- Негізгі бет
- Бизнес жаңалықтар
- Қазақстанда қайырымдылық жүйеге...
Қазақстанда қайырымдылық жүйеге қойылады
Қазақстанда қайырымдылық жасауға ынталандыруды күшейту бойынша құқықтық және ұйымдастырушылық шараларын қабылдау керек. Бұл туралы Атырауда «ҮЕҰ-бизнес-мемлекет: ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі» тақырыбымен өткен «ASAR» үшжақты ынтымақтастыңтың І республикалық форумы аясында айтылды.
Іс-шараны ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Атырау облысының әкімдігі ұйымдастырды. Форум жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
Пленарлық сессия барысында қатысушылар бірқатар мәселе бойынша пікір алмасты. Қазақстандағы қайырымдылық: ахуал мен даму векторы туралы пікір алуандығы. Кәсіпкерлерді бизнесті жауапкершілікпен жүргізуге ынталандыру: бизнес пен қоғамға ықпал ету. Туған жердің дамуына әлеуметтік инвестициялар сынды тақырыптар аясында пікір алмасты.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев бүгінде Қазақстанда қолданылып отырған құқықтық әрекеттер жүйелі қайырымдылықтың дамуына мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Алайда қайырымдылық жасауға ынталандыру үшін бірқатар құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар қажет.
«Бизнес-қоғамдастықтың мүддесін қорғап отырған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына материалдық қаржылай көмек сұрап жүгінушілер қатары өте көп. Біз коммерциялық емес ұйым екенімізді түсіну керек. Бірақ біз кәсіпкерлер арасында пікір алмасуды ұйымдастырып, ұсыныстар дайындай аламыз, қайырымдылықтың жүйелі әрі кәсіби дамуы үшін Ұлттық палата «Атамекенім» акциясын бастады. Оның аясында бірнеше әлеуметтік мәселелер тізім дайындау, қайырымдылық пен әлеуметтік инвестицияны ынталандыру шараларын талқылау, тиісті ұсыныстарды дайындау секілді бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Атамекенге деген патриоттық сезім, біздің қоғамдағы өмір сапасына деген жауапкершілікті түсіну акциясын өткізудің серпілісіне айналды», - деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.
Ұлттық палата басқармасы мүшесінің айтуынша Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген туған жерге қолдау білдіруге қатысты идеялары «Атамекен» акциясының негізіне айналды.
Бүгінде туған жерді қолдауда әлеуметтік жұмыстар тізіміне 970 мәселе енгізілді. Аталған тізім сайтта көрсетілген. Тізімде ауылдық жерлерді абаттандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, өмір сүруді жақсарту үшін инфрақұрылымның жоқтығы, су жүргізу мен орталық кәріз жүйесін қайта жасау, жол жөндеу, көлік қатынасы, оқушыларды тасымалдау, шағын балабақша құрылысы, мәдениет клубтарын ашу және т.б. мәселер қамтылған. Мәселені іріктеу мен әлеуметтік мәселелер тізімін дайындау тұрақты түрде жүргізілетінін атап өткен жөн.
Сонымен қатар қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік жайлы кең тарату мақсатында сол мәселелерді шешуге атсалысатын кәсіпкерлер (жұмыс берушілер) туралы ақпараттық кейс қалыптастыру жұмысы жалғасын тауып келеді. Бүгінде кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыруда әрі оқытуда өте жақсы құралға айналатын корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің 240 тәжірибесі туралы кейс жинақталды.
Мұнымен қоса, Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, тағы бір мәселе орын алған – қоғамда қайырымдылық мәдениеті толық қалыптаспаған.
«Дамыған елдерді қайырымдылыққа бала кезден-ақ үйретеді. Бүгінде Қазақстанда еріктілер қозғалысы кең өріс алып келеді – олар қайырымдылық мерекелерін, марафондар, концерттер мен жәрмеңкелер ұйымдастырады. Бірақ бұл механизм әлсіз. Тағы бір өзекті дүние деп кәсіпкерлердің қайырымдылықтың қаржылық жағы туралы ашық ақпарат бермеуін айтар едім. Сондықтан қайырымдылық мәдениетін дамытып, оның тәжірибесін, қоғамға тигізер әсері жайлы айту керек деп есептеймін», - деп атап өтті Басқарма төрағасының орынбасары.
Эльдар Жұмағазиев форумда сөйлеген сөзін аяқтай келе, жеке сектор әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда белсенді екенін және әлеуметтік инвестициялар өңірлерді, білім беру және т.б. салаларды дамыту үшін бағытталғанына назар аударды.
«Бизнестің осы бастамаларына жан-жақты көмек беріп, медиа-кампаниялар ұйымдастырып, үздік тәжірибелер жайлы кеңінен айтып, бизнестің ерікті әлеуметтік жауапкершілік танытудағы белсенділігін ынталандыру қажет», - деді Ұлттық палата басқармасының өкілі.
Сондай-ақ форум барысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бірқатар ұсыныстар білдірді.
«Бүгін айтылған идеялар негізінде біз аса маңызды бағыттарды анықтадық: алдымен, мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ақпарат алмасуды күшейту керек. Екіншіден, қажеттілік жағдайда танысуға мүмкіндік болу үшін қолда бар барлық әлеуметтік жобаның мәліметтер базасын біріктіру керек. Үшіншіден, азаматтық қоғам мен бизнестің өзара байланысына қатысып отырғандардың біліктілігі мен білім деңгейін арттыру қажет. Ол үшін бизнес пен ҮЕҰ өзара байланысы бойынша озық әдістемені қолдануда шеберлік-сыныптарын, семинарлар өткізетін кәсіби жаттықтырушылар шақырылды», - деді министр Нұрлан Ермекбаев.
Форум аясында әлеуметтік идеялар мен жобалардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат кәсіпкерлік субъектілері мен олардың қауымдастықтарын коммерциялық емес ұйымдармен өзара тиімді әрекетін ұйымдастыру саласында міндеттерді жүзеге асыруды шоғырландыру арқылы келешекте Қазақстанда азаматтық қоғам институттарын дамытуға ықпал етуді қарастырған.
Жалпы іс-шара барысында әлеуметтік жобаларды бірге жүзеге асыру үшін бизнес-құрылым мен үкіметтік емес ұйымдар арасында 10 меморандумға қол қойылды. Аталған келісім мен меморандумдар ҮЕҰ мен бизнес арасындағы серіктестікті нығайтады деп күтіледі.
Еске салсақ, 2017 жылдың қыркүйек айында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жалпы республикалық «Атамекенім» акциясын бастады. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында қолға алынып, қайырымдылық мәдениет пен әлеуметтік жауапкершілікті жүйелі дамытуға бағытталған. Акцияның міндеті – меценаттың идеясы мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көпшілікке тарату, ең жақсы инвестиция – туған жердің гүлденуіне және мұқтаж жандарға көмек көрсету екенін көрсету.
М. Ақан