып, Қазақстанның үш қаласынан чартерлік рейспен ұшу мүмкіндігінің ашылуы түрткі болып отыр.
Сонымен қатар, биыл жазда Азияның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі елдерге баруға сұраныс өскен. Бұл аймаққа қызығушылық әдетте қыс кезінде артатын еді.
Kazunion сараптамалық есебіне сенсек, 2017 жылдың жаз айында туристік сапарға шыққан отандастарымыздың 73 пайызын үлкендер, 24 пайызын 2-12 жас аралығындағы балалар, ал 4 пайызын 2 жасқа дейінгі сәбилер құрап отыр. Бір отбасының демалысына жұмсалған ең көп қаржы 48 мың АҚШ долларына тең болған.
Ж. Өрісбай