КазМунайГаз авто жанармай бекеттерінде (АЖБ) АИ-92 литрі 141 теңгеден сатылып келген болса, бүгін, 11 қыркүйек, бір литр бензин бағасы 144 теңгеге жетті. Дизель жанармайы да осы бағаға көтерілген. Ал АИ-95 бензинінің литрі 158 теңгеден, АИ-98 литрі 162 теңгеден сатылып жатыр.
Лукойл бекеттерінде АИ-92 мен дизель жанармайлары да 3 теңгеге қымбаттады. Ал АИ-95 бағасы 165 теңгеге дейін көтерілген.
Royal Petrol мен Sinooil жанармай бекеттерінде АИ-92 бензинінің литрі 145 теңгеге дейін қымбаттаған. Бір апта бұрын осы жанармай бекеттерінде литр бензинді 142 теңгеден сатып алу мүмкін еді. Ал АИ-95 бағасы 159 теңгеге дейін қымбаттады.
Helios жанармай бекеттері АИ-92 литрін 145 теңгеден, ал дизель жанармайын 146 теңгеден ұсынып отыр. Ал АИ-95 бензині 159 теңгеден саудаланып жатыр.
АИ-92 бензинінің ең қымбат бағасы Газпром компаниясының жанармай бекеттерінде белгіленген. Небәрі бір литрі 147 теңгеден сатылып жатыр. АИ-95 бензині 168 теңгеге бағаланған.
Айта кетсек, сарапшы мамандар осыдан бір апта бұрын бензин бағасы рубльдің қуатталуына байланысты қымбаттайтынын болжаған болатын. Одан бөлек, теңгенің құлдырауына байланысты кейбір тауарлардың бағасы да қымбаттауы мүмкін екені айтылған еді.
Естеріңізге сала кетсек, бензин бағасы соңғы рет 2017 жылдың наурыз айында қымбаттаған еді. Ол кезде бағаларды бірнеше рет қайта қалпына келтіру процесі жүргізілді.