2017 жылдың 1 шілдесіне орай, Қазақстан территориясында ресми жұмыс істеуге рұқсат алған шетелдіктер саны 27 мың адамды құрады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Министр шетел азаматтарының елімізде еңбек етуіне тарту үдерісі жеңілдетілгенін, бірақ олардың біліктілігіне қойылатын талаптар қатаңдай түскенін мәлімдеді. "27 мың адам Қазақстандағы еңбекке жарамды азаматтардың 0,4 пайызын құрайды",– дейді Тамара Дүйсенова.
Министрдің айтуынша, жаңа еңбек кодексіне қатысты көптеген сұрақтар шешілмей тұр. Мысалы, жұмыс берушілердің барлығы еңбек келісімін жасауы тиіс. 2016 жылы олардың саны 60 мыңға өскен болса да, келісімшарттар саны ол деңгейде көбеймеген. Демек көптеген қызметкерлер жалақыларын арнайы конвертпен алып отыр.
Министрлік берген мәліметке орай, Қазақстандағы үлкен өндіріс орындарының 93 пайызы қызметкерлерімен толық келісімшартқа отырған. Ал орта бизнесте бұл көрсеткіш 89 пайыз болса, шағын бизнестің небәрі 43 пайызы ғана ресми келісімшартпен жұмыс істейді.
"Қызметкерлердің құқығын қорғау мақсатында соңғы 1,5 жылда 154 кәсіподақ құрылды. Сонымен, қазіргі таңда, жалпы Қазақстан бойынша 267 кәсіподақ орталықтары жұмыс істейді. Мәселе олардың қызметкерлер құқығын қаншалықты қорғай алуында болып отыр. Сол үшін кәіподақтар туралы заң қабылдадық",– дейді министр.